Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясы үшін биылғы шығармашылық маусым тың жобалар мен халықаралық жетістіктерге толы болды.
Өнер ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі, көрермен талғамын қалыптастыру, жарнамадағы жасанды интеллект мүмкіндіктері, «Адал азамат» тұжырымдамасының өнердегі көрінісі және Қытай мен Парижге жоспарланған ауқымды гастрольдер туралы филармония басшысы Бағдат Оспановпен сыр сұхбат.
Мажарстандағы құрылтай мен «Folk Show»
– Биылғы шығармашылық маусым филармония үшін қалай өтіп жатыр?
– Биылғы шығармашылық маусым біз үшін мазмұнды әрі табысты басталды деп нық сеніммен айта аламын. Маусымның алғашқы айларынан бастап халықаралық жобаларға және көрерменге ерекше әсер сыйлайтын тың бағдарламаларға басымдық бердік.
Атап айтқанда, тамыз айында «Шертер» этнографиялық-фольклорлық ансамбліміз Мажарстанның Бугац қаласында өткен Ғұн-түркі құрылтайына қатысты. Онда өнерпаздарымыз ашық аспан астындағы сахнада өнер көрсетіп, қазақ халқының дәстүрлі музыкасын әлемдік деңгейде танытты. Осы ретте өңір басшысының тікелей қолдауымен «Шертер» ансамблінің жұмысын жандандыру үшін 13 штаттық бірлік бөлінгенін ерекше атап өткім келеді. Бұл – ұлттық өнерімізге жасалған үлкен қамқорлық.
Сонымен қатар, халықаралық мәдени байланысты нығайту мақсатында Үндістаннан келген танымал әншілер мен аспапшылар біздің камералық оркестрмен бірлесіп, екі елдің музыкалық дәстүрін тоғыстырған бірегей концерт ұсынды.
Ал маусымның жарқын жаңалығы – «Folk Show» жобасы болды. Назымбек Молдахметов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, камералық оркестр және хор біріккен бұл кеш жай ғана концерт емес, ұлттық музыканы заманауи сахналық шешімдермен ұштастырған тұтас шоу форматында өтті.
Бүгінде бізді толғандыратын басты мәселенің бірі – залдың көрерменге толы болуы. Өнерпаз үшін халықтың ықыласы мен қошеметінен артық марапат жоқ. Сондықтан көрермен уақыттың қалай өткенін байқамай, ерекше әсермен қайтатындай кештер ұйымдастыруға тырысамыз. Бұдан бөлек, жарнама ісіне де жаңаша көзқараспен қарап жатырмыз. Афишалар мен бейнероликтер әзірлеуде жасанды интеллект мүмкіндіктерін зерттеп, қолданысқа енгізудеміз. Цифрлық технологиялар жұмысты жылдам әрі тың идеялармен жүзеге асыруға жол ашады. Біздің басты ұстанымымыз – дәстүрлі өнердің құндылығын сақтай отырып, оны заманауи форматта ұсыну.
Тобыл-Торғайдан басталған музыкалық саяхат
– Бүгінгі көрерменнің сұранысы әртүрлі. Классика, эстрада, фольклор мен симфониялық музыканың арасалмағын сақтап, репертуарды қалай қалыптастырасыздар?

– Аталған бағыттардың әрқайсысының өз тыңдарманы бар. Облыстық филармония кәсіби ұжымдардан құралғандықтан, біз бұл жанрлардың ешқайсысын назардан тыс қалдырмаймыз. Ең басты критерий – кәсіби деңгей мен көркемдік сапа.
Біз тек халық жаттап алған, бұрыннан білетін шығармаларды орындаумен шектелгіміз келмейді. Керісінше, тыңдарман залға «Бүгін бұрын естімеген қандай жаңа туындымен танысамын?» деген қызығушылықпен келуі керек. Өйткені филармония тек көрермен сұранысына бейімделіп қана қоймай, оның музыкалық талғамын қалыптастыруға да үлес қосуы тиіс.
Әрбір бағдарлама көркемдік кеңесте мұқият талқыланып, белгілі бір идеяға құрылады. Мысалы, биылғы маусымашардағы қазақ халық аспаптар оркестрінің «Айналдым сенен, Атамекен!» бағдарламасын алайық. Оны өзіміздің Тобыл-Торғай өңірінің мұрасынан – А. Жайымовтың «Думанды Тобыл» шығармасы мен Қ. Деріпсалдиннің «Сарыадырым» әнінен бастадық. Одан әрі музыкалық саяхатымыз еліміздің шығыс, оңтүстік және батыс аймақтарының ән-күйлерімен жалғасып, тұтас қазақ даласының музыкалық байлығын бір кеште паш етті.
Жас мамандарға қолдау және сахна сапасы
– Жас мамандарды қолдау және материалдық-техникалық базаны жаңарту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Кәсіби өнердің дамуы ең алдымен талантты орындаушыларға қолайлы жағдай жасаудан басталады. Биыл ұжымымызға бірнеше жас өнерпаз қосылды. Олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуы үшін қажетті музыкалық аспаптармен қамтып, сахналық киімдерін жаңартып жатырмыз.
Материалдық-техникалық база да кезең-кезеңімен нығайтылуда. Өткен жылы «Ақжелен» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің аспаптары толық жаңартылып, заманауи дыбыс күшейткіш жабдықтар сатып алынды. Алдағы уақытта басқа ұжымдардың да аспаптарын жаңарту жоспарда бар. Бұл жай ғана тұрмыстық қажеттілік емес, сахнадағы өнер сапасына тікелей әсер ететін фактор.
