Отбасы – қоғамның берік іргетасы, адамгершілік құндылықтардың бастауы және әр адамның сенімді тірегі. Сондықтан қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға уақытылы қолдау көрсету мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Осы міндетті жүзеге асыруда Қостанай қаласының Отбасын қолдау орталығының орны ерекше.
Орталық өз жұмысын өткен жылдың қазан айында бастап, аз уақыт ішінде қала тұрғындарына қажетті әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсететін маңызды мекемеге айналды. Бүгінде мұнда психологтар, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер мен кейс-менеджерлерден құралған 17 маман қызмет етеді.
– Орталыққа жүгінушілер саны жылдан-жылға артып келеді. Егер өткен жылдың соңғы үш айында 66 өтініш тіркелсе, осы жылдың алғашқы бес айында олардың саны 405-ке жетті. Оның 247-сі мемлекеттік органдардан түскен хабарламалар болса, 158 азамат көмек сұрап өз еркімен келгендер. Өтініштер бойынша барлығы 387 қолдау шарасы көрсетілген. Оның басым бөлігі психологиялық және заңгерлік көмекке тиесілі. Сонымен қатар тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді рәсімдеу, электрондық цифрлық қолтаңба алу, атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беру, мемлекеттік порталдарда тіркелу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша жан-жақты қолдау көрсетіледі, – дейді Қостанай қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мекемесінің «Отбасын қолдау орталығының» басшысы Айгүл Шәріпова.
Тұрғындар көбіне алимент өндіру, банктік шоттарға қойылған шектеулерді алып тастау және жеке тұлғалардың банкроттығы мәселелері бойынша жүгінеді. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында заңгерлік көмек көрсету мәселесі бойынша 36 өтініш қаралған.
Алимент өндіруге қатысты он екі өтініш түсіп, он азаматқа қажетті құжаттарды дайындауға нақты көмек көрсетілген. Нәтижесінде екі әйелдің алимент төлемдерін алуына мүмкіндік жасалған.
– Сондай-ақ төрт азамат жеке тұлғаның банкроттығы рәсімі бойынша жүгініп, оның екеуі банкрот деп танылды. Бұдан бөлек, 16 нотариалдық атқарушылық жазба күшін жойып, азаматтардың банктік шоттарына қолжетімділігі қалпына келтірілді. Заңгерлік қызметтің сапасын арттыру үшін осы жылдың 2 ақпанда Қостанай облыстық адвокаттар алқасымен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды, – деді ол.
Орталық қызметінің маңызды бағыттарының бірі – республикалық «111» байланыс орталығымен өзара іс-қимыл. Бұл жүйе қиын жағдайға тап болған азаматтарға шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Жыл басынан бері сенім телефонына 34 өтініш түсіп, олардың барлығына қажетті кеңес пен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
– Қала әкімінің өкімімен құрылған мобильді топтардың жұмысы да нәтижелі жүргізілуде. Құрамына түрлі мемлекеттік мекемелердің 67 өкілі кірген топтар азаматтардың тұрғылықты жеріне барып, жағдайын зерделеп, қажетті көмек көрсетеді. Жыл басынан бері мамандар 49 рет көшпелі тексеру жүргізді. Әрбір жағдайда азаматтардың әлеуметтік жағдайы бағаланып, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылды. Ведомствоаралық жұмысты үйлестіру мақсатында «FSM Social» ақпараттық жүйесі қолданылады. Бүгінде жүйеге 77 мемлекеттік ұйым қосылып, 244 пайдаланушы жұмыс істейді, – деп атап өтті Айгүл Шәріпова.
Бұл жүйе қиын жағдайдағы азаматтар туралы ақпарат алмасуға, отбасыларды сүйемелдеу жұмыстарын бақылауға және мобильді топтардың қызметін үйлестіруге мүмкіндік береді.
Жандос Жүсіпбек
Фото ЖИ
