Салтанатты жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келген зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері, ардагерлер, шәкірттері мен оқырмандары қатысты. Мерекелік кеште ақынның шығармашылық жолы мен ел руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі кеңінен насихатталды
Ақылбек Шаяхмет – ұлттық әдебиет пен журналистиканың дамуына өлшеусіз үлес қосқан, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер. Саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған тұлға ондаған поэзиялық жинақтың, прозалық шығармалардың, драмалық туындылардың және публицистикалық мақалалардың авторы. Оның шығармалары туған жерге деген сүйіспеншілікті, ұлттық құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді дәріптеуімен ерекшеленеді.
Қаламгердің шығармалары тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де танымал. Ол түркі халықтарының әдеби байланысын нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Сондықтан да мерейтойға арнайы келген шетелдік қонақтар Ақылбек Шаяхметтің түркі әлеміндегі беделі ерекше екенін атап өтті.

Әзербайжан Республикасының Баку қаласынан келген ақын әрі түркітанушы Ильгар Тюркоглы мен Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласынан келген ақын Жолдошбек Монолдоров мерейтой иесіне жылы лебіздерін арнап, қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесін жоғары екенін атап өтті.
Ақылбек Шаяхметтің әдебиет пен руханият саласындағы ұзақ жылдық еңбегінің айқын дәлелі – биыл жарық көрген 14 томдық шығармалар жинағы. Көптомдық басылымға ақынның әр жылдары жазылған өлеңдері, поэмалары, драмалық туындылары, публицистикалық мақалалары мен аудармалары топтастырылған. Бұл жинақ қаламгердің сан қырлы шығармашылығын ғана емес, қазақ әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесін де көрсетеді. 14 томдық еңбек – бірнеше ондаған жылдарға созылған шығармашылық жолдың қорытындысы әрі кейінгі ұрпаққа қалдырылған мол рухани мұра.

Ақылбек Шаяхметтің шығармашылығы мен азаматтық болмысы туралы кеш қонақтары да ерекше ықыласпен айтты. Біз де мерейтойға келген көрермендер мен әріптестерінен ақын туралы пікір сұрап көрдік.
Қаламгердің шығармашылығын үлгі тұтып, еңбегіне сүйініп жүрген Әмірхан Әбуов бұл кештен ерекше әсер алғанын айтты:
– Ақылбек ағамыздың шығармаларын жастайымыздан оқып келеміз. Оның өлеңдері туған жерді сүюге, елді құрметтеуге тәрбиелейді. Бүгінгі кештен ерекше әсер алып отырмын. Осындай тұлғаларды дәріптеу – өскелең ұрпақ үшін өте маңызды.
– Мен үшін Ақылбек аға – үлкен ұстаз. Ол кісі жастарға әрдайым қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесін аямайды. Оның шығармашылығы ғана емес, адамгершілік қасиеті де көпшілікке үлгі. Осындай тұлғалардан үйренетініміз көп.
Ағамыздың оқырмандары мерейтой иесіне жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ақжарма тілектерін арнады:
— Ақылбек ағаға ең алдымен мықты денсаулық тілейміз. Әлі де халқына берері көп деп ойлаймын. Қаламы мұқалмасын, шығармашылық шабыттан ажырамасын. Осындай мерейтойлар көп болсын, шәкірттері мен оқырмандарының ортасында аман-есен жүре берсін.
Мерейтой кешінің шарықтау шегі – ақынға көрсетілген айрықша құрмет болды. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов мерейтой иесін құттықтап, ел мәдениеті мен руханиятына сіңірген еңбегі үшін арнайы сый – жаңа «Kia Sportage» автокөлігінің кілтін табыс етті.

Ал кеш соңында бұл қуанышты сәт Жастар сарайының алдында жалғасын тапты. Көлік кілтін табыстау рәсіміне куә болған жұртшылық ақынды ду қол шапалақпен қарсы алып, ұзақ уақыт қошемет көрсетті. Бұл – халықтың өз перзентіне деген шынайы құрметі мен ыстық ықыласының көрінісі еді.

Туған жердің тарихын жырға қосып, ұлт руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің мерейтойлық кеші көрермендерге ерекше әсер сыйлады. «Туған жердің тарланы» атты тағылымды шара тұлғаның шығармашылық жолын ұлықтап қана қоймай, кейінгі ұрпаққа өнеге болған жарқын кездесу ретінде есте қалды.
Томирис Каирбекова, автордың суреті
