Биыл 68 жасқа толған кейуана Қостанай қаласында 40 жылдан астам уақыттан бері тұрып келеді. Ол алты бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана, бүгінде немерелері мен шөберелерінің қызығына бөленіп отырған жан.
Любовь Сергеевна қолөнерге бала кезінен қызыққан. Жылдар бойы тоқу өнерін жетілдіріп, оны өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған. Оның қолынан шыққан түрлі тоқыма бұйымдары қала тұрғындарының көңілінен шығып, сұранысқа ие болып отыр. Әрбір бұйымнан шебердің ұқыптылығы мен іске деген жауапкершілігі анық байқалады.

– Қол қусырып отырғанды ұнатпаймын. Еңбек адамға күш береді, көңілін көтереді. Тоқыма тоқу да, бақша күту де маған қуаныш сыйлайды. Өз еңбегімнің нәтижесін көргенде ерекше шабыттанамын, – дейді Любовь Сергеевна.
Соңғы алты жылдан бері ол Набережная көшесінде өз өнімдерін ұсынып келеді. Қолөнермен қатар, үй ауласында құлпынай, қызанақ, қияр және басқа да көкөністер өсіреді. Табиғи өнімдерді өз еңбегімен баптап, қала тұрғындарына ұсынады. Сапалы әрі балғын өнімдерінің арқасында тұрақты тұтынушылары да қалыптасқан.


– Бүгінде еңбектің арқасында көптеген жақсы адамдармен таныстым. Тұрақты сатып алушыларым бар. Олардың ризашылығын есту – мен үшін үлкен қуаныш, – дейді кейіпкеріміз.
Любовь Сергеевна үшін еңбек – өмір салты. Ол бос отырмай, әр күнін пайдалы іспен өткізуді жөн көреді. Өз кәсібіне адал жанның еңбегі көпшілікке үлгі болып келеді.
Қарапайым еңбегімен халықтың құрметіне бөленген Любовь Сергеевна Петрова адал еңбектің адам өміріндегі маңызын өз ісімен дәлелдеп жүр. Оның өмір жолы табандылықтың, еңбекқорлықтың және өмірге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.
Аружан Қамбарова
ҚӨУ 2-курс студенті
