Үйлеріміздің қабырғасында үнсіз тұрған мемориалдық тақталар – жай ғана гранит пен темір емес. Олар – өткен күннің өнегесін, батырларымыз бен белгілі тұлғаларымыздың есімін және өткен оқиғаларды бүгінгі ұрпаққа жеткізетін тарихи белгілер.
Алайда уақыт өте келе сол тарихтың өзі өше бастаса не істемекпіз? Жазуы мүжіліп, беті тозған тақталар, сылағы түскен қабырғалар және оны күтіп-ұстауға кім жауапты екенін ешкімнің білмеуі… Қостанайдағы жүзден астам тарихи белгі қалайша заңдық вакуумда қалды?
Тізілімі де, бюджеті де жоқ тарих
Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Қостанай қаласында 107-ге жуық мемориалдық тақта бар. Оның жартысына жуығы, яғни 54-і тұрғын үйлердің қасбеттеріне орнатылған. Логикасы түсінікті: тұлғаның есімін өзі тұрған немесе жұмыс істеген жерінде мәңгілікке қалдыру. Бірақ мәселенің бәрі осы жерден басталады. Себебі салтанатты түрде ашылғаннан кейін бұл нысандардың көбі дерлік ешкімге керексіз болып қалады. Олардың жай-күйін тексеретін, уақытылы тазалап, жөндеуден өткізетін нақты бір мемлекеттік орган жоқ болып шықты.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бұл нысандардың есебі де, оларды күтіп ұстауға бағытталған бюджеті де жоқ екенін ашық айтады. Бұл ресми деңгейде танылған бюрократиялық тығырық.
— Мемориалдық және ақпараттық тақталардың жалпы тізілімін жүргізу бойынша заңнамалық бекітілген өкілеттіктердің болмауына байланысты қалада орнатылған барлық мемориалдық тақталардың бірыңғай тізімі бөлімде жүргізілмейді. Тарихи-мәдени мұра объектілері мәртебесі жоқ мемориалдық тақталарды жөндеуге бюджет қаражатын бөлу заңнамада көзделмеген. Бюджет есебінен жөндеу және реставрациялау бойынша жоспарлы жұмыстар тек мемлекеттік есепте тұрған тарихи-мәдени мұра объектілеріне қатысты ғана жүргізіледі, – дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәуле Әзімжанова.
Осылайша, естеліктерді сақтауға – мемлекеттен нөл теңге бөлінеді. Шенеуніктер тек жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне ресми түрде енгізілген санаулы нысандарды ғана қадағалайды. Ал үйлердің қабырғасындағы қарапайым мемориалдық тақталардың мұндай мәртебесі жоқ. Олар заң алдында кәдімгі үйдің қабырғасына ілінген жарнамалық баннермен немесе кәдімгі темірмен тең болып тұр. Бұл – ұлттық жадымыз бен тарихымызға деген үлкен салғырттық емес пе деген заңды сауал туындайды.
Көшедегі шындық: «Біз бұған міндеттелген жоқпыз»
Онда шаң басқан, жазуы өшкен немесе сыртқы факторлардан зақымдалған гранитті кім тазалап, қалпына келтіруі керек? Заң ғимараттың меншік иелерін нұсқайды. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы № 282 бұйрығымен бекітілген Абаттандырудың үлгілік қағидаларына сәйкес, қасбеттердегі ескерткіш тақталарды таза және жарамды күйде ұстауға тікелей жылжымайтын мүлік иелері міндетті.
Бірақ бұл міндеттеме туралы қостанайлықтардың өздері біле ме? Біз жүргізген рейд көрсеткендей, шынайы өмір министрліктің қағаздағы ережелерінен мүлдем бөлек. Тұрғындар өздеріне жүктелген «тарихи міндеттен» мүлдем бейхабар. Ресми мәліметте жазуы мүлдем оқылмайтын, тозығы жеткен төрт мемориалдық тақта туралы айтылады. Біз осы мекенжайларға арнайы барып, жағдайды өз көзімізбен көрдік. Меншік иелерінің бірі тілдесуден бас тартып, басын ала қашса, екіншілері келісті.

Бірінші нүкте – Пушкин көшесі, 33-үй. Мұнда Қостанайда № 2446 эвакуациялық госпитальдің қалыптасуы мен орналасуына арналған мемориалдық тақта тұр. Ғимарат өте ескі, өткен ғасырдың куәгері. Осы жерде орналасқан «ДОМ» архитектуралық ательесінің жетекшісі Мария Байтурина 90-жылдардың соңында нысанды сатып алғанда, қабырғадағы тақтаға қатысты ешқандай міндеттеме жүктелмегенін айтады.
— Мәдениет басқармасымен ортамызда мына нысанға байланысты міндеттемеге қол қойылған. Яғни, тарихи ғимарат болған соң біз бұл жерді өз қарамағымызға алып, қалыпты жағдайда күтіп ұстауға міндеттелдік. Ал қабырғасындағы мемориалды тақтаға біз ешқандай жауапкершілік алған жоқпыз. Ол үшін бізге ешкім талап та қойған жоқ. Қалай ілініп тұрды, әлі күнге солай тұр. Егер ол сынып қалса немесе жазуы өшіп қалса, оны біз өз есебімізден жөндеуге міндетті емеспіз ғой, – дейді ғимарат иесі.