Сахнаға адалдық – көрермен сенімінде
– Мемлекет ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы өнер адамдарына қандай міндет жүктейді? Сіздің түсінігіңізде, сахнадағы адалдық дегеніміз не?
– Бұл тұжырымдама мәдениет саласының өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Мәдениет – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың рухани дүниесін қалыптастыратын басты құрал. Әсіресе, қазақтың дәстүрлі әні мен күйінде ұлттың болмысы, тарихы мен тәрбиесі жатыр. Өнер адамның жүрегіне тікелей жол табатындықтан, біз сахна арқылы отансүйгіштік, еңбекқорлық, адамгершілік қасиеттерін насихаттауымыз керек.
Менің түсінігімде, өнердегі адалдық – атақ пен марапаттан бұрын, өз ісіңе деген шынайы сүйіспеншілік пен көрермен алдындағы жауапкершілік. Көрермен бізге уақытын бөліп, сенім артып келеді. Сол сенімді ақтау, ұлттық өнерді бұрмаламай, сапалы әрі шынайы күйінде келер ұрпаққа жеткізу – әр өнерпаздың басты парызы. Филармония сахнасы көрерменге әдемі әуен сыйлап қана қоймай, кештен кейін де ойында қалатын, рухани азық беретін орта болуы тиіс.
Жастарға лекторий-концерттер қажет
– Қазіргі жастарды классикалық және дәстүрлі өнерге баулу арқылы олардың бойында азаматтық сана мен патриотизмді қалай оята аламыз?
– Жастарға өнерді құрғақ уағызбен емес, оның мәні мен құндылығын сезіндіру арқылы жеткізу қажет. Патриотизм – тек Отанды сүю туралы айту емес, өз еліңнің мәдениетін, тілін, тарихын құрметтеп, оның дамуына үлес қосу. Жастар өз мәдениетін таныған кезде ғана ұлттық болмысына деген мақтанышы артады.
Бұл ретте жас ұрпаққа арналған танымдық лекторий-концерттердің маңызы зор. Мұндай кездесулерде шығарманы орындап қана қоймай, оның шығу тарихы мен төркіні туралы қызықты деректер айтылады. Осы бағытта «Адал азамат», еңбек адамы тақырыптарына арналған арнайы бағдарламалар да алдағы уақыттың еншісінде.
Басшылық кредо: үздіксіз ізденіс
– Басшы ретінде ұжымды алға жетелейтін басты қағидаңыз қандай?
– Менің басты ұстанымым – бірлік, жауапкершілік және үздіксіз даму. Өнер ұжымының жетістігі бір адамның емес, тұтас команданың ортақ еңбегінің нәтижесі. Әр қызметкердің пікіріне құлақ асып, шығармашылық ізденісіне еркіндік беру маңызды. Қолда бармен шектелмей, дәстүрді сақтай отырып, үнемі жаңашылдыққа ұмтылсақ қана филармонияның ертеңгі биігін қалыптастыра аламыз.
Си Синхай мұрасы және Париж сахнасы
– Алдағы уақытта көрерменді қандай жаңа жобалармен және гастрольдік сапарлармен қуантпақшысыздар?
– Жоспарларымыз ауқымды, кейбір тосынсыйларды әзірге құпия сақтай тұрайық. Дегенмен, жақын арада құрылғанына 25 жыл толатын «DosStar» тобының мерейтойлық концертін ерекше форматта өткіземіз. Бұл квартеттің басты ерекшелігі – құрылған күннен бастап құрамы өзгермей, ширек ғасыр бойы бірлікте өнер көрсетіп келе жатқаны. Ол – өнерге деген адалдықтың жарқын үлгісі.
Гастрольдік сапарларға келсек, биыл қаржыландыру мәселесі шешілсе, Шымкент қаласына бару жоспарымызда бар. Ал 2027 жылы камералық оркестріміз Петропавл қаласында авторлық жобасын ұсынбақ. Сондай-ақ келер жылы 35 жылдығын атап өтетін «Ақжелең» ансамблімен Көкшетау қаласына гастрольге шығуды көздеп отырмыз.
Бұдан бөлек, халықаралық деңгейдегі екі үлкен мақсатымыз бар. Біріншісі – Қытайдың әйгілі композиторы Си Синхайдың шығармашылығын қайта жаңғырту. Көпшілік оны «Композитор» фильмі арқылы жақсы біледі. Ол 1944 жылы біздің филармонияның алғашқы концерттерінің бірінде өнер көрсетіп, кейін Амангелді Имановқа арналған «Амангелді» симфониялық поэмасын жазған. Филармония қорында сақталған осы туындыны қазақ халық аспаптар оркестріне лайықтап өңдеп, Қытайға гастрольдік сапармен барып, жергілікті көрермен назарына ұсынғымыз келеді. Бұл екі елдің мәдени байланысын нығайтатын бірегей жоба болмақ.
Екінші үлкен мақсатымыз – «Ақжелең» этнографиялық-фольклорлық ансамблін Париж қаласына апарып, Еуропаның мәдени орталығында ашық аспан астында концерт ұйымдастыру. Қазақтың төл өнерін шетелдік көрерменге кеңінен таныстыру жолындағы ізденістеріміз жалғаса береді.
— Рақмет!
Сұхбатты жүргізген
Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суреттер Бағдат ОСПАНОВТЫҢ
жеке қорынан
