Облыс орталығында жаңа оқу жылында 3 637 бала бірінші сыныпқа қабылданды. Оның 1134-і қазақ сыныптарын таңдаған.
Бұл тек статистикалық көрсеткіш емес, ата-аналардың білім беру тіліне қатысты таңдауында өзгеріс бар екенін көрсететін маңызды тенденция. Әсіресе бұл үрдіс мектеп табалдырығын алғаш аттайтын балалар арасында анық байқалады.
Бірінші сынып — өзгерістің көрсеткіші
Білім саласындағы өзгерісті ең алдымен бірінші сыныпқа баратын балалардың таңдауынан байқауға болады. Себебі мектепті ата-ана таңдайды, ал бірінші сыныптағы тілдік орта көбіне отбасының білім беру бағытына деген көзқарасын көрсетеді.
Ресми мәлімет бойынша 2026-2027 оқу жылында Қостанай қаласында бірінші сыныпқа 3637 бала қабылданса, оның 1134-і қазақ сыныбын таңдаған. Ал 2024-2025 оқу жылында қазақ сыныбына барған бірінші сынып оқушыларының саны 934 болған. Осылайша екі оқу жылының ішінде қазақ сыныбын таңдаған балалар саны 200 оқушыға көбейген. Бұл — шамамен 21 пайыздық өсім.
Қостанай облысы Білім басқармасының мектепке дейінгі және орта жалпы білім беру бөлімінің басшысы Бағила Ибраеваның айтуынша, мұндай көрсеткіш бұрын болмаған.
— Мен білім басқармасында 20 жылдан бері қызмет етіп келемін. Бұрын қазақ сыныптарына сұраныс дәл бүгінгідей жоғары болған жоқ. Қазір көрсеткіштің артып келе жатқанын мақтанышпен айта аламын. №31 мектептегі бала саны — ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Аэропорт шағын ауданындағы №32 мектеп алғаш ашылғанда оқушы санын қалай толықтырамыз деп ойлаған едік. Алайда қазір мұнда да оқушылар саны артып келеді, — дейді ол.
Облыстық білім басқармасында қазақ тіліндегі білімге сұраныстың артуын бірнеше фактормен байланыстырады. Соның ішінде ата-аналардың мемлекеттік тілдің маңызын түсінуі, қазақ тілін меңгеруге деген қоғамдық сұраныстың күшеюі, қазақ тіліндегі білім беру сапасының жақсаруы және ұлттық ортада тәрбиелеуге деген ұмтылыс басым.

Қостанай ұзақ жылдар бойы орыс тілді қалалардың қатарында аталып келгені белгілі. Сондықтан облыс орталығындағы қазақ мектептеріндегі оқушы санының өсуі білім саласындағы ғана емес, қоғамдағы тілдік сұраныстың өзгеріп келе жатқанын да аңғартады. Бүгінде Қостанай қаласында 37 мектеп жұмыс істейді. Оның 10-ы — қазақ тілінде білім беретін мектеп, тағы 7 білім беру ұйымы аралас тілде оқытады.
Қазақ тіліндегі мектептер желісі соңғы жылдары жаңа білім беру нысандарының ашылуы есебінен де кеңеюі мүмкін. 2025 жылы Береке және Аэропорт шағын аудандарында қазақ тілінде білім беретін екі «Келешек мектебі» ашылды. Аэропорт шағын ауданында орналасқан №32 мектеп 900 оқушыға арналған. Мектеп алғаш ашылған кезде оқушы санын қалай толықтырамыз деген мәселе болған. Алайда бүгінде мұндағы оқушылар саны артып келеді. Ал Береке шағын ауданындағы №31 мектептің жағдайы бұдан да айқын. 1 200 оқушыға арналған білім ордасында биыл екінші жыл қатарынан жеті бірінші сынып жасақталды. Өткен жылмен салыстырғанда бірінші сыныпқа қабылданған балалар саны тағы 10 балаға артқан. Биыл мектеп табалдырығын 190-нан аса бүлдіршін аттап отыр.
2022-2023 оқу жылында А.Бірімжанов атындағы жалпы білім беретін мектеп толықтай қазақ тілінде білім беретін мектепке ауыстырылғаны да сұраныстан туған қажеттілік. Алайда құзырлы мекеме қазіргі уақытта қазақ мектептерінде орын тапшылығы жоқ екенін айтады. Яғни бүгінгі сұраныс қолданыстағы мектептердің мүмкіндігімен қамтамасыз етіліп отыр. Алайда бұл жағдай алдағы бірнеше жылда өзгеруі мүмкін.
Аралас мектептерде жағдай қалай?
