Қостанайда футболдан кәсіби әйелдер командасының құрылғанына екі жыл.
Спорт үшін, әрине, өте аз уақыт. Дегенмен ел бойынша 19 әйелдер құрамасының ішінде көрсеткіштері жағынан 5-ші орында болу — қажырлы еңбек. Жыл басында командаға капитан болып тағайындалған Полина Осиповамен сөйлесіп, әйелдер футбол құрамасының ерекшеліктері, жетістіктері мен қиындықтары жайлы сырластық.
Менің анам — менің қолдаушым
— Полина, өзің және отбасың жайлы аздап ақпаратпен бөлісе отырсаң…
— Мен қостанайлықпын. Осы жерде туып, 8-ші сыныпқа дейін №19 мектепте білім алдым. Кейін Астанадағы спорт мектебінде футбол бағыты бойынша оқыдым. Әрі қарай колледжде жаттықтырушы мамандығын алдым. Қазіргі уақытта кәсіби деңгейде өнер көрсетіп жүрмін. Жасым жиырмада, ал футболға қадам басқаныма 10 жылдан асты. Тоғыз жасымнан бастап үйдің алдындағы алаңда доп ойнауды бастадым. Маған қатты ұнайтын. Анамның айтуынша, мен қыз бала ретінде қуыршаққа жақын болмаппын.
Үнемі конструктор құрау, лега сияқты ойыншықтарға құштар екенмін. Менің қолдаушым да қорғаушым да анам. Осы футболды таңдағанда да әр жарақатыма уайымдап, алаңдайтын. Әлі де солай. Астанаға оқуға кетіп бара жатқанда да «ештеңеден қорықпа, сенің қолыңнан бәрі келеді» деп қанаттандырды. Анамның сөздері маған әр ойын алдында қуат береді.
— Кәсіби, кәдімгі футбол құрамасында ойынды қашан бастадың? Алғашқы рет үлкен алаңға шыққан сәтің есіңде ме?
— Құрама мүшесі ретінде ойынды «Тобыл» әйелдер футбол клубында бастадым. 2019 жылы 2005-2006 жылғы қыздар арасында Қазақстан Республикасының Чемпионаты басталды. «Тобыл» футбол клубы соған қатысты. Нәтиже көрсету қажет болды. Ойын барысында көзге түсіп Қазақстан футбол құрамасына өттім. Ел аумағынан тыс осы құрамда шетелдіктермен де ойнап жүрміз. Соңғы рет Уэльс футбол құрамасымен (Уэльс — Ұлыбритания құрамындағы ел, оның әкімшілік бірлігі — авт.) бақ сынастық.

Бұрын елордада оқығандықтан мен арасында «Астана» әйелдер футбол командасы үшін де ойнап жүрдім. Мықты жаттықтырушылармен жұмыс жасадым. Қостанайда матч өтетін болса оған да қатысатынмын. Командамыздағы ең үлкендері 19 жаста болды. Менің жасым ол кезде 15-те. Футболға нық қадам басқан шағым. Ол кезде бүгінгідей кәсіби құрам жоқ. «Тобыл» әйелдер футбол командасы болып, арнайы құрам жасақтап, келісімшартпен жұмыс жасап жатқанымызға екі жыл ғана. Құрамда 20 қыз бар, ішінде елдің өзге қалаларынан тек бесеу.
Қостанайдың әйелдер футбол құрамасының нәтижесі жақсы. Еліміздегі 19 әйелдер футбол командасы бар. Олар Оңтүстік пен Батыс және Солтүстік пен Шығыс деп екіге бөлінеді. «Тобыл» ӘФК Солтүстік пен Шығысқа жатады. Біздің команда көрсеткіштер бойынша 5-ші орында.
— Футболда жасқа шектеу бар ма?
— Шектеу жоқ. 40-қа жетіп қалған ойыншы әйелдерді білемін. Отбасылы, балалары бар. Менің ойымша, егер сенде қолдау және арқа сүйер адамың болса, ылғи қанаттанып еркін жүресің. Нәзік жандардың қолын қақпаса, ешкім кедергі болмаса, әйелдің алмайтын қамалы жоқ. Мен де нәтиже мен ниет болып тұрғанда ойнаймын.
Топқа бағыт, іске нәтиже
— Сен команданың капитанысың. Әйелдердің арасында жол нұсқаушы болған қаншалықты ауыр? Не дегенмен «қисық қабырға» деген теңеудің иесіміз.
— Иә, жауапкершілік бар жерде ауыртпашылық болады. Ең алдымен мен командамды алдағы жоспарлы матчтарға дайындау, оларға мотивация беру, көшбасшы әрі үлгілі болу керекпін. Әйелдер командасы болған соң жаттығуға кедергі болатын көңіл-күй бар, эмоция бар. Бірақ футболдағы жауапты кезеңдер кезінде жаттықтырушының өзі «алаңға шыққанда айналаңды ойлама» деп ескертіп жатады. Жыл басында осы жауапкершілік маған жүктелгенде қорқыныш болды. Бірнеше рет бас тарттым. Содан кейін топтағы қыздар «қолыңнан келеді, байқап көр» дей берген соң, келістім. Енді бақыласам, команданы тәрбиелеу, дисциплинаны сақтау жұмыстарын жүргізу арқылы өзімді де біраз шыңдағандаймын.

