Жерлестеріміз үлкен дайындық үстінде

Жерлестеріміз үлкен дайындық үстінде

І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры Баян-Өлгийде өнер көрсететін болады

Баян-Өлгий аймағының азаматтар өкілдері Құрылтайы Төрағасы Бауыржан Дәлелұлының облысы әкімі Архимед Мұхамбетовке арнайы жолдаған шақыртуымен іс-сапарға аттанатын болады.

Осынау жауапкершілігі мол сапарға драма театрдың ұжымы үлкен дайындық жасауда. Олар Моңғолияның мемлекеттік мерекесіне орай өздерінің өнерлерін жергілікті тұрғындарға паш етпек. Ондағылар да елімізден баратын әртістерді асыға күтуде.

Осыған орай аталмыш театрдың директоры Сабыралы Кемельбаевпен арнайы жолығып, осы іс-сапардың барысымен толық танысып қайтқан болатынбыз.

Оның айтуына қарағанда, Моңғолия еліне өңірімізден 20 адам аттанады. Олардың 16-сы әртістер. Сонымен қатар олар мұнда драматург, жазушы Аскерхан Ақтайдың «Ботағара-Шешенбике» мен Жолтай Әлмашұлының «Мұңмен алысқан адам» спектакльдерін жергілікті халықтың назарына ұсынады.

Бұл спектакілдердің көтеретін тақырыптарына тоқталып өтетін болсақ, «Ботағара-Шешенбике» спектаклі ертеде қазақпен жер үшін шайқасқан Жоңғар халқының арасындағы жағдайды баяндайды. Спектакль барысы онда қазақ жігіті Ботағараға ғашық болып қалған Жоңғар қызы Шешенбикенің екі елдің басын қосып, татуластыруды армандағаны жайында өрбиді. Шешенбикенің әкесі жауға тұрмысқа шыққаны үшін қызын өз қолымен өлтіреді. Сөйтіп, Шешенбике ару аңсаған арманына жете алмай, спектакль қайғылы аяқталады. Міне, осындай мағынасы терең шығарманы Баян-Өлгий жұртшылығы тамашалайтын болады.

Ал «Мұңмен алысқан адам» шағырмасы елінен көшіп шет елде ғұмыр кешкен қария жайында. Ол жас кезінде еліміздегі солақай саясаттың құрбаны болып, еріксіз шет елге қоныс аударуға мәжбүр болады. Шет елде еңбек етіп, отбасын құрып, балаларын қамтамасыз етіп, жақсы ғұмыр кешеді.

Кейін жасы ұлғайған шақта елін, жерін, халқын, дінін сағынып, еліне келіп ғұмыр кешуді армандайды. Оның сол кезде ержеткен байлықта ғұмыр кешіп жатқан бірінші ұлы елге оралмаймын, осындағы өмірім жақсы десе, екінші ұлы өз елімде ғұмыр кешемін деп әкесін алып туған жерге оралады. Спектакльдің берер тәрбиесі өте мол.
Сондай-ақ Моңғолия жеріне іс-сапардың басты мақсаты — қазақ елінің өнерін әлемге таныту. Бұл ретте Қостанай облыстық драма театрының ұжымы өздерінің үлестерін қосып, елімізде театр өнері қаншалық дамығанын көрсетуді өздерінің міндеттері деп есептейді.

Баян-Өлгий өңірінің орталық театрында жерлестеріміз 5-6 күн бойы өздерінің өнерлерін көрсетіп, жергілікті халықтың мәдениетімен танысады.

Бұл сапарға елімізге белгілі Қонысбек Бекайдаров сынды әртістер бастаған жас өнер иелері де аттанатын болады. Айтап айтатын болсақ, мұндағы Ботағараның рөлін Аслан Кенжетай, жоңғардың қызының рөлін Мөлдір Құбаш, Ботағараның досының рөлін Нұрлыбек Кенжеахметов, сондағы батырлардың бірінің рөлін Қуаныш Маратұлы ойнайтын болады.
Бүгінде ұжымы өнерлі, талапты, дарынды жастармен толыққан театрдың жұмысы жылдан-жылға жанданып келеді. І.Омаров атындағы қазақ драма театрының өнерін тамашалау мақсатында шет елдерден де шақыртулар түсіп жатыр. Бұл біріншіден мұндағы әртістердің кәсібилігін, дарындылығын, шынайы өнер иесі екендігін білдірсе, шығармашылық ұжымды үлкен жетістіктерге жеткізіп, ұйымшылдықпен басқарып отырған Сабыралы Байғазыұлының да біліктілігін көрсетсе керек.

Еліміздің мақтанышына айналып отырған театр ұжымына сәт-сапар тілейміз. Әрдайым жұлдыздары биік болып, әлемге таныла берсін.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись