Ел ішіндегі миграциялық процестерді реттеу — мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі. Еңбек күші артық өңірлерден кадр тапшылығы сезілетін солтүстік аймақтарға халықты ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жай ғана статистика емес, ауылдық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық тағдырын айқындайтын маңызды құрал.
Қостанай облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының соңғы мәліметтері негізінде Қостанай ауданындағы бұл үдерістің аралық нәтижелері мен ішкі динамикасына талдау жасап көрдік.
Динамика және демография
Ресми деректерге сүйенсек, 2024-2026 жылдар аралығында Қостанай ауданына 21 отбасы, яғни 91 адам қоныс аударған. Жылдар бойынша көрсеткіш тұрақты сипатқа ие: 2024 жылы 33 адам келсе, 2025 жылы — 32, ал 2026 жылы — 26 адам. Негізгі донор-өңірлер ретінде дәстүрлі түрде Шымкент, Астана қалалары мен Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары қалыптасқан.
Алайда, бұл процестің басты аналитикалық құндылығы — келген азаматтардың жас және әлеуметтік құрамында. Топ ішіндегі балалар саны — 54, ал еңбекке қабілетті ересектер — 37 адам. Бұл — қоныс аударушылардың жартысынан астамы мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалар деген сөз. Ауылдық жерлерде халықтың қартаюы мен мектептердің жабылу қаупі жоғары екенін ескерсек, бұл көрсеткіш Тобыл қаласы мен Заречный, Қостомар, Садчиковка, Озерное сияқты елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын сақтап тұруға тікелей әсер ететін фактор. Бес көпбалалы отбасының келуі де демографиялық теңгерімді жақсартуға оң ықпал етуде.
Жұмыссыздықтан кәсіпкерлікке
Кез келген миграциялық саясаттың табыстылығы — келген адамдардың жаңа ортаның экономикасына қаншалықты тез сіңісіп кетуімен өлшенеді. Аудан бойынша қоныс аударушыларға 100-ден астам бос жұмыс орны ұсынылған. Нәтижесінде, еңбекке қабілетті 37 азаматтың 34-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл — 91,8%-дық жоғары көрсеткіш.
Мамандар негізінен ауданның драйвері саналатын ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және қызмет көрсету салаларына бөлінген. Сонымен қатар, тек жалдамалы еңбекке ғана иек артпай, жеке кәсібін ашқан 3 азаматтың белсенділігін атап өткен жөн. Нәтижелі көштің шынайы көрінісі ретінде Қостомар ауылына қоныс аударып, мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған, Шымкенттен көшіп келген бір отбасының табысты тарихын айтуға болады.
Өткен жылы тамызда өңірлік квотаға ілігіп, биыл наурызда экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы Қостомар ауылынан үй сатып алған Амангелді мен Жадыра Намазбектер хақында. Жұбайлардың жаңа мекенді таңдаудағы басты мақсаты — балалардың сапалы білім алуы еді, ал жергілікті мектеп пен ауылдың тыныш өмірі отбасының көңілінен шығып, бейімделу кезеңі еш қиындықсыз өтіп жатыр. Алайда ауылдық жерде дайын жұмыс орындарының аздығы жаңа тұрғындарды тығырыққа тіреген жоқ, керісінше, жеке кәсіп ашуға серпін берді. Ауылда нан өнімдерінің үзіліспен келетінін байқаған ерлі-зайыптылар халықты күнделікті жаңа піскен ыстық нанмен қамтамасыз етуді мақсат тұтып, тәуекелге бел буған.

— Бұл бастамамның сәтті жүзеге асуына Айсары ауылдық округінің әкімдігі мен әлеуметтік сала қызметкері Гүлжиған Кабденқызы үлкен қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар берді. Нәтижесінде «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, мемлекеттен 1 миллион 730 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алдық. Осы қаражатқа арнайы Шымкент қаласына барып, нан пісіретін заманауи пеш, қамыр илейтін құрылғы, мұздатқыш пен қажетті сөрелерді сатып әкелдік. Кәсіпті бастау барысында пештің үй ішіне сыймауы үлкен қиындық тудырды. Сондықтан несие алып, ауладағы жазғы асүйді күрделі жөндеуден өткіздік. Біраз дайындық жасап, міне қазан айында шағын наубайханамыз өз жұмысын ресми түрде бастады, — дейді Жадыра Намазбек.
Бүгінде наубайханада отбасы мүшелері бірлесе еңбек етіп, Қостомар мен көрші ауылдардың тұрғындарына таба нан мен бөлке нан ұсынып отыр. Жаңадан ашылғандықтан сұраныс әзірге орташа деңгейде болғанымен, кәсіп иелері болашақта өнім түрлерін көбейтіп, жартылай фабрикаттар шығаруды және өндіріс көлемін арттырып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Қостомар ауылын жаңа өмірдің ыстық мекеніне балаған отбасы өңірге көшіп келген өзге де азаматтарды мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, еңбекқорлық пен нақты мақсаттың арқасында өз ісін бастауға, батыл қадам жасауға шақырады.
