Қостанайдың дарынды перзенті көрнекті қаламгер, шебер аудармашы Қасым Тоғызақов хақында

Қостанайдан сексен шақырым жерде жатқан, табиғаты көркем, айналасы ну-орманды Меңдіқара өңірі талай талант иелерін түлетіп ұшырғаны тарихтан белгілі. Олардың қатарында бүгін мақалама арқау болып отырған Қасым Тоғызақов бар.

ӨНЕГЕЛІ БАСҚОСУ

Жергілікті бауырларымыз өздерінің даңқты жерлестерін ұмытпай, әрдайым есімдерін ұлықтап отыруды өздеріне парыз санайды. Осы сөзімізге аудан орталығы «Юбилейный» мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Тағдырлы тұлға» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конференция нақты дәлел.

Осынау тағылымы мол жиынға зиялы қауым өкілдері, есімдері күллі елімізге танымал ақын-жазушылар, көрнекті ғалымдар мен менің әріптестерім қатысты. Онда Қасым Сәрсенұлының өткен шығармашылық өмір жолы, қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі кеңінен сөз болды.

Аталған басқосуға Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматыдан оның дарынды ұлы, кезінде «Шал» кинофильмінде шеберлігімен көзге түскен Ерболат Тоғызақов арнайы шақырылды. Кездесуде ардақты әкесі жайлы жүректі қозғайтын естеліктер айтып, жерлестеріне шынайы алғысын жеткізді.

Өз басым, мынау тіршілікте Қасым ағаны көре алмадым. Бірақ оның артында қалдырған бай мұрасын бір кісідей білемін. Мұндай қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар тұлғаны ұлықтау әрі дәріптеу – әрбір қаламгерге парыз деп ойлаймын.

ҚАСЫМ КӨРГЕН ҚАСҚА ЖОЛ

Қасым Сәрсенұлы Тоғызақов 1910 жылы Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Екпінді ауылында дүниеге келді. Қасымның әкесі Сәрсен шындығына келсек, ақынның атасы болып табылады. Сәрсенбайдың негізгі бел баласы Нұрым. Ал Қасым осы Нұрымның тұңғышы. Ата-бабамыздан келе жатқан қазақ халқының салты бойынша Сәрсен ақсақал тұңғыш немересін ерекше жақсы көріп, кішкентай кезінде бауырына салады. Осылайша, ол Қасым Сәрсенұлы Тоғызақов болып жазылып кеткен.

Ал енді Сәрсен деген ақсақал кім болған? Ол ауыл, тіпті ағайын-туғанның арасында өзінің сөзін тыңдата білетін, ақылды да парасатты, арабша сауатты азамат болған.

Ол сауатты кісі болған соң, Сәрсен ақсақал болашақ ақын Қасымды жеті жасында ауылдағы молдаға оқуға беріпті. Бұл 1917 жылы болатын. Осы күнді еске алып, жазған өлеңінде Қасым Тоғызақов былай деп толғайды:

Он жетінші жыл мен жетіде ем.
Қалта ұстап, сабаққа кетіп ем,
Молданың біраз жеп таяғын,
Советтік мектепке жетіп ем.
Талғамай, қарасын, торысын,
Ноғайын, қазағын, орысын.
Жеткізген теңдікке Октябрь,
Мойнымда перзенттік борышым.

Осы жылы тұңғыш немересін бауырына басып, мейірімін төккен Сәрсен ақсақал күтпеген жерден ауырып қалады да баласы Нұрымды алдына шақырып „Мен осы аурудан қорқамын. Мына Қасымым тірі болса, келешегі бар, бір-екі жыл молдадан қара таныған соң Қырықбойдақ қаласындағы төрт жылдық орыс мектебіне бер„ деп оған өсиет сөзін айтады.

Содан Нұрым 1920 жыл шамасында Қасымды орыс мектебіне береді. Талантты, зерек бала төрт жылдық орыс мектебін ойдағыдай аяқтайды. Баланың пысықтығына, ширақтығына риза болған Нұрым оны 1926 жылы Қостанай қаласына алып барып, жеті жылдық мектепті бітірген соң Қостанай педагогикалық техникумында білімін жалғастырды.

Содан шаһар өміріне бойын үйреткен жасөспірім комсомол жиналыстарында сөз сөйлеп, оқу орнының қабырға газеттерінде жиі көрініп отырады. Ауылдағы анасын, кіндік қаны тамған жерін, құрдастарын, бауырларын сағынғанда өлеңмен хат жазып, сағынышын басады екен.

«АҚЫНДЫҚ ӘКЕММЕН АЙТЫСУДАН БАСТАЛДЫ»

Қасымнан келген хатқа әкесі Нұрым да өлеңмен жауап беріп отырыпты. Сол күндер жайлы еске алғанда Қасым Тоғызақов «Мен ақындықты әкеммен айтысудан бастадым» дейтін.

