Қостанайдағы №19 мектепте «Шаңыраққа ұласқан дәстүр» атты этнографиялық шеберлік-сағаты өтті.
Іс-шара Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен жүзеге асырылып жатқан «Жастар арасында қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау» жобасы аясында «Жанашыр бол» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.




Шараның басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, оның мән-мағынасын жас ұрпаққа түсіндіру. Этнографиялық шеберлік-сағатына №19 мектептің мұғалімдері мен оқушылары белсенді қатысты.
Арнайы тігілген киіз үйде өткен кездесуде оқушылар қазақтың құдалық салтында қолданылған, бүгінде сирек кездесетін көне кәделермен танысты. Олардың қатарында «Жаушы», «Шеге шапан», «Ат байлар», «Құда тартар», «Кебіс салар» дәстүрлері бар.



Ерекшелігі – оқушылар дәстүрлер туралы ақпаратты тыңдап қана қоймай, оларды өздері орындап, салттың мазмұнын тәжірибе жүзінде көрсетті. Сонымен қатар киіз үйдің шаңырағы, қазақтың қонақ күту мәдениеті мен отбасылық құндылықтар туралы сұрақ-жауап ұйымдастырылды.



Шараға орыс тілінде білім алатын оқушылардың да қатысуы ұлттық мұраны кеңінен танытуға мүмкіндік берді. Балалар дәстүрлердің мағынасына қанығып, өздеріне ерекше әсер қалдырған сәттерімен бөлісті.


– Мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Біз осындай кездесулер арқылы отбасы құндылықтарын, ұлттық дәстүрлерді және ұрпақ сабақтастығын насихаттаймыз. Жастар дәстүрді тек естіп қана қоймай, өздері орындап, мағынасын түсінгені маңызды, – деді жоба жүргізушісі, «Дәстүрлі отбасы» номинациясы бойынша «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпазы Ботакөз Дюсембаева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа танытып қана қоймай, отбасы институтының маңызын түсіндіруге және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Лариса Божко
