21 маусым күні Қостанай қаласында «Моржи» клубының дәстүрлі қайырымдылық фестивалі өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын шара биыл да жүздеген қала тұрғынын, спорт сүйер қауымды және мотоциклшілерді бір алаңға жинады. Фестивальдің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, адамдарды спортқа баулу және ерекше балаларға көмек көрсету үшін қаражат жинау.
Іс-шараны «Моржи» клубының негізін қалаушы, спортшы әрі блогер Артур Алпатов ұйымдастырды. Оның айтуынша, фестиваль бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді және қайырымдылық дәстүрін жалғастыруға бағытталған.


– Біздің фестивальдің негізгі мақсаты – адамдарды спортқа тарту, денсаулықты нығайту және қайырымдылық мәдениетін дамыту. Бүгінгі шарадан түскен барлық қаражат ерекше балаларға көмек көрсетуге жұмсалады. Осындай игі бастамалар қоғамды біріктіріп, жақсылық жасауға үндейді, – деді Артур Алпатов.
Фестиваль бағдарламасы түрлі спорттық және ойын-сауық шараларына толы болды. Алаңға жиналған қонақтар таңғы жаттығуларға қатысып, дене шынықтырудың маңызын насихаттады. Сонымен қатар қатысушылар үшін зумба, йога және басқа да белсенді бағдарламалар ұйымдастырылды.
Шараның ең қызықты сәттерінің бірі мотоциклшілердің көрсетілімі мен мотошеруі болды. Әсем безендірілген мотоциклдер көпшіліктің назарын аударып, көрермендер ерекше әсер алды. Мотоцикл әуесқойлары өз техникаларын таныстырып, қонақтармен еркін пікір алмасты.

Мен де фестивальге қатысып, ұйымдастырушылармен және қатысушылармен бірге жаттығу жасадым. Ашық аспан астындағы жаттығулар ерекше көңіл күй сыйлады. Зумба мен йогаға қатысушылардың қатары көп болды. Алаңда қуанышқа толы атмосфера орнап, әр адам өзін үлкен бір отбасының мүшесіндей сезінді.
Менімен бірге келген құрбым да шарадан ерекше әсер алды. Оның айтуынша, фестивальдегі ең қызықты бөлім мотоциклдердің көрсетілімі болған. Қозғалтқыштардың үні, қатысушылардың шеберлігі мен көрермендердің қолдауы іс-шараның көркін аша түсті.
Фестиваль барысында қатысушылар тек спортпен айналысып қана қоймай, қайырымдылық акциясына да белсенді түрде атсалысты. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жиналған қаражат ерекше балалардың қажеттіліктеріне бағытталады.

Қайырымдылық пен спортты ұштастырған бұл фестиваль Қостанай қаласының қоғамдық өміріндегі маңызды шаралардың біріне айналып отыр. Мұндай бастамалар адамдарды салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын нығайтуға да ықпал етеді.
Аружан Қамбарова, фотоларды фестиваль қатысушылары ұсынды
