Қостанай ауданындағы Айсары ауылдық округіне қарасты Қостомар ауылы бүгінде алыс-жақынға үлгі боларлық оң өзгерістердің орталығына айналып отыр. Небәрі 140 түтіні, 639 тұрғыны бар бұл шағын ауыл соңғы екі жылда сыртқа көшкендердің емес, керісінше, сырттан көшіп келгендердің есебінен еңсесін тіктеп келеді.
Мұнда жас мамандар баспана тауып, көпбалалы отбасы балаларын қазақ мектебіне беріп, жаңа өмір бастады. Қаланың қарбалас тіршілігінен қажығандар үшін Қостомар ауылы бүгін жайлы мекенге айналып отыр. Олардың ортасында, әсіресе, көпбалалы отбасылар мен жастар жетерлік.


Қостомардың басты артықшылығы — бос уәдеден гөрі, күнделікті тіршіліктен көрінетін өзгерістер. Мұнда қазақ тілінде білім беретін мектеп бар, жас мамандарға қолдау көрсетіледі, көшелер асфальттанған және жарықтандырылған, орталықтандырылған су жүйесі жұмыс істейді. Ауылға күніне қаладан 4 мезгіл автобус қатынайды. Бастысы, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі ерекше көзге түседі.
Рухани реформаның басы: Аралас мектептен таза қазақ мектебіне
Қостомар мектебі — ауданда бірінші болып аралас мектеп форматынан толықтай мемлекеттік тілде білім беруге көшкен бірегей алтын ұя.


— Бұл жай ғана бұйрықпен жасалған шаруа емес, ата-аналардың өз қалауымен, арыздары негізінде жүзеге асқан үлкен рухани бетбұрыс. Қазір мектепте 140 бала білім алуда. Биылдың өзінде 1-сыныпқа 15 бүлдіршін қабылданса, даярлық сыныбында — 11, шағын орталықта 17 бала тәрбиеленіп жатыр, — дейді мектеп директоры Руслан Жүсіпбекұлы.
Мектеп дирекциясы тек біліммен шектелмей, ұлттық құндылықтарды да ұлықтауды қолға алған. Домбыра, би үйірмелерімен қатар, жақын арада қазақша күрес секциясы ашылмақ. Ең бастысы, “Қазақстан халқына” ұлттық қорының қолдауымен мектепте заманауи технологиялармен жабдықталған ғылыми және цифрлық кабинеттер жұмыс істеп тұр. Жаңа оқу жылына орай цифрландырылған қазандықтар орнатылып, қыстағы жылу мәселесі де толық шешімін тапқан. Ауыл халқының көпшілігін жұмыспен қамтып отырған да осы — білім ордасы.
«Рахмет, анашым! Біз қазақ сыныбында оқимыз ғой»
Татьяна Колнобрицкая жолдасы Қостомардың тумасы болғандықтан, балалардың болашағын ойлап, отбасымен ауылға қоныс аударған. Төрт баланың анасы бастапқыда балаларын қазақ мектебіне беруге қатысты аздап толқығанын жасырмайды. Бірақ қазір бұл шешіміне өкінбейді.


— Балаларды қазақ мектебіне береміз дегенде басында аздап ойландым. Бірақ жолдасым бұл мектептің өте жақсы екенін, қаладағыдай сыныптар лық толы емес болғандықтан, балаларға тілді меңгеру оңайырақ болатынын айтты. Қазір үш балам мектепте оқиды, кенжем бір жастан асты. Орыс мектебінен келгендіктен, бейімделу әлі жүріп жатыр, — дейді ол.
Татьяна үшін қазақ тілін үйрену балаларының ғана міндеті емес, бүкіл отбасының ортақ ісіне айналған.
— Үйдің қабырғаларына қазақша сөздерді аудармасымен жабыстырып қойып, бірге жаттап, бірге үйреніп жүрміз. Дастарқан басында байқаусызда «спасибо» деп қалсам, ұлдарым дереу: «Рахмет, анашым, біз қазақ сыныбында оқимыз ғой», — деп ескерту жасайды. Ортаншым мен кіші балам қазақ тілінің нағыз жанкүйерлері болып алды. Жалпы, мектепке үйренісу өте жақсы өтіп жатыр, — дейді көпбалалы ана.
Балалардың жаңа ортаға бейімделуі біртіндеп жүріп жатыр. Тәжірибелі ұстаз Меруерт Арыстанғалиқызының айтуынша, өткен жылы сыныпқа келген Михаил мен Алиса қазақ тілін балабақшадан меңгергендіктен, қатарларына тез қосылған. Биыл қаладан ауысқан Артем де зеректігімен көзге түсіп, жаңа ортаға сіңісіп келеді.


Бұл мысалдар ауыл мектебінің мүмкіндігі туралы ғана емес, тіл үйренуге қолайлы орта қалыптастырудың маңызы туралы да ойландырады. Әсіресе, балалар саны аз сыныптарда әр оқушыға жеке көңіл бөлуге мүмкіндік молырақ. Ал ата-ана мен мұғалім бір бағытта жұмыс істесе, тілдік кедергі де біртіндеп еңсеріледі.
Қостомардағы бұл тәжірибе қазақ тілінде білім алуға ниетті отбасылар үшін маңызды. Дегенмен бір ауылдың мысалы бүкіл жүйенің мәселесін шешпейді. Ең бастысы — ата-ананың таңдауына жағдай жасау және өзге тілдік ортадан келген балалардың бейімделуіне қолдау көрсету.


