Қос дөңгелек үстіндегі күнкөріс: қостанайлық бір курьердің баяны

Қазір сырттың ауқатына аңсарыңыз ауса, ауладан ұзап шығудың қажеті жоқ. Қолыңыздағы телефон көмекке келеді. Таңдауыңызды жасап, тетігін бассаңыз болды – аз уақытта қалаған тағамыңыз буы бұрқырап есігіңіздің алдына келіп тұрады.

Технология игілігі дегеніңіз осы! Бірақ жаздың жаңбыры мен қыстың боранына қарамай, қолыңызды ұзартып, кәдеңізге жарап жүрген жеткізуші-курьерлердің еңбегін қаншалық елеп-ескеріп жүрміз? Бүгін оқырман қауымға бір тасымалшы жігіттің тағдырын таныстырайықшы…

Естеріңізде бар ма екен – жуырда ғана алматылық балалы әйелдің видеосы әлеуметтік желілерді жайлап кетіп еді. Емізіктегі сәбиін құшағына қысып, арқасына абажадай жәшік артып, жұрттың тапсырысын тасып жүр. Тыстан түсірілген осы бейнежазба қоғамның қызу талқысына түсті. Аяғандар да, айыптағандар да, кінәні күйеуінен көргендер де табылды. Әрісі не болғанын тарқатпай-ақ қоялық… Айтпағымыз, көшеде оңды-солды жөңкіліп жүретін тағам жеткізушілерге, курьерлерге жайшылықта мән бере қоймайтын жұрт, әлгі видеодан соң бұлардың қым-қуыт тірлігіне бір сәт үңілген сияқты болды. Рас, былайғы көзге елеусіздеу көрінгенімен, маңымызда осы қызметке лажсыз байланған сан түрлі тағдыр иесі жүр ғой. Әрине, күнкөріс керек десең, жұмыстың жаманы жоқ, оңайы да болған емес. Тосын жолығысып, сұхбаттасымызға айналған қостанайлық қарапайым жігіттің де айтқаны сол. Ендеше, осы кейіпкеріміз арқылы курьерлердің мәлім де беймәлім «әлеміне» сапарлап көрейік.

Жиһазшыдан – жеткізушіге

Аты-жөні Азамат Қапизов екен. Биыл күзде 42-ге келеді. Кіндік қаны Павлодарда тамғанымен, түбі өзіміздің өңірден. Жітіқара жақтағы жағалбайлы руынан тарайды. Сәби кезінде-ақ ата-анасы Меңдіқара ауданына қоныс аударыпты. Введен орта мектебінің түлегі. Мектепті аяқтай салысымен, 2002 жылы Қостанай қаласына келген. Келе сала жұмыстың түр-түріне араласыпты. Соған қарағанда, қандай да бір оқу орнына түсудің реті келмесе керек. Әркімде әртүрлі себеп пен салдар болады емес пе, індетіп сұрамадық. Бізді қызықтырғаны – қазіргі кезге дейін қайда, кім болып жұмыс істегені еді.

«Бұған дейін жиһаз цехтарында істедім. Ол салада 15 жылдық еңбек өтілім бар. Бірнеше фирмада тәжірибемді сынап көрдім. Жиһазшылықтан бас тартуымның өзіндік себебі бар. Біріншіден, ығырым шыға бастады. Әуелде ұнамаған жұмыстан адамның әбден қажитын кезі болады ғой. Оның үстіне, абайсызда өндірістік жарақат алып, үш саусағымнан айырылғаным тағы бар. Сол кездегі табысы да мардымды бола қойған жоқ», – дейді сөзге сараңдау Азамат.

