Қазақ айтыс өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық ақыны Әсия Әйіпқызы Беркенова өмірден өтті. Тобыл-Торғай өңірінің ғана емес, тұтас қазақ руханиятының мақтанышына айналған ақынның қазасы өнерсүйер қауым үшін ауыр қайғы.
Еш уақытта қоғамдық және шығармашылық өмірден қол үзбеген айтыстың аққуы Әсия Әйіпқызы өткен жылы 75 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өткен еді. Қостанайда ақын құрметіне «Айдын жырдың аққуы» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылғаны көпшіліктің есінде.
Одан бөлек шәкірт тәрбиелеудегі орны да ойсырап қалары рас. Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университет жанындағы «Өнер» шығармашылық үйіне жетекшілік етіп, ширек ғасыр бойы жастардың талабын ұштауға атсалысып, өнер ордасынан 120 түлек түлетіп ұшырды. Ол жас ұрпаққа ұлттық өнердің қадірін үйретіп, айтыс пен дәстүрлі шығармашылықтың дамуына ерен еңбек сіңірді.
Әсия Әйіпқызы республикалық және халықаралық айтыстардың жеңімпазы, 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған қоғам қайраткері. Еңбегі «Құрмет» және «Барыс» ордендерімен бағаланып, Қостанай қаласы мен облысының Құрметті азаматы атанды.
Халық жадында айтыс өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалған аяулы ақын, ұрпақ тәрбиесіне де айрықша мән берген тұлға. Оның елдік мәселелерді қозғаған өткір жырлары мен ұлттық өнерге сіңірген еңбегі кейінгі буынға рухани мұра болып қала береді.
Марқұмның иманы саламат, жатқан жері жайлы болсын. Жақындары мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз.
«Наш Костанай» редакциясының ұжымы,
сурет облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен
