Қостанай облысының қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдары, Мүгедектер спорт клубының өкілдері, параспортшылар, ерекше қажеттіліктері бар жандар және аймақ тұрғындарының атынан үндеу тасталды.
Үндеуде: “Біз өмірін мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арнаған көрнекті қоғам қайраткері Дүйсенғали Сұлтанұлы Оспановтың есімін мәңгілікке қалдыру туралы бастама көтереміз. Дүйсенғали Сұлтанұлы көптеген жылдар бойы «Үміт-Надежда» ЖҚБ төрағасы болып, адамдарды мейірімділік, өзара көмек, тең мүмкіндіктер мен инклюзивті қоғам идеяларының төңірегіне біріктірді. Оның белсенді азаматтық ұстанымы мен қажымас еңбегінің арқасында мыңдаған адам қолдау тауып, қоғам өміріне толыққанды араласуға мүмкіндік алды” делінген .
— Біз бұл үндеуді тастап отырмыз, өзім де біраз жауапты тұлғаларға сауалдар жолдап, сұрастырып жатырмын. 5 жыл күту керек дейді. Ол бес жылда ұмыт болып та қалуы мүмкін ғой. Сондықтан ел қолдаса, халық қаласа ешбір мерзім күтіп қажеті жоқ деп ойлаймын. Ондай мысалдар бар ғой, — дейді жұбайы Аруна Жақсығұлова.
Одан өзге белсенділер Дүйсенғали Оспановтың кедергісіз және қолжетімді орта қалыптастыру, мүгедектігі бар жандарды қолдау және қоғамдық бастамаларды дамыту, бейімделгіш спорт пен параспорттық қозғалысты өркендету секілді маңызды бағыттардың дамуына ерекше көңіл бөлгенін атап өткен.
— Біз, өңір белсенділері, Қостанай қаласындағы көшелердің біріне Дүйсенғали Сұлтанұлының есімін беру туралы мәселені қозғауды әділ әрі орынды деп санаймыз. Оның есімін ұлықтау — өмірін қоғамға, инклюзивті Қазақстанды дамытуға арнаған тұлғаға деген шынайы құрметтің белгісі. Себебі оның жасаған еңбегі өте зор, — деп жұбайы Аруна Жақсығұлова үмітін жеткізді.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Суреттер «НК» мұрағатынан
