Қостанай қаласының барлық білім беру ұйымдарында 2025-2026 оқу жылы ресми түрде аяқталды. Дәстүрлі түрде 34 аптаға созылған оқу жылының қорытындысы шығарылып, оқушылар жазғы демалысқа жолдама алды. Биылғы оқу жылы қала мектептері үшін білім сапасын арттырумен, оқушылар жетістіктерімен және түлектердің жаңа белестерге қадам басуымен ерекшеленді.
Бұл жайлы қалалық әкімдікте өткен жиында білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева мәлімдеді. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, оқу жылы барысында Қостанай қаласында барлығы 116 білім беру ұйымы жұмыс істеді. Оның ішінде 48 мектепте 38 133 оқушы білім алды. Сонымен қатар балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған 8 қосымша білім беру ұйымы қызмет көрсетті.
– Биыл мектеп бітірушілер үшін жауапты кезең басталады. 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілі пәнінен міндетті көшіру емтиханын 26-29 мамыр аралығында тапсырады. Ал 9-сынып оқушыларының қорытынды емтихандары 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. 11-сынып түлектері үшін мемлекеттік емтихандар 2-15 маусым күндеріне жоспарланған, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева.
Облыс бойынша аттестаттарды салтанатты түрде тапсырудың бірыңғай күні 18 маусым болып белгіленген. Ал Қостанай қаласы мектеп директорларының бірлескен шешіміне сәйкес, 9-сынып түлектеріне аттестаттар 16 маусым күні сағат 10:00-де табысталады.
Ал 11-сынып түлектеріне арналған салтанатты рәсім 18 маусым күні сағат 18:00-де өтеді.
– Білім беру ұйымдарында өткізілетін барлық іс-шаралар педагогикалық әдеп талаптарына және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу қағидаларына сәйкес ұйымдастырылады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі бұйрығы мен Қостанай облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес биыл мектеп бітіру кештерінде ақша жинауға, мейрамхана мен кафелерде көшпелі банкеттер өткізуге, сондай-ақ аниматорлар тартуға ресми түрде тыйым салынған, – деді білім бөлімінің басшысы.
Биыл қалада 11-сыныпты жалпы саны 1573 түлек аяқтайды. Сонымен қатар 9-сыныпты 3368 оқушы бітіреді. Биылғы түлектер арасында жоғары жетістікке қол жеткізген оқушылар да аз емес. Атап айтқанда, «Алтын белгіге» 54 түлек үміткер болса, үздік аттестатқа 75 түлек үміт артып отыр. Бұдан бөлек, 9-сыныптың 128 оқушысы үздік аттестат иегері атанады. Алдын ала қорытынды бойынша, 2025-2026 оқу жылында қала мектептеріндегі білім сапасы өткен жылмен салыстырғанда 0,3 пайызға артып, 61 пайызды құрады. Бұл ұстаздар еңбегі мен оқушылардың білімге деген жауапкершілігінің нәтижесі.
– Мектеп түлектері үшін алдағы маңызды сынақтардың бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Биыл 10 мамыр мен 10 шілде аралығында 1198 түлек, яғни жалпы бітірушілердің 82 пайызы ҰБТ-ға қатысады. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері жоғары оқу орындарының білім беру гранттарын тағайындауға негіз болады, – деді ол.
Қостанай қаласының педагогтері мен ата-аналары биылғы түлектерге үлкен үміт артып отыр. Ал мектеп бітірушілер үшін бұл үлкен өмірге бастар жаңа белес.
Сералы Мырзабай
Фотосурет “Наш Костанай” газетінің мұрағатынан алынды
