50-ден астам адам қаржы пирамидаларынан зардап шегіп, келтірілген залал 88,1 млн теңгеден асты

Бұрын қаржы пирамидасын «ақша сал, адам әкел, табыс тап» деген қарапайым схема арқылы тану оңайырақ еді.

Бүгінде бәрі күрделене түсті. Пирамида өзін инвестициялық компания, маркетплейс, криптовалюта жобасы немесе тіпті виртуалды дүкен ретінде таныстыруы мүмкін. Сыртқы қабаты өзгергенімен, бір нәрсе өзгермейді: жаңа қатысушылардың ақшасына тәуелді табыс моделі.

Қостанай өңірінде 2025 жылы қаржы пирамидаларына қатысты 6 қылмыстық іс тіркелген. 2026 жылдың есепті кезеңінде тағы 2 іс қозғалған. Осы істердің аясында 50-ден астам тұрғын зардап шеккен, ал материалдық залал 88,1 млн теңгеден асқан. Бұл — қағаздағы статистика ғана емес. Оның артында өз жинағынан айырылған адамдар тұр.

«Виртуалды дүкеннің» ішінде тауар болмаған

Қаржы пирамидасының классикалық моделі көпшілікке таныс. Адам ақша салады, жаңа қатысушыларды шақырады, сол үшін сыйақы алады. Алайда қазіргі схемалар бұл механизмді ашық көрсетпеуге тырысады. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, соңғы уақытта мұндай жобалар инвестициялық компаниялар, маркетплейстер, тұтыну немесе өндірістік кооперативтер, криптовалютаға инвестициялау, жылжымайтын мүлік немесе автокөлік сатып алу жобалары ретінде ұсынылуда. Яғни «қаржы пирамидасы» деген жазу маңдайшасында тұрмайды. Керісінше, заңды бизнеске ұқсайтын атау, сайт, әлеуметтік желідегі парақша, инвестициялық ұсыныс пен табыс туралы жарнама азаматтың сенімін арттыруы мүмкін. Сондықтан бүгінгі басты сұрақ — «Бұл пирамида ма?», «Бұл жоба ақша табуды қалай қамтамасыз етеді?».

Бұған қатысты қазіргі мысалдардың бірі — «CVK» жобасы. Департаменттің мәліметінше, жоба өзін маркетплейс және инвестициялық платформа ретінде таныстырған. Қатысушыларға виртуалды дүкендер сатып алып, олардан күн сайын табыс табу ұсынылып, жаңа салымшыларды тартқаны үшін ақшалай бонустар мен сыйлықтар уәде етілген көрінеді. Алайда іс жүзінде виртуалды дүкендерде тауар болмай, керісінше төлемдер жүйесі жаңа қатысушылардың қаражатына тәуелді болған.

1,5 мың салымшы: ауаға кеткен ақша

ҚМА жүргізген жедел іс-шаралардың нәтижесінде 474 мың USDT көлеміндегі криптоактив бұғатталған. Қазір «CVK» жобасының қызметіне қатысты тергеп-тексеру еліміздің 14 өңірінде жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты істің егжей-тегжейі мәлімденген жоқ. Анығы, мәселе тек бір жобада емес. Мысалы, бір ғана «CVK» қаржы пирамидасының технологиясы мен сыртқы бейнесінің өзгеріп жатқанының айқын дәлелі.

— Әлеуметтік желі — жаңа «кеңсе». Бүгінде қаржы пирамидасының кеңсесі міндетті түрде қала орталығындағы ғимаратта орналаспауы мүмкін. Оның орнына Instagram парақшасы, Telegram-чаты немесе мессенджердегі жеке хат келуі ықтимал. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қаржы пирамидалары үшін жаңа қатысушыларды тартудың негізгі арналарының біріне айналып отыр. Қаржылық мониторинг агенттігі интернет кеңістігін тұрақты бақылап отырады. 2025 жылдың басынан бері республика бойынша 14 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталды. Сонымен қатар Instagram және Telegram желілеріндегі 100-ден астам заңсыз чат жабылды, — дейді департамент басшысы Тимур Хасанов.

Олардың жалпы аудиториясы шамамен 535 мың адамды құрапты. Бұл цифрлар интернеттегі бір жарнаманың артында қаншалықты үлкен аудитория тұруы мүмкін екенін көрсетеді. Бірақ көп қаралым — заңдылықтың белгісі емес.

«Тез ақша» несімен қауіпті?

