Қостанай облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Нұрлан Ирғизбаев мектеп лигаларының маңызы мен заманауи қаланың келбеті туралы

Нұрлан Мурзагалиевич – Қостанай қаласының тумасы, заңгер, инвестициялық жобалар мен фармацевтика саласында мол тәжірибе жинақтаған басқарушы. Бүгінде ол қоғамдық спорт бастамаларын ілгерілетіп, кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға атсалысып жүр. Сондай-ақ «Әділет» партиясынан Қостанай облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат.

ЖОБАЛАРДАН КОМПАНИЯ БАСҚАРУҒА ДЕЙІН

– Сіз ММУ-дің заң факультетін бітірдіңіз, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты болдыңыз. Еңбек жолыңыз қалай қалыптасты?

– Мен 1987 жылы Қостанайда дүниеге келдім. Осында мектеп бітіріп, кейін Мәскеуге оқуға кеттім. Университетті тәмамдағаннан кейін шамамен 15 жыл бойы Астанада «Самұрық-Қазына» қорының құрылымдарында және «Бәйтерек» холдингінде жұмыс істедім.

Мәселен, «ҚТЖ» компаниясында еңбек еткен кезімде «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жобасына қатыстым. Бұл – «Қазақстан темір жолы», Төтенше жағдайлар министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен бастамасы. Жоба аясында теміржол вагондары негізінде жылжымалы диагностикалық кешендер жасақталды. Олар шалғай елді мекендерді аралап, тұрғындарға тегін медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік берді. Ал төтенше жағдай туындаған кезде мұндай пойыздарды жылжымалы госпиталь ретінде пайдалануға болады.

«Бәйтерек» холдингінде корпоративтік басқару мәселелерімен айналыстым. Сондай-ақ бірқатар даму институттарының, соның ішінде «Даму» қорының, банктік және инвестициялық құрылымдардың жұмысын үйлестірдім. 2020 жылы еңбек жолымды туған жерде жалғастыру үшін Қостанайға оралдым.

– Бүгінде фармацевтика саласында жұмыс істейсіз. Қызметіңіздің сипаты қаншалықты өзгерді?

– «СТОФАРМ» компаниясына бас директордың орынбасары болып келдім, кейін компанияны басқардым. Бұл мүлдем басқа сала болғанымен, заңгерлік және басқарушылық тәжірибем көп көмегін тигізді.

Біздің қызметіміз дәрілік заттарды сақтау және жеткізумен байланысты. Өндірушілермен жасалған 170-тен астам келісімшартымыз бар. Олардың едәуір бөлігі – ірі халықаралық компаниялар. Біз тұрақты түрде халықаралық аудиттерден өтеміз, сондықтан жұмысымыздың сапасын үнемі дәлелдеп отыруымыз қажет. Жуырда кәсіпорын ірі бизнес санатында өткен өңірлік «Адал кәсіпкер» байқауында жеңімпаз атанды. Мен үшін бұл – ең алдымен, бүкіл ұжым еңбегінің бағалануы.

ШЕТ ҚАЛМАУ КЕРЕК

– Депутаттық науқанға алғаш рет қатысып отырсыз. Дегенмен қоғамдық қызметпен көптен бері айналысасыз. Барлығы неден басталды?

– Мен әрдайым спортпен тығыз байланысты болдым, оны дамытуға күш салдым. Өзім джиу-джитсумен айналыстым, қоңыр белбеу иегерімін. Ұзақ уақыт бойы кешкісін спорт залына барып, балаларды тегін жаттықтырдым. Мәскеуде оқып жүрген кезімде, 2008–2009 жылдары қазақ күресінен алғашқы турнирді ұйымдастыруға бастамашы болдым. Кейін Астанада грэпплинг федерациясымен бірлесіп, мектептер жанынан спорт секцияларын аштық. Мен әр баланың өмірлік жағдайына қарамастан, мектептегі оқуын спортпен қатар алып жүруіне мүмкіндік болғанын қалаймын.