Ал енді жеткізуші-курьер қызметтеріне араласа бастағанына небары бір-ақ жылдың жүзі болған. Бүгінде ел білетін Yandex, Wolt сервистерінде алма-кезек істеп жүр. Өйткені, өзінің айтуынша, бұлардың ең бір жеңіл жері – курьердің жұмыс кестесі еркін. Қалаған уақытында шығады. Таңсәріде кірісесің бе, түстен кейін қатарға қосыласың ба – ешкімнің сенде шаруасы жоқ. Тек жұмыс соңында ақшаны аз таптым-ау деп күйінбесең болды… Ал енді Азамат айтқан қиындықтарды тізсек, жаңағы жеңілдіктердің жымы да көрінбей қалатындай. Оның барлығын сұхбаттасымыздың өзі егжей-тегжейлі баяндап берді.

«Қиындықтың түр-түріне душар болып жатамыз. Біріншіден, ауа райының қолайсыздығы қолбайлау. Ми қайнатар аптап, жауын-шашын, боран-бұрқасынның астында жүруің мүмкін. Екіншіден, жүгіңнің өлшеніп қойған стандарт салмағы жоқ. Жиі-жиі ауыр болып шығып, иық талдырады. Бірақ апаруың керек затқа қалайда жауапкершілікпен қарайсың. Үшіншіден, үнемі велосипедпен жүремін. Оның да машақаты аз емес. Жиі сынады, желді күні тартпай, мысықтабандап қаласың…» – деп біраз түйткілді жіпке тізді Азекең.

Қырсыққанда, тапсырыс қабылдаушының да түр-түрі кездеседі ғой. Азамат та талай кінәмшіл клиенттің алдынан мұқалып қайтқанын жасырмайды. Біреу «тым ұзақ кешіктің» деп дүрсе қоя берсе, енді бірі «тапсырысым мен қалаған күйде емес» деп шағым айтады. Көбі оның ақталуын тыңдауға, түсіністікпен қарауға құлықсыз болып келеді екен.

«Қыста велосипедпен жүрудің қандай қиын екенін білсеңіз… Қар-мұзда жолығатын қиындық өте көп қой. Кейде ызғырық өтінде қалып, кейде кәдімгі боранға ұрынасың. Жүретін жол болмай қалады. Қыраукөз қыста жүру жеңілірек болсын деп, биыл қыста арнаулы доңғалақ тысын тағып алдым, протекторы жақсы. Соның өзі дәтке қуат. Өйткені, бір жағынан, мені ешкім күштеп жатқан жоқ қой. Сондықтан өзің үшін, күнкөріс үшін көнесің. Сосын, «велосипед тебу денсаулыққа пайдалы» деп өзімізді жұбатып қоятынымыз да бар», – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Шабысы көп, табысы ше?

Төлем көлемі күнделікті атқарған жұмысыңа байланысты болған соң әдетте еңбекқордың табысы да еселі. Бірақ, Азаматтың мәліметіне сенсек, Yandex пен Wolt-тің жалақысы екі түрлі. Оған салса, Wolt оң жамбасқа көп келіңкірейді, олжалырақ. Дей тұрғанмен екеуінің де кемшілігі жоқ емес.

«Мен, мысалы, былтыр Wolt сервисінде жақсы табыс таптым. Айына жобамен 500 мың теңге түскен кездер болды. Күндік көрсеткіш 15-20 мың шамасында. Бір күнде 44 тапсырыс орындап, 32 мың теңге тапқаным есімде. Бірақ қыста мұның тапсырысы азайып кетті. Сондықтан Yandex-ке көштім. Бұл жерде де ақша жинауға болады. Алайда жалақы жағына сараңдау. Төлейтіні азырақ, алайда жұмсайтын қашықтығы ұзақ. Уақытты көбірек шығындайсың. Қыста да нәпақасыз қалмау үшін амалдай бересің әйтеуір», – деп отыр Азамат Зарқынұлы.

Екі сервистің жетегін алмастырып ұстап жүрген ол, әрқайсысындағы өзінің фуникциясы туралы да бірер ауыз сөз қоса кетті.