Қаржы пирамидасын анықтаудың негізгі белгілері өзгерген жоқ. Күмән туғызатын бірінші белгі — қысқа мерзімде өте жоғары әрі кепілді табыс уәдесі. Екіншісі — ақша табу үшін жаңа адамдарды міндетті түрде тарту, одан әрі жобаның нақты экономикалық немесе инвестициялық қызметінің, лицензияның немесе қажетті рұқсаттардың, салынған қаражатты қайтаруға нақты кепілдіктің болмауы секілді белгілер, ақшаны жеке тұлғалардың банк шоттарына немесе криптоәмияндарға аударуды талап ету, келісімшарттың болмауы немесе оның тек формалды түрде жасалуы. Бұған қоса «қазір кірмесеңіз, мүмкіндікті жіберіп аласыз», «тағы адам әкелсеңіз, табысыңыз өседі» деген ұсыныстарға да сақтықпен қараған жөн дейді мамандар. Өйткені заңды инвестицияда табыс қайдан түсетіні түсінікті болуы тиіс.

Кез келген жобаға ақша аудармас бұрын оның құқықтық мәртебесін тексергеніңіз абзал. Ұйымның лицензиясы бар ма? Нақты немен айналысады? Табысы қайдан қалыптасады? Ұсынылған өнім немесе қызмет шын мәнінде бар ма? Қаражат қандай механизм арқылы көбейеді? Осы сұрақтардың жауабы түсініксіз болса, ақша аударуға асықпаңыз. Мамандардың ең маңызды ескертуінің бірі — тәуекелі түсініксіз жобаға қатысу үшін несие алмау және отбасылық жинақты салмау.

Заң жауапкершілікті де қарастырады

Қаржы пирамидасын жарнамалау ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 150-бабы бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Ал қаржы пирамидасын құру және басқару Қылмыстық кодекстің 217-бабымен қарастырылады.

— Мұндай істер бойынша сот тәжірибесі де бар. Мәселен, 2023 жылғы «Antares» жобасына қатысты сот үкімі бойынша жәбірленушіге келтірілген 44,2 млн теңгелік залалдан соң 69,5 млн теңге сомасындағы мүлікке тыйым салынып, кінәлі күдіктілер 6 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шықты. Оларды 5 жыл мерзімге қаржы, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырды, — дейді ЭТБ басшысы Тимур Хасанов. — Қостанай облысының тумаларына қатысты «QNet LTD» ісі бойынша да сот үкімдері шықты. 123 азаматтың қаражатын тартқан іс бойынша бір адам 6 жылға, тағы бір адам 4,6 жылға бас бостандығынан айырылды, ал «Life is Good» ісі бойынша кінәлілерге 6 жылдық бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Алдын алу жұмысы қаншалықты ауқымды?

2026 жылдың есепті кезеңінде Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алуға және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған 39 профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру іс-шарасын өткізгендерін атап өтті.

Түрлі аудиторияларды қамтыған бірнеше форматтағы іс-шараларға 2,3 мыңнан астам адам қатысып, қаржылық сауаттылық пен сақтық бойынша ақпараттар алыпты.

Әлеуметтік желілердегі жиынтық медиақамту 4 миллионнан астам қаралым жинаған. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында облыстың төрт жоғары оқу орнының студенттері қатысқан арнайы кездесу өткізіліп, қаржы пирамидаларының қазіргі схемалары мен олардың негізгі белгілері түсіндіріліпті.

Күмәнді жобаны қалай тексеруге болады?

Жоғарыда атап өткеніміздей, мамандардың сөзінше, бүгінде қаржы пирамидасы өзін пирамида деп атамайды. Ол «инвестиция», «маркетплейс», «онлайн табыс», «крипто» немесе «жаңа мүмкіндік» деген сөздердің тасасына жасырынып та арбауға түсіреді. Сондықтан ақша салмас бұрын ең қарапайым сұрақты қою маңызды: «Маған бұл жоба ақша төлейтін болса, ол ақша нақты қайдан келеді?». Егер оған нақты жауап болмаса, жоғары табыс туралы уәде — керісінше, тоқтап, бәрін қайта тексеруге себеп.

Күмәнді интернет-жобаларды алдын ала «Baiqa, piramida!» Telegram-боты арқылы тексеруге болады. Сонымен бірге Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми ресурсында қаржы пирамидасының белгілері бар жобалардың тізімі жарияланған.

Қаржы пирамидасына ақша салып қойған немесе қандай да бір ұйымның қызметіне күмәнданған азаматтар тұрғылықты жері бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне немесе ҚМА-ның 1458 байланыс орталығына жүгіне алады. Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің сенім телефондары: 8 (7142) 53-60-26, 8 (7142) 53-60-50.

Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суреттер Нұржан СМАИЛОВТІКІ
және ЭТБ-нан

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.