Осы техникумда оқып жүргенде Қостанайдан шығатын, кезінде қазақтың тұңғыш журналисі Мұхамеджан Сералин редактор болған «Ауыл» газетіне тілші ретінде атсалысып, өлең жазып тұрды. Сөйтіп ақынның тырнақ алды туындысы осы басылымның бетінде 1927 жылы жарық көрді.

Аталған газеттің бетінде оның әзіл-оспақтары, күлкі-сықақтары, бай мен кедейдің қағысы, (фельетондары) «Жедел қарт» деген атпен жарық көреді. Әрине, бұл жас дарынды тың ізденістерге жетелеп, жазу өнеріне деген құштарлығын барынша оятады.

Көрнекті ақын әрі аудармашы Қасым Тоғызақов сонау жылдарға тоқтала келе «Ауыл» газетіндегі менің негізгі ұстаздарым — Бейімбет Майлин, Жұмаш Еленов, Меңетай Жақсылықов, Хасен Өзденбаев, Жекен Сәрсенбин, Ақбас Дүйсенбаев сияқты майталман әдебиетшілер болғанын еске алатын. Ол кісілердің айтқан ақылы, көрсеткен бағыт-бағдары өзінің ақын болуына түрткі болғанын жасырмайды.

Алайда уақыт өте, яғни 1930 жылы бұрынғы Одақтағы беделді оқу орындарының бірі — Ленинград қаласындағы А.И. Герцен атындағы педагогика институтының орыс тілі және әдебиеті факультетіне оқуға қабылданды. Ондағы студенттік өмір босқа өткен жоқ. Атақты педагог, дүние жүзіне белгілі ғалым Николай Яковлевич Морданнан дәріс алуы оның өміріндегі ең бір бақытты сәттерінің бірі-тін.

АУДАРМАҒА БЕТБҰРЫСЫ

Жоғарыда біз оның жастайынан орыс мектебінде оқып, тәлім-тәрбие алғандығын айтып өттік. Оның Қасым ағамызға әлгі үлкен қалаға оқуға барған кезде көп пайдасын тигізді. Үлкен кітапханаларға жиі барып, әдебиеттің небір інжу-маржандарын көңіліне тоқыды. Әсіресе, орыстың ұлы ақындары А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Некрасовтың поэзияларынан қалағанынша сусындады.

Міне, осы кезде мұның басына «Олардың шығармаларын қазақ тілінде сөйлетсем қалай болар екен?» деген тың ой келді. Бұған Лермонтовтың ғажайып-романтикалық поэмалары ерекше әсер етті. Сондықтан ақынның „Бастуншы ауылы„ деп аталатын поэмасын аударған болатын. Одан кейін оның „Демон„ деп аталатын шығармасын қолға алды. Содан көп өтпей екі поэманың басын қосып, жеке кітап етіп шығарды.

Сол іргелі оқу орнын аяқтаған соң, 1934 жылы Алматыға оралды. Бойында табиғи дарыны бар жиырма төрт жастағы жігіт Қазақстан Жазушылар Одағында аударма бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Мұнда жүріп, өзі секілді әдебиетке өмірін арнаған қаламгерлермен араласты.

ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВТЫҢ ӘДЕБИ ХАТШЫСЫ БОЛҒАН

Қасым Тоғызақовтың өмірінде қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болып жұмыс істеген жылдардың орны ерекше. Онымен бірге Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты.

Жамбыл секілді біртуар тұлғаға хатшы атану үшін оған қаншама терең білім, ой-өріс керек екендігі де белгілі. Өйткені, ол ақынның айтқан өлеңдерін жазып алып, редакциялады. Сонымен қатар, оның сол кезде шығарған негізгі шығармаларын сөзбе-сөз орыс тіліне аударды.

Жалпы, Қасым Тоғызақов өзінің әдебиетке деген ұмтылысы сонау 1927 жылдан басталды. Талантты қаламгердің өлең, очерк, фельетондары сол кездегі мерзімдік баспасөз беттерінде тұрақты жарияланып тұрды. Оның алғашқы фельетондар жинағы „Жедел қарт„ деген атпен 30-шы жылдардың аяғында жарық көрді. Сондай-ақ оның өлеңмен жазылған „Сібір Омар„ романы жарияланды.

Оның таңдамалы поэмалары мен аудармалары 1971 жылы „Айдауық„ деген атпен жеке кітап болып шыққаны зиялы қауымның есінде болар.

Қасым Сәрсенұлы орыс классиктерінің шығармаларын аударуға шындап ден қойды. Ол Лермонтовтың поэмаларын аударумен шектеліп қалмай, орыс поэзиясының жарық жұлдызы Александр Пушкиннің шығармаларын да қолға батыл алды. Алдымен оның „Бақшасарай фонтаны„ деп аталатын поэмасын аударды.

Әлгі шығармалардың шынайы шыққандығы соншалықты, Қуат Терібаев, Өтей Қалиев секілді халық ақындары оларды лезде жаттап алып, домбырамен төгілдіріп орындады.