Мәселен, Азекең Wolt-те көбіне асхана, кафе-мейрамханалардан тағам тасиды. Ал Yandex-тің тізімі кеңірек: кейде ас-ауқат, кейде жолдама зат, қандай да бір «сәлемдеме». Бірақ Yandex-те тапсырыс көп болғанымен, баға үнемі ауытқып тұрады екен. Мысалы, Азаматқа кейде айналдырған 500 теңгеге бола 4-5 шақырым жерге сабылып барып-келуге тура келеді. Бастысы, бұл тек оның басындағы ғана жағдай емес. Мұндай бағынышсыз бағам курьер атаулыға бірдей таныс. Осы ретте сұхбаттасымыздан өзімен бірге жобамен қанша курьер жұмыс істейтінін сұрап көрдік.

«Шыны керек, ол жағын ешкім нақтылап айта алмайтын шығар. Өйткені, мен білсем, оларда адам саны бақыланбайды. Еркін кесте болған соң бірі келіп, бірі кетіп жатады. Әйтеуір «әріптестерім» өте көп. Мысалы, әлдекім негізгі жұмысынан соң аз-кем табыс табу үшін аяқ астынан курьерлікке кірісіп кетеді. «Велик» тізгіндеген студенттер де, оқушылар да аз емес. Орта жастағы кісілерді де көріп жүрміз. Сондықтан олардың нақты санына жете алмайсың», – деп таңдайын қағып қойды Азамат.

Әңгімелесе келе көзіміздің жеткені, 40-тың қырқасынан асқан азамат әлі күн салт басты, сабау қамшылы екен. Осы бойдақтық өмірден тезірек арылып, жан-жүрегі қалаған адал жар жолықтыруды жиі аңсайды. Қазір Алтын дала ауылында ата-анасымен бірге тұрып жатыр. Биыл қыста жұмыс жүрмей, табыс азайып қалғандықтан, қаладағы жалдамалы үйді тастап, ауылға оралуға мәжбүр болған. Бүгінде сол елді мекеннен қатынап жұмыс істеп жүр: әуелі ауылдан қалаға дейін – автобуспен, одан ары белсебетіне қонады… Алдағы уақытта табысы тәуір тұрақты жұмыс табылса, тағдыр жолында жақсы жұбай жолықса, жүре-келе басыбайлы баспанаға қол жетсе… Азаматтың армандары осылай тізбектеліп кете береді. Армандарын орындайтын дәрмен де бойынан табыларына күмән келтіргіміз келмеді. Ілтипатпен қош айтыстық.

Деректер сөйлесе…

Қостанайда жалпы курьерлік қызметпен айналысып жүрген адамдар туралы нақты ақпараттар іздеп көріп едік. Азамат бауырымыз айтқандай, расымен де толық санына жете алмадық. Жекелеген нысандар ұсынған жорамалды деректер тіптен «тышқан ізіне салып жіберді».

Ал бірақ облыс орталығындағы тағам жеткізу қызметін ұсынатын орындар туралы мәлімет табу аса қиынға түсе қоймайды. 2ГИС, Yandex қосымшаларынан-ақ тінтіп, түртіп алуға еш кедергі жоқ. Сөйтіп, қалада ас-ауқат жеткізу сервисі жұмыс істейтін мейрамхана, кафе, пиццерия және арнайы асханалар саны 500-ден асып түседі екен. Олардың ішіндегі ең әйгілілері – халықаралық агрегаторлар, яғни әлгіндегі Wolt, Yandex Eda және Glovo тәрізділер. Осылар арқылы жеткізетіндер де, басыбайлы курьерлер ұстайтын, жоғары сұранысқа ие жеке орындар да көп. Күндіз-түні бір тынбай тапсырыс қабылдай беретін нүктерлер де жетіп-артылады…

Ересек тұрмақ, телефонға телмірген жас балалар да өз бетімен үйге тағам алдыруға әдеттеніп алған уақытта қызметтің бұл түрі әлі де қанат жая түсетіні шүбәсіз. Қос қолға бір күрек таппай жүрген Азамат сияқты азаматтарға курьерлік жұмыстың тиімді болып тұрғаны тағы рас.

Жандос ЖҮСІПБЕК,
суреттерді түсірген Нұржан СМАИЛОВ

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.