№3 емхана ұжымы жылдар бойы жалғасып келе жатқан игі дәстүрді жаңғыртып, Ұлы Отан соғысының ардагері, биыл 101 жасқа толған Қасымхан Алдабергеновтің шаңырағына барып, құрмет көрсетті.
Емхана басшысы Мақсат Запаров бастаған ұжым қарияның шаңырағында болып, ардагерге сыйлық табыстап, ақжолтай тілектерін жеткізді.
– Қасымхан Алдабергенұлы, Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық пен береке тілейміз. Сіздің өмір жолыңыз бен ерлігіңіз – кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Бейбіт күннің қадірін түсінуімізге ардагерлердің тағылымды ғұмыры себеп болып отыр. Сіздерге әрдайым бас иіп, алғыс айтамыз, – деп емхана ұжымы ізгі тілектерін білдірді.
Қасымхан Алдабергеновке көрсетілген бұл құрмет – бір күндік шара ғана емес, аға буынға деген шынайы ықыластың белгісі. Емхана қызметкерлері мұндай кездесулердің жас ұрпаққа тарихты ұмытпауға, бейбітшіліктің бағасын түсінуге және ардагерлерді ардақтауға тәрбиелейтінін атап өтті.
– Біздің ардагерлердің есімі халық жадында мәңгі сақталуы тиіс. Бүгінгі ұрпақ бейбіт өмір сүріп жатса, оның артында аға буынның ерлігі мен маңдай тері бар. Сондықтан олардың әрқайсысына құрмет көрсету – біздің парызымыз, – дейді бас дәрігер Мақсат Запаров.
Жылдар өтеді, ұрпақ жаңарады. Алайда ел үшін жасалған ерлік пен бейбітшілік жолындағы жанқиярлық ешқашан ұмытылмайды. Ардагерлердің есімі халықтың жүрегінде сақталып, олардың ерлік жолы кейінгі буынға аманат болып қала береді.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Сурет 3-ші емханадан
