Қай тілде білім алу керек? Бұл – баласы мектеп табалдырығын аттағалы тұрған әр ата-ана үшін маңызды таңдау. Соңғы жылдары мемлекеттік тілде білім беруге деген сұраныстың артып келе жатқаны да осы таңдаудың өзгеріп жатқанын аңғартады. Қостанай ауданындағы мектептердегі көрсеткіштер соның нақты көрінісі.
Бүгінде ауданда қазақ тілінде білім алатын балалардың саны артып келеді. Биыл қазақ тілінде білім алып жатқан оқушылар саны 1971-ге жеткен. Бұл өткен оқу жылындағы көрсеткіштен 152 балаға көп.
Қазір Қостанай ауданында барлығы 45 мектеп бар. Соның алтауы толықтай қазақ тілінде білім береді. Бұған қоса аралас мектептердегі қазақ сыныптарында да оқушылар саны өсіп отыр. Яғни мемлекеттік тілде білім алуға деген сұраныс тек қазақ мектептерінің оқушылар санынан ғана емес, аралас мектептердегі қазақ сыныптарының толығуынан да байқалады.
Бір жылда – 152 оқушы
Сандарға үңілсек, бұл үрдістің бір күнде қалыптаспағанын байқауға болады. 2023-2024 оқу жылында қазақ тілінде білім алған оқушылар саны 1742 болса, 2024-2025 оқу жылында 1739 оқушыны құраған. Ал 2025-2026 оқу жылында бұл көрсеткіш 1819-ға жетті. Биылғы оқу жылында қазақ тілінде білім алатын оқушылар саны тағы да өсіп, 1971 оқушыны құрап отыр. Осылайша, бір жыл ішінде көрсеткіш 152 оқушыға артқан.


Бір қарағанда, жай ғана статистикалық сан болып көрінуі мүмкін. Алайда әр санның артында мектепке алғаш қадам басқан бүлдіршін, баласының болашағын ойлаған ата-ана, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын ұстаз тұр. Сондықтан оқушылар санының өсуін білім беру саласындағы сұраныстың маңызды көрсеткіші ретінде қарастыруға болады. Аудандық білім бөлімінің мамандары ата-аналардың балаларын қазақ тілінде оқытуға деген қызығушылығы тұрақты түрде артып келе жатқанын атап отыр.
– Ауданда қазақ тілінде білім алуға деген сұранысты қамтамасыз етуге барлық мүмкіндік қарастырылған. Елді мекендердегі білім беру ұйымдарында қазақ тілінде оқытатын сыныптардың жұмысы жолға қойылған және оқушылардың сұранысына сәйкес білім алуға жағдай жасалған, – дейді аудандық білім бөлімі.
Ресми жауапта қазақ тілінде білім алғысы келетін балаларды қабылдауға мектептерде жеткілікті орын бар екені айтылды. Яғни ата-ананың таңдауы мен мектептің мүмкіндігі арасында алшақтық жоқ.
Қазақ сыныптарына сұраныс жоғары
Қазақ тіліндегі білімге деген қызығушылық толықтай қазақ тілінде оқытатын мектептермен ғана шектелмейді. Аралас мектептердегі қазақ сыныптарының көрсеткіштері де осы үрдісті аңғартады. Ресми мәліметке сәйкес, 2025-2026 оқу жылында аралас мектептердің қазақ сыныптарында 1021 оқушы білім алған. Биыл олардың саны — 1041. Бір жылдың ішінде қазақ сыныптарындағы оқушылар саны 20 балаға өсіп отыр. Көрсеткіш ата-аналардың баласына қазақ тілінде білім беруді таңдауы біртіндеп кеңейіп келе жатқанының белгісі.


Әрине, мектеп таңдауда ата-ана ең алдымен білім сапасына, ұстаздардың кәсіби деңгейіне, баланың қауіпсіздігіне, оқу ортасына және мектептің материалдық жағдайына мән береді. Сондықтан мемлекеттік тілде білім беретін мектептердің саны артқан сайын олардың білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселесі де қатар жүруі тиіс. Қостанай ауданындағы білім беру ұйымдарында педагог кадрларға қатысты тапшылық жоқ екені мәлім. Білім бөлімі қазақ тілінде білім беретін мектептер пән мұғалімдерімен толық қамтамасыз етілгенін хабарлады.
Ол, әрине, қазақ тілінде білім алуға ниетті балалар үшін ғана емес, олардың ата-аналары үшін де маңызды фактор. Өйткені білім беру тілін таңдаумен қатар, сол тілде сапалы білім алуға мүмкіндік болуы қажет.
Бірінші сыныптағы өсім нені көрсетеді?

