100 млн теңгеге салынған екі жаңа өндірістік нысандарда 130-ға жуық сотталған тігін және өндіріс ісімен айналысып, 85 мың теңгеден басталатын жалақы алып отыр.
Өткен жылдан бері қолға алынған ауқымды жоба жалғасын тауып аталмыш мекеме тағы да 1020 шаршы метр құрайтын 2 өндірістік ангарды іске қосты. Жаңа нысандардың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Алтынбек Қалиев және жергілікті кәсіпкерлер қатысты.


— Бүгін қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің аумағында жаңа ангарлар ашылып жатыр. Осы жобаға қатысқан бизнес өкілдеріне, құрылысқа атсалысқан азаматтарға алғыс айтамын. Бұл бастама сотталған азаматтарға табыс тауып, кәсіби біліктілігін шыңдауға жаңа мүмкіндік береді. Біз үшін бұл — өте маңызды іс-шара, — деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков.
ҚАЖД басшысы Алтынбек Қалиевтің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді:

— Жобаға қолдау көрсеткен облыс басшылығы мен мәслихат депутаттарына алғыс білдіремін. 2025 жылы осы мекеме аумағында екі өндірістік ангар салынған болатын. Бүгін тағы екі жаңа нысанды іске қосып отырмыз. Жаңа алаңдар жазасын өтеушілердің өз еңбегімен табыс табуына жол ашады.
Бизнес және өндіріс көлемі
Жаңа цехтарда кәсіпкерлер өз жабдықтарын орнатып, өндірісті бастауға дайын. Мәселен, “Азурит” ЖШС басшысы Светлана Шипилкина басқаратын тігін цехы мекемемен жарты жылдан бері жұмыс істеп келеді.

— Осы уақыт аралығында жазасын өтеушілердің тігін ісі бойынша шеберліктерін шыңдадық. Олар бостандыққа шыққанда қолынан іс келетін дайын маман болады. Облыс әкімдігінің қолдауымен жаңа ангарға өз құрылғыларымызды орнаттық, болашақта жүзден аса адамды жұмыспен қамтимыз. Жақында «Қазақстан темір жолы» компаниясынан 50 мыңнан астам қолғап тігуге үлкен тендер ұтып алдық. Бұл сотталғандарды 3-4 ай бойы тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді, — дейді кәсіпкер.



Екінші ангардан жұмыс орнын ашып 50 сотталушыны еңбекке алған “Чечурина” ЖК басшысы Сергей Соколунин аталмыш мекемеде алғаш рет өз жұмысын бастамақ. Оның кәсібі — жасанды шыршалар жасау. Ел бойынша аталған кәсіппен айналысатын жалғыз бизнес өкілі өндірісін одан ары кеңейтуге мүмкіндік барын алға тартты.
— Үш жылдан бері осы кәсіппен айналысып келемін. Біздің шыршалар тек ел аумағында емес, Армения, Ресей, Өзбекстан, Польша елдеріне тарауда. Ендігі мақсатым Еуропа елдерінің нарығына шығу. Қазіргі кезде жылына тек 15 000 шырша өндіріп отырмыз. Келер жылдан бастап оның көлемін 50 000 шыршаға жеткізу. Шыршалар таза пластик өнімдерінен жасалғандықтан сапасы өте жоғары және бағасы да қолжетімді. Ең үлкені 30 метр, ал ең кішісі 90 см құрайды, — дейді Сергей Соколунин.

Еңбек жағдайы және жалақы
Қостанай облысы бойынша ҚАЖД сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Сырым Оразғалиевтің мәліметінше, жаңа ғимараттың бірінде 80-ге жуық, ал екіншісінде 50-ге жуық сотталғандар жаңа жұмыспен қамтылып отыр.

- Жалпы көрсеткіш: №38 мекемеде жазасын өтеп жатқан 1000-ға жуық сотталғанның 808-і жұмыспен қамтылған. Мекеме аумағында ағаш, темір және басқа да өнімдерін шығаратын барлығы 28 кәсіпкер келісімшарт негізінде жұмыс істейді.
- Қарызды өтеу: Сот үкімі бойынша өтемақы төлеуге міндетті (сыртта қарызы бар) 700-ге жуық сотталғанның барлығы бірінші кезекте жұмысқа орналастырылған.
- Жалақы және жұмыс тәртібі: Жұмыс күні — 8 сағат. Еңбекақы 85 000 теңгеден басталады, жұмыс сапасына қарай қосымша үстемақы қарастырылған.
- Төлем жүйесі: Жалақы сотталғандардың қолына берілмейді. Кәсіпкерлер қаражатты бухгалтерия арқылы арнайы есепшоттарға аударады. Жазасын өтеушілер мекеме ішіндегі дүкеннен қажетті заттарын арнайы ведомость арқылы сатып алады.



Айта кетейік, аталған жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы 23 маусымда құқыққорғау органдарымен өткен отырысында берілген тапсырма аясында жүзеге асырылуда.
Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суреттерді түсірген Әбіл ДОЩАНОВ