— Үлкен жеңілістер болған тұста өз құрамыңды қалай жігерлендіресің?
— Мен жеңілісті үлкен спорттың бір кішкентай кезеңі деп санаймын. Сондықтан қыздарға да жеңіліссіз жеңіс болмайтынын айтамын. Әр ойын үлкен тәжірибе және жеңіс үшін жасалған бір қадам. Ұтылысты жас ерекшеліктеріне байланысты команда мүшелері әртүрлі қабылдайды. Олардың жастары 17-і мен 24 жас аралығында. Мұндай кезде бір отбасындай апасы сіңілісіне айтатын ақылдары мен кеңестері болады. Өзім де «Тобыл» әйелдер футбол клубы кәсіби деңгейде ойнауды бастамайынша «Астана» құрамында, Қазақстан футбол құрамасында ойнадым. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін түсіндім. Әр жеңіліс — тәжірибе. Мен топқа капитан болғалы 17 ойын ойнадық. Бәрінде бірдей жоғары нәтиже көрсету мүмкін емес.
— Жуырда, 24-тамыз күні Қостанайда әйелдер арасында футболдан кездесу өтті. Нәтиже қандай?
— Иә, біз Семей қаласының «Елімай» әйелдер футбол клубымен кездестік. 2:0 ұтылдық. Өз шаңырағымызда нөл нәтиже көрсету өте ауыр. Қандай кемшіліктер болды, эмоция… Білмеймін. Жыл басынан бері жаңа кезеңге төрт ай дайындық қызу жүріп жатыр. Маусымды «Астана» әйелдер футбол командасымен ойнап бастадық. 1:0 ұпаймен жеңдік. Әрбір кездесулерден кейін бір күн демалыс, яғни қалыпқа келуге беріледі. Екінші күні қайтадан жаттығулар жалғасады. Адам үшін ең қымбат денсаулығың мен уақытыңды арнайсың. Бұл спорт. Жеңіс үшін жаттығу маңызды. Тоқтамай үздіксіз жаттығып жүрсек те кейде ойын ойдағыдай болмайды. Оған түрлі факторлар себеп болуы мүмкін.
Жанкүйерің — жігерің
— Жанкүйерлерің көп пе немесе қаншалықты танымалсыңдар?
— Әйелдер футболы елімізде енді дамып келеді. Оның танымалдылығы да артуда. Бізде шетелдік футбол құрамаларымен иық тіресуге мүмкіндік бар. Әрине, қазір кездесулер өткізсек ата-аналарымыз, таныстарымыз жанкүйер болып келеді. Әлі өз аудиториямыз жиналған жоқ. Кіру тегін, ниет білдіріп келгендерге есік ашық. Алайда толық алаң жинап жүрміз деп айта алмаймын. Жанкүйерлердің саны артса қуанар едік. Кез келген спортшы өзін қолдайтын жандарды күтеді және солардың көңілі мен үмітін ақтау үшін барын салады, олардың қолдауымен қанаттанады. Біз қашан да ойын алдында алаңға алаңдап қараймыз, күтеміз.
— Осы спорт түрі бойынша жеке басыңның жетістіктері қандай?

— 2021 жылы Қазақстанның ең үздік бомбардирі атандым. Яғни, бір маусымда қақпаға салған доптарымның саны 34 болды. 2022 жылы да сол номинацияны 28 доп соғып қайта иелендім. Әуесқой футбол командалары ортасында өнер көрсетіп 2023 жылы «Үздік ойыншы» атағын иелендім. 2024 жылы алған жарақатыма байланысты жарты жыл қайта қалыпқа келу керек болды.
Өткен жылы жаттықтырушы мамандығы бойынша колледжді тәмамдадым. Қазір негізгі жұмысым футбол. Келер жылы жоғарғы оқу орнына түссем деп жоспарлап отырмын. Бұл жолы заңгер мамандығын таңдаймын. Себебі футболшы да жан-жақты болуы тиіс деп ойлаймын. Алда футболмен өсіп үлкен жетістіктерге жетіп, шетелдегі әйелдер командасында өнер көрсетсем деген арманым да бар. Жасы үлкендеу әйел спортшыларымыз көрші елдің «Динамо» командасында, басқалары Польша мен Түркия футбол клубтарында ойнап жүр. Менің де сондай биіктерді бағындысам деген ойым бар.
— Биіктерден көріне бер, Полина!
-Рахмет.
Сұхбатты жүргізген
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Суретті түсірген
Нұржан СМАИЛОВ
және Полина ОСИПОВАНЫҢ
жеке мұрағатынан
