Қостанайда «Келіндер көтерілісі» комедиясы көрерменге жол тартты

І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында көрермен назарына өзбек халқының көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясын ұсынды.

Отбасылық құндылықтар, дәстүр мен жаңашылдықтың арақатынасын әзіл арқылы жеткізетін бұл шығарма көп жылдан бері сахнадан түспей келе жатқан танымал туындылардың бірі. Қойылымның қоюшы-режиссері – «Құрмет» орденінің иегері, атыраулық режиссер Мұқанғали Томанов.

Спектакль желісінде ата дәстүрін берік ұстанған қатал ене Фармон бибі мен заманауи көзқарастағы жас келін Нигораның арасындағы қарым-қатынас суреттеледі. Жеті ұл өсіріп, келіндеріне билігін жүргізген Фармон бибінің әулеттегі беделі ерекше. Алайда оның қалыптасқан тәртібіне кенже келін болып түскен Нигораның еркін ойы мен батыл мінезі өзгеріс әкеледі.

Фармон бибінің рөлін Қазақстанның мәдениет қайраткері Зәмзәгүл Бегайдарова сомдады. Бұл қойылым актриса үшін ерекше мәнге ие. Себебі осыдан жиырма жыл бұрын дәл осы театр сахнасында актриса Нигораның рөлін ойнаған еді. Ал араға жылдар салып, сол келіннің енелік жасына жеткен бейнесін сахнаға алып шықты.

– Бұл – мен үшін үлкен тарих әрі үлкен бақыт. Нигораны ойнаған кезде жас болдым. Дегенмен ол рөл маған оңай тиген жоқ, кейіпкердің мінезін, болмысын ашу үшін көп іздендім. Ал қазір өзім де келін тәрбиелеп отырған енемін. Сондықтан Фармон бибінің образын түсінуім де, сезінуім де өзгеше болды. Бір спектакльдегі екі басты рөлді сомдау – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді өнер иесі.

Комедия тек ене мен келін арасындағы түсініспеушілікті ғана емес, қоғамдағы адам еркіндігі, таңдау құқығы, отбасы ішіндегі өзара сыйластық сынды маңызды мәселелерді қозғайды.

 

Назгүл Азатқызы

 Суретті І.Омаров атындағы

қазақ драма театры ұсынды

 

 

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.