Қазақ тіліндегі білімге деген қызығушылық тек қазақ мектептерімен шектелмейді. Аралас мектептердегі қазақ сыныптарының оқушы саны да өсіп келеді. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өткен оқу жылымен салыстырғанда аралас мектептердегі қазақ сыныптарында білім алатын оқушылар контингенті 145 балаға артқан. Бұл көрсеткіш маңызды. Себебі ата-аналардың қазақ тілінде білім алуға деген таңдауы арнайы қазақ мектептеріне ғана емес, аралас мектептердің ішіндегі қазақ сыныптарына да бағытталып отырғанын аңғартады.
Сонымен қатар Қостанайда бұрын тек орыс тілінде білім берген мектептерді біртіндеп аралас мектептерге ауыстыру жұмысы жүргізілуде. Мысалы, 2022–2023 оқу жылында физика-математикалық лицей қазақ тілінде бірінші сынып қабылдап, аралас мектеп мәртебесіне көшті. Демек, өзгеріс мектептердің санында ғана емес, олардың ішкі құрылымында да жүріп жатыр.
Сұраныс артса, мұғалім мәселесі қалай шешіледі?
Қазақ тілінде білім алатын оқушылар санының артуы педагогтерге деген қажеттілікті көбейтері анық. Қостанай облысы Білім басқармасының мектепке дейінгі және орта жалпы білім беру бөлімінің басшысы Бағила Ибраеваның айтуынша, қазіргі уақытта Қостанай қаласында жалпы педагог кадрлар тапшылығы жоқ және бос лауазымдарға конкурстар аяқталған.

— Дегенмен оқушылар контингентінің өсуі ұзақ мерзімде жаңа кадрларға қажеттілікті қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан қазақ тілінде сабақ беретін білікті мұғалімдерді даярлау және мектептерге тарту мәселесі алдағы жылдары өзекті бағыттардың біріне айналуы ықтимал. Әсіресе жаңа мектептер саны көбейген жағдайда маңызды, — дейді ол. — Бұл мәселе қадағалауда тұрған сұрақтың бірі. Осы мақсатта 2026-2030 жылдарға арналған мемлекеттік тілде білім алушылар мен тәрбиеленушілер санын арттыру жөніндегі қалалық білім бөлімі Жол картасын әзірледі.
Бұл жерде балабақшадағы тілдік орта мен мектептегі білім беру тілі бір-бірімен тығыз байланысты. Егер бала мектепке дейін қазақ тіліндегі ортада тәрбиеленсе, оның кейін қазақ сыныбын таңдау ықтималдығы да артуы мүмкін.
— Сондықтан алдағы жылдардағы көрсеткішті тек мектеп оқушыларының саны арқылы емес, мектепке дейінгі ұйымдардағы қазақ топтарының динамикасымен бірге қарау маңызды, -деп ой түйіндеді Бағила Нұрәліқызы.
Бұл үрдіс тұрақты ма?
Қостанайдағы қазіргі көрсеткіштер қазақ тіліндегі білімге сұраныстың бір күндік құбылыс емес екенін аңғартады. Соңғы бес жылдағы жалпы өсім, бірінші сыныптағы қазақ сыныптарын таңдайтын балалар санының артуы және аралас мектептердегі қазақ сыныптарының контингентінің көбеюі — бір бағыттағы бірнеше көрсеткіш.
Бірақ бұл үрдістің қаншалықты ұзақ мерзімді болатыны бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, қала халқының және жаңа шағын аудандар тұрғындарының демографиялық динамикасы маңызды. Екіншіден, жаңа мектептердің қай тілде білім беретіні сұранысқа сәйкес жоспарлануы қажет. Үшіншіден, оқушы саны артқан сайын білім сапасын сақтап қалу және білікті қазақ тілді педагогтермен қамтамасыз ету мәселесі алдыңғы қатарға шығады.
Қостанай үшін бүгінгі негізгі мәселе қазақ мектептерінде орын жетіспеуі емес, өсіп келе жатқан сұранысты алдын ала болжап, білім беру инфрақұрылымын соған бейімдеу болып отыр. Ал бірінші сыныпқа қазақ сыныбын таңдаған балалар санының екі жылда 200 оқушыға артуы — сұраныстың нақты көрінісі. Егер қазіргі динамика сақталса, алдағы бес жылда Қостанайдағы білім беру картасында қазақ тілінің үлесі бұдан да айқын болуы мүмкін. Ендігі міндет — сандық өсімді сапалы біліммен қамтамасыз ету.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
суреттерді түсіргендер
Әбіл ДОЩАНОВ,
Нұржан СМАИЛОВ