Сонымен қатар, Қасым Тоғызақов Лермонтовтың «Мцыри», «Хажы Әбірек», «Саша», «Ақын өлімі», Некрасовтың «Орыс әйелдері», Гогольдің «Үйлену», Чеховтың «Шағала», А. Толстойдың «Алтын кілт» сынды кітаптарын қазақ тілінде сөйлетті.

Сондай-ақ, атақты ақындар В.Маяковский, Д.Бедный, С.Стальский, В.Лебедев-Кумач, А.Твардовский, Я.Купаланың бірқатар өлеңдері мен дастандарын шебер аударды. Қазақтың талғампаз оқырмандары орыстың көптеген ұлы ақындарының айтулы туындыларын Қасым ағаның арқасында қазақ тілінде оқуға мүмкіндік алды.

Оның „Сібір Омар„ деп аталатын дастаны өте көркем әрі назар аударарлық туынды. Ол шындыққа негізделген. Мұнда даңқты жерлесіміз, революционер Омар Досжановтың өмірі арқау болған. Ал Досжановтың кім болғаны зерделі қауымға жақсы таныс болса керек. Қазір көрікті қала Қостанайдағы үлкен бір көше қазақтың даңқты перзенті Омар Досжановтың есімімен аталады.

ТУҒАН ЖЕРГЕ АРНАЛҒАН ЖЫР

Өзім осы көрнекті ақын әрі аудармашы Қасым Тоғызақов жайлы мақала жазу барысында оның 1980 жылы Алматыдағы „Жазушы„ баспасынан шыққан дастан және өлеңдер жинағын қолыма түсіріп, тағы да оқып шықтым. Бұл еңбекке „Сібір Омар„ дастаны мен өлеңдері енген екен. Сонда бір назарымды ерекше аударғаны — бұл талантты ақын өзінің туған жерін ерекше жақсы көріп, шығармаларына арқау етіп отырған.

Сөзім жалаң болмас үшін оның „Менің Тобыл өзенім„ деп аталатын өлеңін келтіре кеткенді жөн көрдім.

Жұрт аузында менің Тобыл өзенім,
Өз халқына мақтан болған көз елім.
Өз дәулетін өзі бүгін молайтты,
Өз жеріне ие болған өз елім.
Өз елімнен айырмаймын өзімді,
Бірге болам, табам шыдам, төзімді.
Аярым жоқ, бойда барым соныкі,
Соған берем жаным менен сөзімді.
Бірге шығам басына құз-қияның,
Елім үшін бар жақсыны жиямын.
Дүниеде басқа тілек менде жоқ,
Мерейі өссе өзім ұшқан ұяның.

Аталған жинақтағы қай өлеңді алсақ та өзінің көркемдігімен, айтар ойыменен дараланып тұрады. Сөздің реті келгенде оның кезінде өзіне «Ауыл» газетінде және Алматыда қамқор болған ағасы әрі қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасы Биағаңа арналып жазылған «Менің ағам Бейімбет» деп аталатын өлеңі де көпшілікке ой саларлықтай.

Қасым Тоғызақовтың балғын балалық шағы жоғарыда аталған Тобылдың төсінде, ақ қайынның аясында өткені қалың жұртшылыққа аян. Сол себептен де ол туып өскен жерін ақындық ерекше шабытпен былайша жырға қосады:

Қостанай!
Жүрегімде, көңілімде,
Қаласың,
ұмытылмай өмірімде.
Кешегі келмес қайтып бала күнім,
Өтіп еді өлкең мен өңіріңде.
Мен сенің топырағыңда жаралғанмын,
Уыздай тәтті ауаңнан нәр алғанмын.
Анамсың,
ақ сүтіңді ақтау еді,
Көкейді кесіп жүрген бар арманым.

Сондай-ақ, көрнекті аудармашы Иван Шуховтың „Өшпенділік„ атты романын, Хамза Есімжановпен бірге Оноре де Бальзактың бір романын тәржімалады.

Қасымның қабілетін көрген Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсірепов оны өздеріне көмекші етіп алып, тәлімгерлік еткен. Халқымыздың біртуар перзенті, азамат соғысының батыры, жау қолынан қапыда қаза тапқан Амангелді Иманов туралы киносценарийді жазған Қасымды өздеріне кеңесші етіп, жандарынан бір елі қалдырмайтын.

Сонымен қатар, сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» операсына либретто жазды. Әсіресе, оның 1979 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан шыққан «Күләш» деп аталатын поэмасы қалың оқырманның жүрегінен берік орын алды. Көркем тілмен жазылған туынды елу төрт беттен тұрады. Ақын бұл поэмада жиырма төрт жасында КСРО халық әртісі атанған қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Бәйсейітованың өмірі мен өнер жолын жырлайды.

Меңдіқарада өткен рухани тағылымы мол кеште оның есімін мәңгілік қалдыру мақсатында нақты ұсыныстар айтылды. Соның бірі — көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы Қостанайда бір көшеге Қасым Тоғызақовтың есімін беру жөніндегі ойлы пікірі көпшілік тарапынан қолдау табады деген үміттеміз.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет ғалымтордан алынды

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.