Республика күні қарсаңында Қостанайда Ту тұғырының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Құмар Іргебаев қатысып, тұрғындарды ұлттық мерекемен құттықтады.
Мемлекеттік рәміздерге арналған нысанның ашылу салтанатында қала өнерпаздары өнер көрсетіп, жиналған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.


Облыс әкімі Құмар Іргебаев өз сөзінде жаңа Ту тұғырының ел бірлігі мен тәуелсіздіктің символы ретіндегі маңызына тоқталды.


«Еліміздің тәуелсіздігінің 35 жылдығында Қостанайда мемлекеттік рәміздерімізге арналған Ту тұғыры орнатылды. Оның мәні ортақ – егемен елдің бірлігін, болашаққа деген сенімін паш ету. Биыл қабылданған жаңа Конституция осы жолдағы берік құқықтық негізге айналып отыр. Ата Заңда егемендік пен аумақтық тұтастық, адам құқықтары, заң үстемдігі және ел бірлігі басты орында. Елдегі өзгерістердің басты мақсаты – әділетті қоғам құрып, әр азаматтың өз мүмкіндігін пайдалануына жағдай жасау. Оның тірегі – жауапкершілік пен адал еңбек. Баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын», – деді облыс әкімі.



Салтанатты шара аясында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттау да қарастырылған. Республика күні және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай адал еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі және өңірдің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азамат Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталады.



Биіктігі 45 метрлік Ту тұғыры – Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін, халықтың бірлігі мен ортақ болашаққа деген сенімін бейнелейтін нысан. Республика күні қарсаңында өткен салтанатты рәсім мемлекеттік рәміздерге деген құрметті дәріптеуге арналды.



Ұлту ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Әбіл Дощанов