Қазақ тілінде білім беруге деген сұраныстың ең айқын көрсеткіштерінің бірі – бірінші сыныпқа қабылданған балалардың саны. Мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бала үшін алғашқы таңдау маңызды. Ал ата-ана үшін бұл – баласының келешектегі білім алу бағытын айқындайтын шешім. Сондықтан бірінші сынып оқушыларының қай тілде білім алуды таңдағаны қоғамдағы сұраныстың өзгерісін аңғаруға мүмкіндік береді.
Өткен 2025-2026 оқу жылында 306 бала бірінші сыныпта қазақ тілінде білім алған. Ал 2026-2027 оқу жылында олардың саны 358-ге жетті. Бір жылдың ішінде қазақ тілін таңдаған бірінші сынып оқушыларының саны 52 балаға артып отыр. Көрсеткішке назар аударсақ, қазақ тіліндегі білімге қызығушылықтың жаңа оқу жылында да жалғасқанын көруге болады. Ең маңыздысы – сұранысқа жауап беретін мүмкіндік бар. Білім бөлімі қазақ тілінде білім алғысы келетін балаларды қабылдауға мектептерде жеткілікті орын бар екенін мәлімдеді. Педагог кадрлар мәселесінде де тапшылық жоқ, дейді олар.
Қазақ тілінде білім алушылардың санының артуымен қатар мемлекеттік тілде білім беретін мектептердің желісі де кеңейіп келеді. Аудандық білім бөлімі хабарлағандай, өткен жылы Қостомар ауылындағы жалпы білім беретін мектеп толықтай қазақ тілінде оқытатын мектепке айналған. Ал 2026–2027 оқу жылынан бастап Киров бастауыш мектебі де толықтай қазақ тілінде білім беруге көшіп отыр.

Бір мектептің толықтай қазақ тілінде оқытуға көшуі – ең алдымен сол елді мекендегі білім беру ортасының өзгеруі. Мұндай жағдайда мектеп қабырғасында оқушылардың күнделікті қарым-қатынасы, оқу процесі мен сыныптан тыс іс-шаралар да қазақ тілінде ұйымдастырылады. Осы тұрғыдан алғанда, Қостомар мен Киров мектептеріндегі өзгерістерді тек мектеп атауы немесе оқыту тіліне қатысты әкімшілік шешім ретінде емес, білім беру ортасын қалыптастырудың бір бөлігі ретінде қарастыруға болады.
Сапалы білім — сұраныстың жалғасы
Баланың мемлекеттік тілде білім алуға деген таңдауын қамтамасыз ету тек сынып ашумен немесе оқушыны қабылдаумен тоқтамайды. Оқу кабинеттерінің жабдықталуы, заманауи технологиялардың болуы, мұғалімдердің кәсіби дайындығы, оқу процесінің қолайлылығы – барлығы білім сапасына әсер ететін факторлар. Бұл бағытта Қостанай ауданындағы қазақ тілінде білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары әлі де жалғасуда. Мәселен, 2025–2026 оқу жылында Қадыр Кәрімов атындағы жалпы білім беретін мектеп, Қостомар ауылының жалпы білім беретін мектебі және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік тілде оқытатын жалпы білім беретін мектеп «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен «Ғылым» және «Цифрлық» кабинеттермен жабдықталған. Білім ошақтарына интерактивті панельдер, ноутбуктер және робототехникалық жинақтар берілген.
Заманауи мектепті тек тақта мен оқулықтың айналасына құрылған білім ордасы ретінде елестету мүмкін емес. Цифрлық технология, зертханалық жұмыс, робототехника, жаңа оқу құралдары баланың қызығушылығын арттырып, білім алу мүмкіндігін кеңейтеді.
Сондықтан қазақ тілінде білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту да мемлекеттік тілдегі білімнің сапасын арттырумен тікелей байланысты.

Таңдау өзгерсе, мектеп те өзгереді
Білім беру саласындағы кез келген өзгеріс ең алдымен қоғамдағы сұраныспен байланысты. Қостанай ауданындағы көрсеткіштер де ата-аналардың білім беру тілін таңдаудағы бағытына назар аударуға мүмкіндік береді. 2023–2024 оқу жылында қазақ тілінде 1742 оқушы білім алса, биыл олардың саны 1971-ге жетті. Аралас мектептердегі қазақ сыныптарында да оқушылар саны 20 балаға өсті. Ал бірінші сыныпта қазақ тілін таңдағандар саны бір жылда 306-дан 358-ге артты.

Аталған сандардың әрқайсысы өзінше маңызды. Бірі – жалпы көрсеткішті, екіншісі – аралас мектептердегі сұранысты, үшіншісі – жаңа буынның таңдауын көрсетеді. Әсіресе бірінші сыныптағы өсімге қарап, мемлекеттік тілде білім алуға деген сұраныстың жаңа оқу жылында да сақталғанын аңғаруға болады. Алдағы жылдары бұл көрсеткіштердің қалай өзгеретіні ата-аналардың таңдауына, мектептердің мүмкіндігіне және білім сапасына байланысты болмақ. Аудандық білім бөлімі қазақ тілінде білім беретін мектептер мен сыныптардың санын алдағы жылдары одан әрі арттыруды жоспарлап отыр.
Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суреттерді түсірген Нұржан СМАИЛОВ
