Жалпы Қостанай қаласы бойынша 101 сайлау учаскісі қызмет етіп 122 мыңнан астам адам дауыс берген
Оның 95-сі ашық, ал 6-уы уақытша тергеу изоляторы, әскери бөлімдер, облыстық және қалалық ауруханалар, онкология мен тубдиспансер секілді мекемелерде орналасқан. Қостанай қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Сәния Шарипованың сөзінше, дауыс беру орындарында тіркелгендер саны 183 481 болса, қатысушылар 122 мыңнан асқан.
— Одан бөлек үй жайында сайлауға түрлі жағдайда 292 адам қатысты және 100-ге жуығы сырттай дауыс беру құқығын пайдаланды. Арнайы жабдықталып халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары орналастырылған 5 бөлімше жұмыс жасады. Ол бөлімшелерге тұрақты тіркеуі жоқ 12 адам келіп, уақытша бөлімше орналасқан мекенжайға тіркеліп дауыс берген. Жалпы қала бойынша сайлау науқаны тыныш өтті, — деді Сәния Шарипова.
Алайда дауыс берушілердің сайлау күнгі көңіл-күйлері мен белсенділіктері, түрлі кейіпкердің кейпінде келуі соңғы жылдары қалыпты жағдайға айналып бара жатыр.
— Сайлаушылардың ерекше киімдермен келгенін БАҚ беттерінен байқадым. Мұндай мәліметтер бізге алдын ала ескертілмеді. Онымен кім айналысты және не үшін, белгісіз. Көрдім. Біреуі ұлттық киімде, екіншісі «Баян Сұлу» өнімдерін киіміне жабыстырған, басқа да кейіпкерлер бар. Мүмкін айналасына жақсы әсер қалдырғысы келген болар. Әрине заң оған ешқандай тыйым салмаған, әркім өзі тіркелген жерде дауыс беруге құқылы. Қалай киінсе де өз еркі. Бастысы заңды бұзбаса болды, — дейді төрайым Сәния Шарипова.
Ұлту ЖҮЗБАЙ, фото «НК» мұрағатынан