Бұдан да сорақы жағдай Бородин көшесі, 170-үйдің қабырғасында қалыптасқан. Онда халық ақыны Омар Шипинге арналған ескерткіш тақта орнатылған. Бірақ ол тақта өтіп бара жатқан адамдардың көзіне түспейтін, таса, қараусыз жерде тұр. Ақынның есімі жазылған тақтаны ағаш жапқан, ал мәтіні жақын келіп, үңілсең де көрінбейтін күйде. 12 пәтерлі екі қабатты үй ешбір пәтер иелерінің кооперативі (ПКСК) қарамағында жоқ. Жауапкершілікті кімге ілеміз? Үйдің тұрғындары тарихи белгінің бар екенін де білмейді.
Олар күнделікті өтіп жүрсе де, қабырғадағы тақтайшаны көрмеген.
— Мен бұл мекенжайда тұрып жатқаныма біраз жыл толды. Осы ескерткіш тақта тұрғанын білмеймін де. Оны кім күтуі тиіс, не үшін біздің мекенжайға орналастырды? Егер бұл тақта заң бойынша бізге тиесілі болса, неге бізге ескертпеді? Негізінде белгілі тарихи ескерткіштерді қала аумағында болса, жергілікті билік өз қарамағына алуы тиіс не соны күтіп, қадағалайтын арнайы адамдар жалдауы керек. Себебі бекерден бекер орнатқан жоқ, ол біреуге қойылған ескерткіш қана емес, бүкіл қаланың тарихи жәдігері ғой, – деп Гүлнәр есімді үй тұрғыны таңғалысын жасырмады.
Тұрғындардың уәжі қисынды. Қарапайым халық еліне еңбегі сіңген тұлғалардың тақтасын қалай қалпына келтіру керек екенін білмейді, оған кәсіби реставраторлар мен арнайы қаражат қажет. Оны тұрғындардың мойнына іліп қою қаншалықты дұрыс?
Бюрократиялық пинг-понг
Заң тұрғысынан қарасақ, мәселеде қайшылықтар көп. ҚР Азаматтық кодексінің 271-бабына сәйкес, ғимараттың меншік құқығы жаңа иесіне ауысқан кезде, қасбеттік элементтер мен орнатылған конструкцияларды (соның ішінде мемориалдық тақталарды) күтіп ұстау жауапкершілігі де жаңа иесіне бірге өтеді деп көрсетілген. Яғни, ескі үйден пәтер немесе коммерциялық нысан сатып алсаңыз — сіз тек шаршы метрді ғана емес, тарихи жадты да «қосақтап» аласыз.
Ал жауапты мекеме бұл мәселеде өздерін тек «хат тасушы» ретінде көретінін аңғартады. Олар мәселені шешуге емес, тек ескерту қағаздарын үлестіруге ғана бейімделген.

— Қала ғимараттарында орнатылған мемориалдық тақталардың қанағаттанарлықсыз жай-күйі туралы өтініштер әкімдікке келіп түскен кезде олар тиісті ғимараттардың меншік иелеріне немесе баланс ұстаушыларына қасбеттер мен тақтайшаларды тиісті түрге келтіру қажеттігі туралы хабарламамен жіберіледі, – дейді қалалық бөлім басшысы.
Бірақ бұл тәсіл қаншалықты әділ және тиімді? Ескерткіштердегі жазудың өшуі — жай ғана уақытында шығарылмаған қоқыс сияқты немесе сынған подъезд есігі секілді коммуналдық кемшілік емес. Бұл — қаланың мәдени кодынан, тарихи тамырынан айырылуы.
Егер тақтадағы мәтін оқылмаса, ол өзінің басты ақпараттық, идеологиялық және тәрбиелік мәнін толықтай жоғалтады. Олай болса, оны орнатудың пайдасы не?
Бұл жерде мемлекеттік органдар мен жеке меншік иелері арасында «бюрократиялық пинг-понг» ойыны жүріп жатыр. Әкімдік хат жазады, тұрғындар бас тартады, ал тарих болса қабырғада мүжіліп, өшіп барады.
Түйін орнына
Гранит тақтаны салтанатты жағдайда, лауазымды тұлғалардың қатысуымен, шапалақ ұрып, іліп қою — істің жартысы ғана. Ол сәтте бәрі әдемі: гүл шоқтары қойылады, мақтау сөздер айтылады. Бірақ сол тақтаны келесі ұрпаққа алғашқы қалпында, сауатты әрі бүтін күйінде жеткізу әлдеқайда қиын жұмыс. Бұл мәселені көпқабатты үй тұрғындарының немесе кездейсоқ кәсіпкерлердің ар-ұжданы мен қалтасына қалдырып, өз ағымымен жіберу — қала тарихын баяу жойылуға итермелеу емес пе?
Бұл бағытта ашық әрі жүйелі мемлекеттік бақылау жетіспей тұр. Ең бірінші кезекте, қаладағы барлық аталмыш тақталарға толыққанды техникалық және мазмұндық аудит жүргізілсе игі еді. Олардың нақты жай-күйі анықталып, бірыңғай цифрлық база жасалса мәселенің шешімі шығар ма еді, бәлкім. Ол базада әр тақтаның суреті, мәтіні, орнатылған жылы және оған жауапты тарап белгіленсе дейміз.
Тарихи белгілерді қалпына келтіру үшін балама жолдарды да қарастыруға болады емес пе? Мәселен, бюджеттен тыс қор немесе ірі бизнес өкілдерін тарта отырып, меценаттық бағдарлама құрса, бәлкім мұндай мәселе мүлдем көтерілмес те еді. Қостанайдың дамуына үлес қосқан тұлғалардың есімін қорғау — бүгінгі ұрпақтың тікелей парызы. Естелікке орын берген қала сол естелікті қорғай да білгені абзал.
Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО
