Нағыз азаматты танып, білу үшін көп уақыттың керегі жоқ. Бұған бүгінгі кейіпкерім Сейілхан Рахмановпен кездескен кезім нақты айғақ бола алады. Бұл 2001 жылдың жайма шуақ бір күні еді.
Біз журналистер қауымы жағымды жаңалық естісек елең ете қалатынымыз рас қой. Қостанай облысына қарасты «Заречный ауылында орналасқан жылқы зауытына білікті басшы және орынбасары қызметке келіпті» деген сөз жергілікті халыққа тез тарады.
«Жақсыны көрмек үшін» демекші, бұл талантты ғалымдармен тілдескенше асықтым.
Жұртшылық босқа айтпайды ғой. Шынында да екеуі де өзімізбен қатарлас, кәсіптері бойынша әбден шыңдалған, қазақы, адамгершілік қасиеттері де мол жігіттер болып шықты.
Ұжымның тізгінін ұстаған Нәбидолла Ақанұлы ашық жарқын мінезімен кісіні бірден баурап алса, оның орынбасары Сейілхан Сұлтанбекұлы салмақты да сабырлы, ойлы азамат екен.
«Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» демей ме? Жылдар сынаптай сырғып өткен сайын тап бір кішкентайдан тай құлындай тебісіп, бірге өскен балалардай жақын болып кеттік. Сейілханмен арамызда айтылмаған сыр да, жыр да қалмады. Оның жастық шағына саяхат жасап, кәдімгі инемен құдық қазғандай жанкештілікті қажет ететін ғылым жолына қалай түскендігін қызықтырып айтып беретін.
Содан жадымда қалғандарын шама-шарқым келгенше баяндап бергенді жөн көрдім. Меніңше, көзі қарақты оқырманның арасында Түркістан облысындағы Жетісай ауданын білмейтіндер жоқтың қасы шығар-ау. Өйткені, бұл жерден қаншама еліміздің атақ-даңқын асқақтатқан көрнекті тұлғалар, мәдениет қайраткерлері, талантты әншілер шыққан. Олардың аты-жөндеріне тоқталып жатқаным артық болар. Басқаларды айтпағанның өзінде, бесіктегі баласынан еңкейген қарттарына дейін руханиятқа құштар.
Бұл шаһардың өз драмалық театры да бар. Ол ұлтымыздың біртуар ұлы перзенті, қайталанбас тұлға Құрманбек Жандарбековтың есімімен аталады. Ал, әңгіме арқауына айналған Сейілхан құрдасым әлгі аталған ауданның табиғаты көздің жауын алатын ғажайып елді-мекен Асық-Атада 1956 жылдың мамыр айында туды.
Осы ауыл жайлы сөз бола қалса, сұхбатттасым өзінің кіндік қаны тамған құтты қонысы жөнінде таңды таңға ұрып, сөз етуге даяр. Тек, зейін қойып тыңдар адам болса болғаны. Ал, өзіне жарық дүние сыйлап, өз қолы аузына жеткенше тәлім-тәрбие беріп, ғұмырлық өнеге көрсеткен ата-анасы хақында сыр шерткенде ерекше сезімге бөленеді.
Әке тағылымы
Әулет басшысы Сұлтанбек Жұманқұлұлы Рахмановтың аты-жөні күллі елімізге кеңінен танымал. Білікті заңгер ретінде қара қылды қақ жарған, әрі барынша әділ болумен қатар талай жолын қуған жастарға қамқорлық танытқан қайсар жан-ды. Кейінгілерге тағылымды тәлімгер атанды. Кезінде оның шапағатын көрген азаматтар әлі күнге дейін серті мен ұстанымына берік болғандығын айтудан еш жалықпайды.
Сұлтанбек аға ғұмырын құқық саласына арнағандықтан артында өшпес із қалдырды. Замандастары оның еліміздің Шу, Түркістан, Шымкент қалаларында судья қызметін атқарғанын ұмыта қойған жоқ. Кейін білікті заңгер Алматы қаласындағы республикалық Жоғарғы сотқа шақырылды. Осы шаһарда құрметті демалысқа шыққанша аянбай еңбек етті.
Отағасы қызметте әріптестері арасында абыройлы да сыйлы еді. Шаңырақтағы перзенттерінің отансүйгіш, білімді де парасатты болып қалыптасуларына көп көңіл бөлді. Ол қолы бос кездерінде ғұмырын жалғастыратын ұл-қыздарына тек бір кәсіптің шебері ғана емес, жан-жақты барлық саладан хабардар болуларына айрықша назар аударды.
Ал, отбасының алтын діңгегі Мәрия Мәуленқызы өзіндік пікірі бар, ішкі мәдениеті өте жоғары жан-ды. Ол құдай қосқан қосағының алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайларды жасаумен бірге тұңғыштары Сейілхан, одан кейінгі қыздары Нұржамал мен Нұрсәуленің өз қатарларынан қалмай білікті маман атануларын, ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды терең меңгерулерін қалады.
Апамызды Қостанайға ұлына қонақ болып келгенінде көзіміз көрді. Мынау тіршіліктен түйгені мол екен. Ғибратты әңгімелерімен осындағы тонның ішкі бауындай араласып кеткен қауымды баурап алды. Қазір сол күндер біз үшін сағыныш.
Ата-анасынан үлгі алған ұрпақтары да оларды ұятқа қалдырмады. Туған жерінің гүлденуіне лайықты үлес қосты. Ес білгеннен еңбекқор, көпшіл, қиналғанды қолтықтарынан демейтін қамқор болып қалыптасты.
Өзіміз өмірден көріп жүргеніміздей, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас жеткіншектердің бойларындағы кейбір ешкімге ұқсамайтын сирек қырлары сонау алтын ұя мектептің қабырғасында жүргенде байқалады. Сейілханның зерделілік, арғырлық, тиянақтылық секілді қасиеттері өзгелерден бірден дараланып тұратын. Руханиятқа жаны жақын болды. Кітапты таңдап, талғап көп оқитын. Шахматқа да қызығушылық танытты. Ойлау қабілеті кімді болсын таңдандырмай қоймайтын. Сол кезеңнің өзінде жастығына қарамастан уақыттың қадірін жете білетін. Міне, бұл келешек ғалымға тән емес деп кім айта алады. Сол зейінділігі жылдар өте қиындығы мен қуанышы жетерлік ғылымға біржола алып келді.
Ғылымда өз қолтаңбасы бар
Жастайынан ғалым болуды армандаған бозбала Алматы қаласындағы № 30 орта мектепті ойдағыдай тәмәмдады. Оның ендігі алдына қойған басты мақсаты — жүрегі қалаған мамандықты игеріп, еліне адал қызмет ету-тін. Атамыз қазақ «Талпынған жетер мұратқа» деп босқа айтпайды. Талапты да өз біліміне сенген жігерлі жігіт республикамыздағы беделді оқу орындарының бірі – Алматы қаласындағы зооветеринарлық институтының зоотехника факультетіне құжатын тапсырғаны әлі күнге дейін есінде.
Ол барлық емтихандардан сүрінбей өтіп, таңдаған жоғары оқу орнының студенті атанды. Мұнда да көптің бірі емес, алдыңғы шептегі шәкірттің қатарында болды. Кітапхана оның сүйікті орнына айналды.
Оқу бағдарламасынан тыс ғылымның өзіне бейтаныс сырларына қанығуға талпынды. Мұның осындай ізденімпаздық жақтарын оған факультетте дәріс беріп жатқан профессорлар мен оқытушылар аңғарып, оның болашақта елдің ғылымын дамытуға үлесін қосар белді өкілі болатындығына нық сенді.
Уақыт дегеніңіз қас-қағым сәт емес пе? Бес жыл бес күндей болмай өте шықты. Қолына көптен күткен диплом алған жас зооинженер Алматы облысындағы Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Қазақ қой шарауашылығы ғылыми-зерттеу технологиялық институтының ет сапасы және стандарттау зертханасының аға зертханашысы, ғылыми қызметкері болды. Осы аралықта ғылымға шыңдап ден қойды. Аспирантурада оқыды. Осы атынымсыз ізденістер зая кетпеді.
Содан кейін аталмыш облыстағы Абай құс фабрикасында бөлім меңгерушісі қызметін атқарып, біліктілігін шыңдай түсті. Мұндағы әріптестері де оның міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтындығын, адамдарға деген шынайы қарым-қатынасын айқын сезінді.
Осы кезге дейін үйренгені мен жинаған бай-тәжірибесі алдағы уақытта да алдынан шығып, басшылық қызметтерде ықпалын тигізді. Алайда, белгілі ғалым үшін Қостанай облысындағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытындағы жылдардың алар орны бөлек.
Онда құрдасы әрі сырлас досы Нәбидолла Аханұлы екеуі қысқа мерзім ішінде ұжымның елімізде мәртебесін көтерді. Нақты ғылымға сүйеніп, еңбек етудің арқасында өздерінің білікті маман әрі сегіз қырлы, бір сырлы басшы екендіктерін жергілікті жұртшылыққа, мұндағы қызметкерлерге дәлелдеді. Жылқы шаруашылығымен қатар бұрын ұмытылуға шақ қалған ат спортын қайта жаңғыртуға белсене атсалысты. Бұл салада тәжірибесі мол Нәкеңнің сенімді серігі бола білді.
Осы сөзіміздің жарқын айғағындай, төгілген маңдай тер лайықты бағасын алды. Өйткені, 2009 жылы Қостанай меценаттар клубы тағайындаған «Ғылым» номинациясы бойынша «Қазына» сыйлығының лауреаты атанды. Бұл марапат оған қанат бітіріп, оны жігерлендіре түсті.
Ел құрметіне бөленген талантты ғалым бертін өзінің жастық шағының ізі қалған Алматы қаласына оралып, Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтына жануарлар генетикасы және жылқы шаруашылығы бөлімінің жетекшілігіне шақырылды. Сондай-ақ мал шаруашылығы бөлімінің ғылыми кеңесшісі лауазымын атқарды.
Осы кезге дейін бірқатар жауапты қызметтерде әбден ысылған, ғылыми еңбектерімен көпке танылған тұлға ойлана келе өзінің жинақтаған бай тәжірибесін еліміздің жарқын келешегі болып табылатын жастардың бойына сіңіруге ұйғарым жасады.
2021 жылдан бері елордамыз Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетінің орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және қоршаған орта факультетінің экология кафедрасының аға-оқытушысы қызметін атқарып келеді. Әрбір дәрісіне тыңғылықты дайындалады. Оны өмірбен тығыз байланыстырады. Қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді арқау етеді.
Сондықтан болса керек студенттер де оның сабағына белсене қатысады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ұзақ жылдардағы көз майын тауыса зерттеген тындырымды еңбектері де өз нәтижесін берді. Алдымен, айтулы ғалым стандарттау және ет сапасы саласының білікті маманы, профессор Алексей Племянниковтың ақыл-кеңесімен кандидаттық, содан кейін жылқы шаруашылығының білгірі, академик Нәбидолла Кикебаевтың жетекшілігімен докторлық дессертациясын өте сәтті қорғады.
Ол үшін қандай қызмет атқарып, биіктерді бағындырса да, адамгершілік қасиет әрқашан да бірінші кезекте тұрады.
Қарапайымдылық, кішіпейілдік, қолдан келгенше айналасындағыларға жақсылық жасау, үлкенге құрмет, кішіге ізет таныту басты ұстанымдары болып табылады.
Артта қалған жылдары үнемі заман талабына сай біліктілігін көтеріп отыруды басты мақсат етті. Бұған түрлі тақырыптарға байланысты алған сертификаттары айғақ. Сонымен қатар 125-тен астам ғылыми жарияланымдардың авторы.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мал шаруашылығы және топырақтанудағы бақылау комитеті ұсынған журналдардағы құнды 15 мақала да көп жайдан хабар беріп тұрған жоқ па?
Осы аталған ғылыми жетістіктермен бірге 4 патенттің және 11 тәжірибелік ұсыныстың иесі екендігін де республикамыздағы бір мүдде жолында жүрген әріптестері жақсы біледі.
Әрине, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесінің атқарған істеріне, ғылымдағы табыстары мен алған белестеріне бір мақалада жан-жақты тоқталу мүмкін емес екені көпшілікке мәлім.
Әйтсе де оның ғылымдағы негізгі айналысатын зерттеу салаларына қысқаша тоқталған артық болмайтын секілді. Олар – ауыл, мал, жылқы шаруашылықтары, экология, қорықтық іс, жабайы табиғатты қорғау, аңшылықтану, тауартану және басқа да көкейтесті мәселелер. Мұның бәрі де қалың жұртты толғандыратын маңызды тақырыптар екендігі даусыз.
Лайықты құрметке бөленді
Адал еңбек пен төккен маңдай тер босқа кетпейтіндігі ақиқат. Бұл күндері Сейілхан Сұлтанбекұлының кеудесінде «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Құрметті ардагер» және басқа да медальдар жарқырайды. Ал грамоталар мен алғыс хаттар өз алдына бір төбе.
Әріптестері Рахмановтар отбасын ерекше құрмет тұтады. Өйткені, баршаның ыстық ілтипатына ие болған Сейілхан мен Розаның бір шаңырақтың астында тату-тәтті әрі бақытты ғұмыр кешіп келе жатқандықтарына жарты ғасырға жақындап қалды.
Секеңнің зайыбы Роза Дәуітқызының негізгі мамандығы педагог. Өз кәсібін жетік білетін замандасымыздың өзіндік айтары да мол. Екі жақтағы туысқандарды сыйлап, араласатын қимас достарға шынайы көңілмен қарайды. Қазақтың ежелден келе жатқан тағылымды жақтарын жетік білгендіктен, әрбір сөзінен ой-өрісінің кеңдігі, білімінің тереңдігі сезіліп тұрады.
Олар өздерінің қос перзентіне уақыт талабына сай тәлім-тәрбие берді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ғазиза білікті маман. Темірбек дәрігер. Осы екеуінен 7 немере сүйіп отыр.
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет кейіпкерден
алынды
