А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-де ҰОС ардагері, ұстаз, журналист, айтыскер ақын Қасымхан Алдабергенов жайлы «Ғасыр ардагері: Қасымхан Алдабергеновтың өмір жолы, қоғамдық қызметі және рухани мұрасы» атты монография көпшілікке таныстырылды. Жаңа кітаптың тұсауын қария қызмет еткен «Қостанай таңы» газетінің ардагер журналистері Дәмір Әбіш пен Жайберген Болатов кесті.

Ғылыми еңбекті авторы – тарих ғылымдарының магистрі Әсел Құлмағамбетова және осы оқу орнының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Эльмира Наурызбаева.


— Кейде тарихты кітаптан оқимыз, ал кейде тарихтың өзі көріп, оның қолын ұстаймыз. Қасымхан ақсақал – осындай тірі тарихтың көзі, бір адамның ғұмыры арқылы тұтас бір ғасырдың шежіресін көруге болатын тұлға. Ол талай тарихи кезеңді көзімен көріп, ел өміріндегі сан алуан өзгерістердің куәсі болды. Ең бастысы – ұзақ ғұмырын туған еліне қызмет етуге арнады. Бұл кітапты жазу барысында біз бір адамның өмір жолын ғана зерттеген жоқпыз. Бір дәуірдің тарихына үңілдік, – дейді Әсел Құлмағамбетова.
Осы ғұмырды ғылыми тұрғыдан зерделеу идеясы бір жарым жыл бұрын басталған. Әсел Жұмағалиқызы бұл тақырыпты алғаш рет магистрлік диссертация тақырыбы ретінде зерттеп, ардагердің өзімен сұхбаттасып, мұрағаттардан деректер жинақтаған. Диссертацияны қорғау рәсіміне ақсақал да қатысып, сол кезде осы еңбекті кітап етіп шығарып, қарияның қолына ұстату туралы уәде берілген, Бүгінде сол уәде орындалып, ғылыми еңбек ардагердің 101 жасқа толған шағында оқырманға жол тартты.


– Бұл тақырыпты таңдаған кезде ең алдымен Қасымхан атамен сөйлесіп, оның өз аузынан өмір жолын тыңдадым. Кейін зерттеу жұмыстары Қостанай, Жітіқара қаласының мұрағаттарында жалғасты. Себебі Қасымхан ардагердің балалық және жастық шағы Жітіқара өңірімен байланысты. Табылған материалдар негізінде деректер хронологиялық тәртіпке келтірілді. Монографияны дайындаудың соңғы кезеңі де аз уақытты алған жоқ. Еңбектің ғылыми мазмұнын сақтай отырып, оның стилистикалық тұрғыдан бірізді болуына үш айдай уақыт жұмсалды, – дейді Әсел Құлмағамбетова.
Қасымхан Алдабергеновтің ғасырлық ғұмыры ел басынан өткен тарихи кезеңдермен сабақтас. Балалық шағындағы қиындықтар, ашаршылықтың зардабы, соғыс жылдары, соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру кезеңі, ұстаздық қызметі, журналистикадағы еңбегі, ақындық өнері және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңі – барлығы оның тағдырында тоғысқан.

— Біздің мақсатымыз – кейіпкеріміздің ғасырлық ғұмырын ғылыми деректер арқылы зерделеп, жеке адамның тағдыры мен ел тарихының қалай тоғысатынын көрсету. Өйткені тарих тек мемлекеттер мен ірі саяси оқиғалардан тұрмайды. Тарих – сол дәуірде өмір сүрген адамдардың тағдыры. Осындай азаматтардың өмір жолын зерттеу арқылы біз өз тарихымызды тереңірек түсінеміз, – деді ғылыми жетекші Эльмира Наурызбаева.
Еңбектің тағы бір ерекшелігі – зерттеу нысаны болып отырған тұлғаның көзі тірі болуы. Ғасырдан астам уақыт елмен бірге жасап, талай тарихи кезеңді көзімен көрген Қасымхан Алдабергеновтің өмір жолы енді ғылыми еңбек ретінде ЖОО кітапханаларына жол тартпақ.
Назгүл Азатқызы
Суретті түсірген
Константин Вишниченко
