Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында «Жастар арасында қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау» жобасы аясында кездесу өтті. Іс-шарада жастар отбасы құндылықтары, ұлттық дәстүр және қазіргі қоғамдағы отбасылық қарым-қатынас мәселелерін талқылады.
Кездесуде қатысушылар берік отбасының негізі саналатын өзара сыйластық, сенім, қолдау және жауапкершілік туралы пікір алмасты. Академияға арнайы шақырылған қонақтар көпке үлгі боларлықтай кейіпкерлер — Мақсат және Райхан Арыстановтар отбасы. Олардың шаңырақ көтергеніне биыл — 58 жыл.


— Біз жарты ғасырдан астам бірге тұрып келеміз. Осылай жұбымыздың жарасуына себеп — түсіністік пен сыйластық. Соның арқасында үлгілі отбасын құрып 4 бала, 10 немере мен 5 шөбере сүйдік. Жасым сексенге келсе де қоғамда белсенді азаматтардың бірімін. Жұбайымыз екеуміз “Ақдариға” хорының мүшелеріміз, — дейді Мақсат Жүнісұлы.
Жастарды тәрбиелеп отырған академия басшысының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ерлан Намысов студенттерге болашақ үшін бұл кездесудің маңызын атап өтті.
— Бұл кездесу сіздер үшін өнеге мен тәрбиенің бір сабағы, — деді ол жастарға сөз арнап. — Үлкендердің жолы тәжірибелі. Сондықтан әр айтқан сөздеріне мән салып, саналарыңа тоқыңдар. Сонда ғана жақсы азамат болып, берекелі отбасы құруға деген ниет түзу болады.
Сөз арасында қазіргі отбасыға әсер ететін факторлар айтылды. Атап айтқанда, жұмысбастылық, қаржылық мәселелер, әлеуметтік желілер мен гаджеттердің отбасылық қарым-қатынасқа ықпалы талқыланды. Спикерлер қиындықтарды еңсеруде ашық сөйлесу, бір-бірін тыңдау және ортақ шешім қабылдау қажеттілігі талқыланды.


— Шаңырақтың тыныштығы да, абыройы да — әйел. Бала тәрбиесі, тазалық, жолдасының жағдайын жасау, бәрі де әйелдің міндеті. Сабыр мен төзім, басқа үйдің түтінін түзеу, ұрпағын жалғау, сол отбасының дәстүрі мен тәртібін сақтау арқылы біз өз орнымызды табамыз, — дейді “Ақдариға” хорының мүшесі Райхан Ақанқызы.
Ұлттық салт-дәстүрдің бала тәрбиесіндегі орнына да ерекше назар аударылды. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, ағайынмен араласу және отбасылық дәстүрлерді сақтау – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан құндылықтар екені айтылды. Студенттер өз отбасындағы дәстүрлерімен бөлісіп, ата-анадан алған тәрбиесінің өміріндегі маңызына тоқталды.
— Анам үйге қонақты көп шақыратын көпшіл адам, — дейді курсант Альбина. — Үнемі айтатын ақылы “кісі келсе қабақ шытпаңдар, ертең өздерің де бір шаңырақтың иесі боласыңдар” дейді. Анамның сөздері берекелі отбасының қазығын дұрыс қақсын деп айтылады. Сондықтан мен онымен келісемін.
Кездесуде отбасы алдындағы жауапкершілік пен ажырасу мәселесі де қозғалды. Қатысушылар отбасы құрудың тек сезімге емес, өзара түсіністік пен жауапкершілікке негізделуі қажеттігін атап өтті. Алайда облыстық маслихаттың депутаты Александра Сергазинова соңғы жылдары отбасылардың ажырасуы көбейіп кеткенін айтып, алаңдаушылық білдірді.


— Қазіргі кезде отбасылар арасында ажырасу көп. Біздің облыс көш бастап тұр. Неге? Отбасы институттарына не болды? Біздің ұлттық құндылықтарымыз қайда жоғалып барады. Бұл үлкен мәселе, — деп депутат ортаға сауал тастады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ашық кездесулер жастардың отбасы туралы түсінігін кеңейтіп, өз отбасындағы құндылықтарға жаңаша көзқараспен қарауына мүмкіндік береді. Өйткені отбасы – баланың алғашқы тәрбиесін алып, өмірлік ұстанымдары қалыптасатын негізгі орта.
Кездесу соңында академия басшылығы шараға мұрындық болған “Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі” тапсырысымен жасалған “Жанашыр бол” қоғамдық қоры мүшелеріне алғысын білдірді. Мақсат қария өнегелі кешті өзінің керемет әнімен аяқтады.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Нұржан Смаилов
