Іс-шара Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде ұйымдастырылып, оған студенттер мен ұстаздар қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – ұлттық тәрбие құндылықтарын дәріптеу, отбасы өнегесінің адам қалыптасуындағы маңызын түсіндіру және жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.
Тағылымды кездесу Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырмасымен «Жаңашыр бол» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.


Қатысушылар «Ұшқан ұя» шығармасындағы отбасы тәрбиесі, үлкенге құрмет, ата-әже өнегесі мен ұлттық құндылықтар туралы пікір алмасты. Сондай-ақ отбасы мен білім беру ұйымдарының тәрбие үдерісіндегі өзара байланысын талқылады.
Шара барысында сұрақ-жауаптан құралған әдеби сайыс ұйымдастырылып, үш топқа бөлінген студенттер таласты тартыс жүргізді. Жеңімпаздар «Жанашыр бол» қоғамдық қоры атынан сыйлықтарға ие болды.


— «Ұшқан ұя» шығармасы арқылы жас ұрпаққа адамгершілік, жауапкершілік, отансүйгіштік және үлкенді сыйлау сияқты қасиеттердің отбасынан бастау алатынын ұғындыру көзделді. Бауыржан Момышұлының өнегелі ғұмыры ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды мысал. Сондықтан бүгінгі кездесудің алдымызда отырған жастарға берері бар екенін айтқым келеді, — дейді ұйымдастырушылардың бірі, «Кітап оқитын ұлт» өңірлік жобалық кеңсесінің менеджері Ботакөз Дүйсембаева.
Материал «Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» ММ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Жастар ортасында қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау» жобасын іске асыру шеңберінде дайындалды.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген автор
