Қостанайда ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен мұрасын насихаттауға бағытталған «Алтынсарин көшесімен серуендеу» атты үздік бейнероликтер байқауы өтті. Сайысқа мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, қазақ тілінде 2-5 минуттық жалпы саны 11 бейнеролик ұсынған.
Өз жұмыстарында қатысушылар Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы мен ағартушылық қызметін ғана емес, Қостанай қаласындағы орталық көшелерінің біріне есімінің берілгені жайлы тарихи кезеңді қамтыпты. Қазылар алқасы бейнероликтердің мазмұнына, ақпараттың нақтылығына, монтажы мен дыбыстық сүйемелдеу сапасына назар аударды.
Қазылар құрамында журналист, жас жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бейбіт Нұрмұханов және Л. Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының дыбыс режиссері Ким Богдан болды.

— Бізге келіп түскен бейнероликтерді егжей-тегжейлі қарап, жасалу жағына да, онда айтылған ақпараттардың шынайылығына да көз жеткізіп, бағаладық. Барлығыңыз өте жақсы жұмыс жасағансыздар. Мен көбіне монтажға, қандай эффектілер қолданылғанына мән бердім. Ал Серікбай Оспанов Ыбырай Алтынсарин жайлы айтылған ақпараттардың қаншалықты шынайы екеніне назар аударды. Жұмыстарың өте жақсы шыққан. Еңбектеріңіз елене берсін, — деді Бейбіт Нұрмұханов.
Шығармашылық додаға арнайы келген қонақ «Мирас» мәдениет сарайының өнерпазы Сәуле Жұмабай қатысып, жетіген аспабында «Маржан қыз» әнін орындады.

Байқау нәтижесі бойынша Қостанай өңірлік университетінің 4-курс студенті Гүлдана Қайыржан І-орынға ие болды. ІІ және ІІІ-орындарды гуманитарлық колледж студенттері иеленді. Өзге қатысушылар түрлі номинациялармен марапатталды. Жүлдегерлер мен номинация иегерлеріне дипломдар және қаржылай сыйлықтар табысталды.
Нұрсила Адебова
Суреттерді түсірген автор
