Достық пен татулықтың мейрамы

Достық пен татулықтың мейрамы

Елімізде өзге ұлттар арасында ауызбіршілік орнаған


Елімізде бірнеше жылдар қатарынан 1 мамыр – халықтар бірлігі күні болып аталып келеді. Өйткені, Қазақстан көп ұлттың басын қосқан ұлы мекен.

Мұнда 130-дан артық ұлт ғұмыр кешіп жатыр. Олар сонау нәубет жылдары жерімізге қоныс аударып, осында жерсініп қалған жандар.

Міне, осындай жандардың бірі менің бүгінгі кейіпкерім Светлана Тарасова. Оның ұлты орыс. Бірақ қазақ тілін жақсы түсінеді. Өте бауырмал. Жан-жағындағыларды ұлтқа бөлмей бәрімен бірдей сыйласады. Осылайша ол өзге ұлт өкілдерін құрметтейді.

Светлана Қостанай қаласында дүниеге келген. Оның анасы Татьяна облысымызға қарасты Лисаков қаласында өскен. Ал әкесі Леонид болса, Петропавл қаласынан Қостанай шаһарына қоныс аударған. Осылайша тағдырдың жазуымен Лисаковтан келген Татьяна есімді бойжеткенмен отау құрады.

Олардың отбасында үш бала дүниеге келеді. Солардың үлкен Светлана бүгін де Қостанай қаласының тұрғыны. Ол осы өңірде мектеп бітіріп, кейін колледжге түсіп, ветеринар дәрігер мамандығын алып шығады.

Қолына диплом алған соң 2 жыл өз мамандығы бойынша қызмет атқарады. Бірақ кейін кәсібін өзгертіп, сауда саласына бет бұрады. Міне, осы салада жүргеніне де 12 жылдың жүзі болыпты.

Құдай қосқан қосағы Евгений екеуі ауызбіршілікте, сыйластықта ғұмыр кешіп жатыр.
Светлана әрдайым жүрген жерінде «Қазақстан менің Отаным» дейді. Өйткені, дүние есігін ашқан, туған жерін бәрінен де жоғары санайды. Сондықтан болар, ол елімізден көшіп басқа жерде тұру жайында ешқашан ойламаған екен.

Сонымен қатар мұнда тұрып жатқан ұлттардың бір-біріне деген достық қатынасына таң қалады. Қазақстан көп ұлттың басын қосып, солардың арасында ауызбіршілікті үнемі бір қалыпта сақтап отырған мемлекет деп санайды.

Елімізде ұлтқа бөліп, оның кеудесінен итеру деген атымен жоқ екеніне, барлығына бірдей жағдай жасалып, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жататына да қуанады.

Ең бастысы адамның өзінің сана-сезіміне байланысты екенін де жақсы түсінеді. Ал көп ұлтты қойнауына сыйдырып отырған қазақ елінің жергілікті халқы қазақ ұлты өте бауырмал деп біледі.

Кезінде сырттан келген өзге ұлт өкілдерін өгейсінбей құшақ жая қарсы алып, бір тілім нанын бөліп беріп, өздерінің дархан көңілдерін танытқан халыққа әрдайым риза екендігін де жасырмайды.

Осындай қазақтың кең байтақ даласындай болмысын бойына сіңірген Светлана да кең дастархан жайып, құрбы-құрдастарын жинап, өзінің қонақжайлылығын танытады.
Ол міне, бірнеше жылдар қатарынан 1 мамырда өзінің сыйлас та сырлас құрдастарын үйіне қазақтың бешбармағын дайындап, бауырсағын пісіріп, жент пен құртын қойып, дастархан жайып, қонаққа шақырады.

Бұл біріншіден құрбыларының бір-біріне деген сыйластығын арттырып, аталмыш мерекені жоғары деңгейде атап өту үшін маңызды деп санайды.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись