Салымшылар үшін Отбасы банкіндегі депозитке тұрғын үй алуға пайдалану үшін аударылған зейнетақы жинақтарына қатысты маңызды өзгеріс енгізілді.
Бұған дейін ЕНПФ-тен алынған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға белгіленген мерзім ішінде пайдалану қажет болатын. Алты жыл ішінде ипотеканы рәсімдеуге үлгермеген жағдайда қаражаттың ЕНПФ-ке қайтарылуы мүмкін деген талап болған. Енді бұл талап өзгерді.
Отбасы банкінің ресми мәліметінше, қаражат алты жыл өткеннен кейін де банктегі депозитте қала береді және оларды ЕНПФ-ке автоматты түрде қайтарудың қажеті жоқ. Яғни азамат тұрғын үй рәсімдеуге бірден мүмкіндік таппаса, депозиттегі зейнетақы қаражатын жоғалтпайды және алты жыл мерзімінің өтуіне байланысты оның ЕНПФ-ке автоматты түрде қайтарылуынан алаңдамауына болатынын айтады банк өкілдері.
Сонымен қатар банк қазақстандықтарға ипотеканы рәсімдеуді кейінге қалдырмай, мүмкіндік болған жағдайда бұл қаражатты тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарна ретінде пайдалануды ұсынады.
Айта кетейік, Отбасы банкінің қазіргі ресми ақпаратында ЕПВ пайдалану үшін арнайы шот ашу және тұрғын үйге бағыттау тәртібі көрсетілген.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Сурет ЖИ