«Жас келсе — іске»: Ауылға жан бітірген жас мамандар
Қостомардың тағы бір бағы — биыл мектепке иық тіресе келген үш бірдей жас маман. Соның бірі — ауыл тынысына бірден бейімделіп кеткен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мадина Салымбай.
— Мұнда бос жұмыс орны барын көріп, бірден тәуекел етіп келдім. Бейтаныс ортадан немесе ауыл өмірінен еш қорыққан жоқпын. “Жас келсе — іске” дейді емес пе? Ұжым өте жылы қарсы алды, директор үй табуға көмектесті. Қазір бір апаймен бірге тұрамын, баспанам тегін. Өзім ауылда өскендіктен бе, маған бұл жер өте ұнайды. Ауасы таза, табиғи, ең бастысы — адамдары мейірімді, жасандылық жоқ. Еңбек жолымды осы жерден бастағаныма қуаныштымын, балалармен де тез тіл табысып кеттік, — дейді ол ақжарқын кейіпте.

Ал Федоров ауданынан қол ұстасып келген жас жұбайлар — Шалқар Жоламан мен Лейла Сәрсенбаеваның әңгімесі кез келген жасқа үлгі боларлық. Шаңырақ көтергендеріне небәрі 5 ай болған жас отбасы Қостомарды өз үйіндей көріп үлгерген. Спорт мамандығын бітірген Шалқар қазір педагог-ұйымдастырушы әрі аға тәлімгер.
— Басында бағымызды сынап көрейік деп келгенбіз, енді осы ауылда біржола қаламыз деп шештік. Ауыл адамдарының қолдауы ерекше. Қазір жалдамалы үйде тұрып жатырмыз, келер жылдың басында жас маман ретінде мемлекеттік бағдарламамен үй алуға құжат тапсырамыз. Біз қалада да тұрып көрдік, бірақ салыстырмалы түрде ауыл әлдеқайда дұрыс. Ауылға жаңа серпін, жаңа даму үшін жастар өте қажет, — дейді Шалқар.
Иті үрмейтін таза ауыл және шешімін күткен мәселелер
Көпбалалы ана Татьянаның айтуынша, Қостомар — өзі көрген ауылдардың ішіндегі ең тазасы.
— Мұнда көшеде қаңғыбас иттерді мүлдем көрмейсің, әр үй өз ауласын тап-тұйнақтай етіп ұстайды. Бізге ұнап жатыр, бірақ бір кемшілігі, ауылда балалар ойнайтын алаң жоқ. Балалар мектеп пен үйдің және дүкеннің ортасында ғана жүріп кейде зерігеді. Сондай-ақ, кейбір тұрғындардың малды бақташысыз көшеге қоя беруі ыңғайсыздық тудырып отыр, — дейді ол.
Ең басты түйткіл — ауылда да, мектепте де медицина қызметкерінің жоқтығы. Мектептегі медкабинет толық жабдықталғанымен, маман жоқ. Айсары ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Абылайхан Закировтың айтуынша, мемлекет тарапынан маман тарту үшін үлкен жеңілдіктер қаралған:
— Ауылға келетін медицина қызметкерлерін қолдау үшін 100 АЕК (432 500 теңге) мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы төлеу және баспана сатып алу үшін 2000 АЕК (8 650 000 теңге) көлемінде төмен пайызбен бюджеттік кредит беру көзделген. Маманның болмауы тұрғындарға үлкен қолайсыздық тудырып отырғаны рас, сондықтан бұл мәселені тезірек шешуге тырысып жатырмыз, — дейді ол.
Иманға беріктік

Осыдан төрт жыл бұрын ауылда Қостомар мешіті салынды. Еш демеушісіз, ешбір жалдамалы құрылысшысыз ауыл азаматтарының білек күші мен “мен мұсылманмын” деген әр азаматтың ықылас-ниеті арқасында сыйымдылығы 100-ден асатын көркем мешіт пайда болды. Құрылыстың басы-қасында жүрген ұйымдастырушылыққа бейім Медет Байзақов «көп түкірсе көл» деген сөздің мағынасына осы кезде көз жеткізгендей.
— Мешітті салған да, жобалаған да, қаржатын берген де халық. Айта кетерлігі, құрылыс басталады дегенді естігенде Қостомар түгелі Қостанайда болмаған Атыраудың Құлсары деген жерінен Гүлби Қуанышбайқызы үлкен сомма жіберді. Ауыл адамдары да сиырларын, жылқыларын, ақшалай да беріп жатты. Бір «әттең-айы» әзірге имам жоқ. Осы кезге дейін келген имамдар көп тұрақтамады, — дейді Медет.
Болашаққа хат
Қостомарда он жылдан астам уақыт бойы үзіліссіз жұмыс істеп тұрған орталықтандырылған су құбыры бар, көшелері жарықтандырылған. Ішкі 7 көшенің 4-еуіне асфальт төселсе, қалған 3 көшеге де кезек жетері анық. Облыс орталығымен тұрақты автобус қатынасы орнаған.
Ең бастысы, Қостомардың болашағы — оның 160 баласында және ауылға тұрақтап, еңбек етуге келген жас мамандарында. Ана тілінің туын тіккен бұл ауыл, қиындықтарды бірлесе еңсеріп, ертеңіне нық қадам басып келеді.
Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО
