Біздің Қостанай

Отыз оқулық әр саланы қамтиды

Қазақ студенттері әлем студенттері оқитын оқулықпен таныса алады


Менің кезекті мақаламда елбасымыздың жолдауындағы «100 жаңа оқулық» бағдарламасы жайында баяндалған.
Бұл бастама біздің отыз елге қосылу мақсатында жасалып отыр.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында дәрігерлер мен инженерлерден де басқа саладағы мамандардың заманға сай, болашақты түсінетін, гуманитарлық сала мамандары қажет екенін айтып өтті.

Сол себепті тарих, саясаттану, қоғамтану, философия, психология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, медиа, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, инновация ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауды тапсырды. Жаңа оқулықтар гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы жүз оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасайды.

Осы істі қолға алып, жүзеге асыру үшін барлық аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес «Ұлттық аударма бюросы» құрылды. Ол Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жаз айынан бастап іске кірісті. Енді қазақ елінің студенттері әлем студенттері оқитын оқулықпен таныса алады.

Аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарына ұсыныс тасталды. Жергілікті оқу орындарынан аударылуға тиіс 800-ден аса кітап тізімін ұсынды. Тізімдегі кітаптар сараланып нәтижесінде бірнеше рет басылған, соңғы үш жылда шыққан, мазмұны жағынан бейтарап болуы керек деген талаптарға сүйене отырып, 2017 жылға 18 оқулық таңдалып, 2018 жылы аударылды. Жоспар бойынша бұл кітаптар қазақ тіліне аударылып, жоғары оқу орындарына жіберіліп, 2018-2019 оқу жылынан бастап жоғары білім беру жүйесіне енуі тиіс еді. Қазіргі уақытта келесі 30 кітаптың аударма жұмысы жалғасып жатыр. Аударуға Қазақстанның беделді оқу орындары мен 300-ге жуық білікті мамандар ат салысып жатыр, ал мәтіндері бірнеше мәрте әдеби және ғылыми редакциядан өтуде.

Бүгінде аударылған, болашақта аударылатын жаңа оқулықтар қазіргі білімнің нағыз энциклопедиясы болып саналмақ. Бұл жоба біз үшін, болашақ ұрпақ үшін іске асырылып отыр. Бірнеше мәселе жүзеге аспақ. Оқулықтарды аудара отырып тіліміз дамиды, студенттер заман талабына сай гуманитарлық салалар бойынша білім алады, білім деңгейлері әлемнің ғылыми орталықтарының деңгейіне шығады. Бұл аударма жобасы Қазақстандағы аударма мектептерінің жетілуіне, мамандар мен аудармашыларға жаңа бағытта жұмыс істеуге ықпал етеді. Ол үшін біз бұл істің жүзеге асуына ат салысуымыз маңызды рөл атқарады. Бұнымен біз тәуелсіздігімізден бері келе жатқан ғылыми біліміміздің зор екенін дәлелдеп келеміз.

«Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қол жетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады», –деп көшбасшымыз айтып кеткендей, келер жылы оқулықтар білім беру үдерісіне тиімді түрде еніп, оқушылар мен студенттер толығымен таныса алады.

Шетел психологтарының, экономистерінің, философтарының тың идеяларын, әлеуметтану ғылымының негізін салушылардың өмірбаяндарымен, жаңаша термин жинақтарымен, дін саласымен, тіл білімі салаларымен танысып, үлкен мүмкіндікке қол жеткіземіз. Атап айтқанда, Грегори Мэнкьюдің «Экономикс», Джордж Рицердің «Қазіргі әлеуметтану теориясы», Эллиот Аронсонның «Әлеуметтік психологияға кіріспе», Реми Хестің философияға арналған кітаптары, тағы басқалары бар. Бұл оқулықтардың басым көпшілігі бұрын соңды орыс тіліне де аударылмаған жаңа басылымдар.

Келешекте біздің елде білім жағынан жаһандық бәсекеге қабілетті мамандар шығады деп үміттенемін. Бұл болашаққа жасалған зор қадам әрі әлемнің озық 100 туындысын ана тілімізде сөйлету құптарлық дүние дер едім.
Мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалып, қомақты қаржы бөлінген. Енді көп ұзамай, жоспарда тұрған отыз оқулықтар да аударылып, оқу орындарының кітапханасына енгізіледі. Сонымен, жоба жастардың гуманитарлық салаға деген қызығушылығын арттырып, серпін беретін басты бағыттардың біріне айналмақ. Болашақтың рухани дамуының өзегіне айналарына сенімім мол.

Аитина Берекетова


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77