Қостанайда тұрғын үй жағдайын жақсартуды жоспарлаған азаматтар үшін мемлекеттік қолдаудың бір түрі — тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау басталды.
Қалалық әкімдіктің Тұрғын үй қатынастары бөлімінің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, 2026 жылғы қыркүйек айына арналған тұрғын үй сертификатын алуға өтінімдер 15 қыркүйектен бастап электронды түрде қабылдануда.
Сертификат мөлшері тұрғын үй сатып алу кезіндегі бастапқы жарнаның 90%-ын құрайды. Алайда берілетін қолдау көлемі 1,5 млн теңгеден аспайды. Мысалы, бастапқы жарна 1,5 млн теңге болса, сертификат арқылы оның 90%-ына дейін, яғни 1,35 млн теңгеге дейін көмек алуға болады.
Тұрғын үй сертификаты тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының бірі. Оны алуға құқығы бар азаматтардың санаттары мен сертификат мөлшері Қостанай облыстық мәслихатының 2025 жылғы 25 тамыздағы №239 шешімімен белгіленген.
Өтінім белгіленген тәртіппен электронды түрде беріледі.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Фото ЖИ