Уақыт өте келе спорт инфрақұрылымы мектепке жақын болуы керек деген ойға келдім. Өйткені әр отбасының баласын тұрақты түрде жаттығуға апаруға мүмкіндігі бола бермейді. Мұндай жағдайды өз басымнан өткердім. Астанада үлкен ұлымды күреске апару үшін жолға екі сағат кететін. Жаттығудың өзі бір жарым сағатқа созылады, одан кейін үйге қайтуға тағы екі сағат жұмсайтынбыз. Мұның бәрі мектептегі сабақтан кейін болатын. Әрине, бала шаршайды, жаттығуды жалғастыруға деген құлшынысы да аса жоғары болмады. Мұндай жағдай спортпен айналысуға деген ынтаны арттырмайтыны анық.

Сол кезде спортты неге қолжетімді етпеске деген ой келді. Біз пікірлес адамдармен бірге әр мектепте спорттық өмір, өз командалары мен жұлдыздары болғанын қалаймыз. Бала тек оқуда ғана емес, спортта да өзін көрсете алуы керек. Біздің міндетіміз – білім беру мекемелерінде үлгі болатын жағымды мысалдар қалыптастыру. Мысалы, баскетбол командасының капитаны бар делік. Оны сыныптастары жақсы таниды, құрметтейді, жарыстарда оған жанкүйер болады. Ол мектептің жұлдызына айналады. Мұны көрген басқа балалар да осындай құрметке ие болу үшін спортпен айналысуға ұмтылады. Бұл – әлемдік тәжірибе. Біз оны өз өңірімізде жүзеге асырғымыз келеді. Өткен жылдың соңында «Мектеп лигасы» жобамызды облыс басшылығына таныстырып, Қостанайда пилоттық нұсқасын іске қостық. Бұл бастамаға кешенді түрде қарадық. Мектептерді аралап, оқу орындары арасында футбол, баскетбол және волейболдан командалық жарыстар өткізу идеясын түсіндірдік. Балалармен және мектеп басшыларымен таныстық. Оқушыларға командаларының атауын өздері ойлап тауып, эмблемасын әзірлеуді ұсындық. Арнайы спорттық киімдерге, жалаулар мен барабандарға тапсырыс бердік. Жобаның алғашқы кезеңінің өзінде балалардың белсенді қатысып, қызығушылық танытқанын байқадық. Кейбір мектептерде жанкүйерлер топтары мен черлидинг командалары да құрылды.

– Демек, сіз үшін бастысы – жарыс өткізу ғана емес, оның айналасында тұтас мектеп қауымдастығын қалыптастыру ғой?

– Дәл солай. Біз балаларды спорт пен мектеп мәдениеті арқылы біріктіріп, жарыстарда көзге түскендердің спорттық мансабын жалғастыруына мүмкіндік бергіміз келеді. Өйткені мектеп спорты мен кәсіби командалардың арасында үлкен айырмашылық бар. Соның салдарынан көптеген бала спорттан қол үзіп қалады. Біздің алғашқы нәтижелеріміз де бар. Жобамыздың арқасында бірнеше бала спорттың келесі деңгейіне өтуге мүмкіндік алды. Оларды Марат Даутов құрған жоғары лигадағы «Тұлпар» баскетбол командасына шақырды. Сонымен қатар өзге командалармен тең дәрежеде өнер көрсеткісі келген жекеменшік мектеп футболдан балалар арасында іріктеу өткізді. Нәтижесінде Футбол академиясынан бір баланы таңдап, оған білім грантын берді. Осылайша ол жекеменшік мектепте тегін оқуға, тамақтануға және тұруға мүмкіндік алды. Қазір мектеп басшылығы баскетбол командасын да осындай тәсілмен күшейтуді жоспарлап отыр.

– Сөйтіп, қоғамдық қызметіңізді саяси жұмыспен ұштастыруға шешім қабылдаған кезіңіз келді ғой…

