Тамыз айының соңына дейін 37 мектептегі бейнебақылау жүйелерінің техникалық жағдайы тексеріліп, барлық 3210 камераның жарамдылығы нақтыланды.
Оның 2226-сы ғимарат ішінде, 984-і мектеп аумағында орналасқан. Маңыздысы, барлық бейнебақылау жүйесінің 2752-сі Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Полиция өкілдерінің айтуынша сол арқылы қазіргі таңда білім нысандарындағы қауіпсіздік бақылауда, төбелес, бөгде адамның кіруі, өрт және басқа да төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік зор. Құқыққорғаушылар, осы кезге дейін мектептердегі камералар арқылы тәртіп бұзушылық тіркелмегенін айтады. Мамандар жүйенің жұмысындағы негізгі техникалық қиындықтардың бірі — мектептерде әртүрлі өндірушілердің жабдықтары мен бейнежүйелерінің қолданылуы екенін айтады. Бұл оларды бірыңғай жүйе ретінде пайдалануды қиындатады.
— Мектептегі бейнебақылау жүйелері полицияның жеке жұмыс орнына шығарылған. Мәселен, дабыл түймесі басылса немесе «102» пультіне хабарлама түссе, тиісті камераның бейнесі қызметкердің мониторында автоматты түрде ашылады. Полиция қызметкері жағдайды онлайн бағалап, қажет болған жағдайда жедел шара қабылдайды, — дейді полиция өкілдері.
Мектеп қабырғасындағы оқушылардың қауіпсіздігі үшін жүргізіліп жатқан аталмыш шарада бірнеше қауіп тетіктері қамтылған. Атап айтсақ, біріншіден, төтенше жағдайлардың алдын алу, яғни камераларға қосылған заманауи интеллектуалды жүйелер (мысалы, бет-әлпетті тану, күдікті заттарды анықтау) қауіпті ерте бастан байқауға көмектеседі. Екіншіден, бұзақылық, онда камералардың полициямен тікелей байланысты екенін білу мектеп ішіндегі және оның айналасындағы вандализмді, ұрлықты және басқа да заңсыз әрекеттерді айтарлықтай тежейді. Ең көп айтылатын буллингпен күрес, оқушылар арасындағы қысым көрсету немесе төбелес жағдайларын дер кезінде анықтап, тоқтатуға мүмкіндік. Соңғысы, объективті бақылау және дәлелді база үшін қажет. Мысалы, даулы жағдайларды шешу: Оқушылар, мұғалімдер немесе ата-аналар арасында түсініспеушілік туындағанда, бейнежазбалар жағдайдың ақ-қарасын анықтауға көмектесетін бұлтартпас дәлел бола алады.
— Биыл №122, №31 және №32 мектептердегі жүйелер жаңғыртылып, оған 9 млн 559,4 мың теңге жұмсалып отыр. Белгіленген тәртіпке сай, бейнебақылау жүйесіндегі ақпаратты сақтау мерзімі бір ай. Мұрағаттық бейнежазбаларға рұқсат уәкілетті лауазымды адамдарға белгіленген тәртіпке сәйкес және олардың қызметтік өкілеттіктері шегінде беріледі. Жыл соңына дейін мектептерге қосымша бейнебақылау камераларын орнату жоспарланбады. Бейнебақылау камераларының жарамдылығы 100 пайыз, — дейді білім бөлімінің өкілдері.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Фото «НК» мұрағатынан