Бұл жарқын мысал мемлекеттік қолдау бағдарламаларының тек әлеуметтік көмек емес, ауылда шағын бизнесті дамытудың ең қуатты тетігі екенін айқын дәлелдейді.
Баспана және бейімделу
Аналитикалық тұрғыдан алғанда, қоныс аударудың ең күрделі кезеңі — жаңа жерде тұрақтап қалу. Көшіп келген 21 отбасының 19-ы ауданда тұрақтап қалса, 2 отбасы қайта көшіп кеткен. Реинтеграцияның сәтсіз болуына негізгі үш себеп әсер етеді: тұрғын үй, жұмыс және отбасылық жағдайлар.
Осы орайда тағы да құтты мекен Қостомардан жайлы қоныс тапқан жас отбасы туралы бір мысал. Биыл Қостанай ауданының Қостомар ауылына қоныс аударған жас отбасы көші-қон бағдарламасы арқылы баспаналы болу мүмкіндігіне ие болған. Ауылға келгеніне көп уақыт өтпесе де, олар жаңа ортаға бейімделіп, болашақтарын осы өңірмен байланыстыруға ниетті.
Астана қаласында танысып, шаңырақ көтерген жас жұбайлар үшін Қостанай өңіріне қоныс аудару – өмірлеріндегі маңызды шешімдердің бірі болды. Олар биыл көші-қон бағдарламасы арқылы Қостомар ауылына көшіп келді.

– Біз жолдасымыз екеуміз Астанада жұмыс істедік. Сол жерде танысып, кейін үйлендік. Қостанайға келген соң мен кафеде жұмыс істедім. Бағдарламаға қатысу үшін ресми түрде еңбек ету керектігін айтты. Қазір жолдасым Алтынбек Қостомар мектебінің қабырғасында және Айсары ауылының «Шабыт» күрес залында қазақ күресінен жаттықтырушы болып жұмысқа орналасты. Ал мен әзірге жұмыс іздеп жүрмін, – дейді Айдана Белялова.
Жас отбасы үшін бағдарламаның ең үлкен нәтижесі – баспана мәселесінің шешілуі. Олар бұған дейін бір жыл бойы жалдамалы пәтерде тұрған. Енді өз баспаналарына қол жеткізіп, жаңа өмірлерін ауылда жалғастырмақ.
– Біз үшін бұл өте қуанышты жаңалық болды. Бір жыл бойы пәтер жалдап тұрдық. Енді баспаналы болып жатырмыз. Шынымды айтсам, бізге бұл бағдарламаның көмегі көп тиді. Осындай мүмкіндікке қуаныштымыз, – дейді жас отбасы.
Қостомар ауылы жастар үшін жаңа өмірдің бастауы болды. Бірі спорт саласында еңбек етіп, екіншісі жұмыс іздеп жүрген жұбайлар алдағы уақытта ауыл тіршілігіне бейімделіп, осында тұрақтап қалуды көздейді.
Баспана мәселесін шешуде экономикалық ұтқырлық сертификаттары мен субсидиялар маңызды рөл атқарды. 2024-2026 жылдары 10 отбасы мемлекеттік қолдау арқылы өздеріне жеке үй сатып алса, қалғандары жалдамалы баспанамен қамтылған. Баспанамен толық қамтамасыз етілу — мигранттардың психологиялық тұрғыдан жаңа мекенге бауыр басуына жасалған негізгі қадам.
Түйін мен пайым
Қостанай ауданы бойынша биылғы квота мен жоспардың толық орындалуы бағдарламаның ұйымдастырушылық деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Алайда, алдағы уақытта шешілуі тиіс бірқатар міндеттер бар. Ауданның кейбір шалғай ауылдарында халық санының азаюы және бос үйлердің қалу үрдісі әлі де байқалады.
Болашақта бағдарламаның тиімділігін одан әрі арттыру үшін мынадай бағыттарға басымдық берілмек:
Жұмыс берушілермен байланысты күшейту: Бос жұмыс орындарының сапасы мен жалақы деңгейін көтеру;
Ауылдардың әлеуметтік тартымдылығын арттыру: Интернет, жол және инфрақұрылым мүмкіндіктерін таныстыру;
Кешенді қолдау: Тек алғашқы жылдары ғана емес, ұзақмерзімді кезеңде қоныс аударушылардың тұрақтап қалуына жағдай жасау.
Қорыта айтқанда, ішкі көші-қон — дұрыс басқарылған жағдайда өңірдің экономикалық қозғалтқышына айнала алады. Алдағы уақытта бұл үрдіс тек демографиялық сандарды толтыру емес, ауыл шаруашылығы мен өндірісті жаңа сапалық деңгейге көтеретін білікті кадрлар ағынына айналуы тиіс.
Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суреттер кейіпкерлерден