– «Әділет» партиясы құрылған кезде оның бағдарламасымен таныстым. Бағдарламада бұқаралық және ұлттық спорт түрлерінен мектеп және студенттер лигаларын анда-санда емес, тұрақты негізде өткізу туралы тармақ бар екен. Бұл біздің бұрыннан айналысып жүрген жұмысымызбен сәйкес келді. Мүдделеріміздің тоғысатынын түсіндім. Осылайша «Әділет» партиясының мүшесі болдым. Партияның өз жобаларын жүзеге асырып, цифрландыруды енгізіп жатқаны маған ұнайды. Мысалы, жақында бізге «Әділет-365» бағдарламасын таныстырды. Бұл – азаматтардың барлық өтінішін және олардың қалай шешіліп жатқанын көруге мүмкіндік беретін ыңғайлы қосымша. Жасанды интеллект өтініштерді талдап, жүйелейді. Ауқымды жобаларды өз күшіңмен жүзеге асыру оңай емес. Біз демеушілер мен серіктестер іздейміз, өз қаражатымызды да саламыз. Алайда бұқаралық спортты дамыту жекелеген адамдардың бастамасымен ғана шектелмеуі керек. Бұл – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Партия біздің бастамамызды қолдады. Жобаны оның басшылығына таныстырдық, қазір оны бүкіл облыс көлемінде кеңейту жолдарын қарастырып жатырмыз. Келесі қадам облыстық жарыстар өткізу, одан кейін студенттер лигасын дамыту. Спорт – қоғамдық қызметімнің жалғыз бағыты емес. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жұмысына да қатысамын. Компания басшысы ретінде түрлі салалық қауымдастықтардың құрамындамын, заң жобалары мен нормативтік құжаттарға қатысты сараптамалық қорытындылар беремін. Сондықтан депутаттық қызмет мен үшін бұрыннан басталған жұмыстың жалғасы іспетті. Өңірдің мәселелерін көтеріп, олардың шешілуіне ықпал етуге мүмкіндік беретін қосымша алаң пайда болады.

– Ал қаладағы қандай мәселелерді өзіңіз көтергіңіз келеді?

– Мен урбанистикаға қызығамын. Қазір Қостанайда қоғамдық кеңістіктерге көңіл бөлініп, саябақтар салынып, жақында экопарк ашылғаны қуантады. Бұл – облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен қала әкімі Марат Жүндібаевтың еңбегі. Ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен әлі де жетілдіруді қажет ететін бағыттар бар. Мысалы, су бұру жүйесін алайық. Қаламыздың табиғи жер бедерінде жаңбыр және еріген қар суын бағыттауға болатын сай-салалар бар. Неліктен сол аумақтарда су бұру жүйесін ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырмасқа?

«Губка-қала» деген қызықты тұжырымдама бар. Оның мәні  барлық суды бірден кәріз жүйесіне жібермей, топырақтың табиғи сіңіру мүмкіндігін барынша пайдалану. Ол үшін қалада арнайы жасыл аймақтар, жер бедері төмендетілген учаскелер мен су өткізетін жабындар жасалады. Артық су содан кейін ғана су бұру жүйесіне бағытталады.

– Сайлау науқаны аясында тұрғындармен белсенді кездесіп жүрсіз. Сайлаушылар қандай мәселелерді көтереді?

– Мысалы, сауда кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесулерде іскерлік белсенділіктің төмендеуі, салық жүктемесінің жоғары болуы және несие құнының қымбаттығы мәселелері көтерілді. Спорт ұйымдарының қызметкерлері спорт алаңдарының жетіспейтінін, жабдықтарды жаңарту қажеттігін және бюджет қаражатын қарастыру мен бөлуге қатысты басқа да мәселелерді айтты. Мұндай кездесулер пайдалы. Олар мәселелерді жалпылама емес, нақты адамдардың көзқарасы тұрғысынан түсінуге мүмкіндік береді.

ЖЕКЕ ТАҢДАУ

– Сіз жауапкершілігі жоғары қадамға барып отырсыз. Бүгінде сізді кімдер қолдайды?Депутаттық жұмысты, компания басшылығын, қоғамдық жобаларды және отбасын қалай қатар алып жүрмекшісіз?

– Жұбайым – менің басты тірегім. Алты баламыз бар, жақында ұлымыз дүниеге келді. Әрине, отбасы да уақыт пен көңіл бөлуді қажет етеді. Сондықтан қосымша міндеттерді мойныма аларда мұны ескеру керек. Бірақ біз бұған дайынбыз. Мені достарым, пікірлес адамдарым және спорттық жобаларды бірге жүзеге асырып жүрген азаматтар қолдайды. Сонымен қатар жұмысымда тамаша командам бар екенін атап өткім келеді. Қоғамдық жұмыста да көп нәрсе дұрыс ұйымдастыруға байланысты.

Меніңше, өмірім түбегейлі өзгермейді. Бұрын айналысып жүрген мәселелерді енді басқа деңгейде шешуге мүмкіндік туады.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.