«7 қадам» форумының үздігі Ангелина Куринько мемлекеттік тіл туралы ой бөлісті

Өзге елге барған адам сол мемлекеттің тілін үйренуге асығады. Ал өз Отанымызда мемлекеттік тілді меңгеруге келгенде неге асықпаймыз?

Науырзым ауданының тумасы, бүгінде мектептер мен колледждерде оқушылармен кездесіп, мемлекеттік тілді насихаттауға белсенділік танытып жүрген Ангелина Куриньконы осы сұрақ жиі толғандырады.

Қазақ ауылындағы балалық шақ

Ангелина – Науырзым ауданының тумасы. Оның қазақ тілімен таныстығы мектеп табалдырығын аттаған сәттен басталған. Ол Докучаев жалпы білім беретін мектебінде бастауыш сыныптарды қазақ тілінде оқыпты. Кейін анасы орыс тілін ұмытып бара жатқанына алаңдап, оны орыс сыныбына ауыстырған. Алайда бірден жаңа ортаға бейімделу оңайға соқпаса керек.

– Мен таза қазақ ауылында, қазақ мектебінде өстім. Сондықтан орыс мектебіне ауысқанда біраз қиналдым. Бірақ қазақ тілін білгенім мен үшін үлкен артықшылық болды. Мектептегі Раушан Ерғазина апайым да соны байқап, түрлі іс-шараларды қазақ тілінде жүргізуге мүмкіндік беретін. Осылайша мемлекеттік тілдің арқасында өзімді еркін сезініп, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласа бастадым, – дейді ол.

Бір қызығы, Ангелина – қазақ тілін құрметтеуді отбасынан да көріп өскен жан. Өзі орыс отбасынан шыққанымен, әкесі қазақ тілін жақсы меңгерген. Бүгінде ол артынан ерген бауырларына мемлекеттік тілдің маңызын түсіндіріп, сабақтарына көмектесіп келеді.

«Шетелдің тілін үйренеміз, ал өз тіліміз ше?»

Ангелинаның бұл мәселеге қатысты өз өмірінен алынған ерекше мысалы бар. Оның үлкен ағасы оқуын аяқтаған соң Корей еліне қоныс аударған. Жаңа елге бейімделу үшін жарты жылдың ішінде корей тілінің негізгі сөздерін меңгеріп, күнделікті қарым-қатынаста қолдануға мәжбүр болған.

Сол кезде ғана ол Қазақстанда жүріп қазақ тілін неге үйренбегеніне өкінетінін айтыпты.

– Ағамның айтатыны: «Өмір бойы Қазақстанда тұрып, неге қазақ тілін үйренбедім? Ол тіл корей тілінен әлдеқайда оңай еді, әріптері де бізге жақын» дейді. Осы сөз мені де ойландырады. Шынында, жастарымыз басқа елге барса, сол мемлекеттің тілін үйренуге бар күшін салады. Өйткені онсыз өмір сүру қиын екенін түсінеді. Ал өз елімізде неге мемлекеттік тілді үйренуге соншалықты құлшыныс танытпаймыз? Мүмкін, талаптың аздығынан шығар. Мұнда орыс тілінде де бір-бірімізді түсіне аламыз. Бірақ өзге елде қанша тіл білсең де, бәрібір бөтен болып қаласың. Өйткені олардың менталитеті, салт-дәстүрі, өмірге көзқарасы басқа, – дейді Ангелина Куринько.

Ол мұны Ресейде тұратын туыстарының Қазақстанға келгендегі таңданысымен де байланыстырады. Қазақтың қонақжайлығы, жерге дастарқан жайып, келген адамды төрге шығарып құрметтеуі – Ангелина үшін ұлттық болмыстың айқын көрінісі.

– Бізде кім келсе де, дастарқан жайып қарсы аламыз. Ресейдегі туыстарымыз келгенде осы дәстүрге таңғалады. Ал біз олардың үйіне барғанда қонақ күту мәдениетінің өзгеше екенін байқаймыз. Иә, біз де, олар да орыс халқымыз. Бірақ өмір салтымыз бен түсінігімізде айырмашылық бар. Сондықтан мен үшін қазақ тілін білу – қазақ халқын, оның мәдениетін, дәстүрін түсінудің бір жолы, – дейді ол.

Бір кеңес

Ангелинаның мемлекеттік тілді насихаттауға деген ықыласы мектеп қабырғасында жүргенде нақты іске ұласты. 10-11 сыныпта оқып жүрген кезінде «Мемлекеттік тілге жеті қадам» облыстық форумы туралы естіп, бақ сынауға бел буыпты. Айта кетелік, аталмыш шара өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында жүргізіліп келеді.

Ангелина барлық кезеңді сәтті орындап, бес үздік қатысушының қатарына енген. Бұл жетістік оның қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашып отыр. Қоғамдық келісім мекемесі өкілдері оның талпынысын байқап, бірлесіп жұмыс істеуге шақырған. Содан бері ол түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысып, Түркістан мен еліміздің өзге өңірлеріне сапарлап, тәжірибе алмасып жүр. Қазір А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-інде орыс филологиясы мамандығы бойынша екінші курста оқиды. Болашақта қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беруге мүмкіндік алу үшін бүгіндері студент қосымша білім алу тетіктерін қарастыруда.

– Мемлекеттік тіл – біздің еліміздің тілі. Сондықтан оны білу әр азаматтың парызы деп есептеймін. Қазақ тілін үйрену арқылы біз өз еліміздің мәдениеті мен дәстүрін тереңірек танимыз. Биыл да форумға қатысып, бағымды сынап көргім келеді. Жастарға айтарым: тілді үйренуді кейінге қалдырмаңыздар. Өз еліңнің тілін білу – өз еліңді құрметтеудің бір белгісі, – дейді ол.

Ангелинаның әңгімесінен бір нәрсе анық аңғарылады: мемлекеттік тілге деген құрмет ұлтқа бөлінбейді. Ол – туған жерге, өскен ортаға, ортақ Отанға деген құрметтің көрінісі. Ал тілді үйренуге ниеттенген адамға мүмкіндік те, себеп те жеткілікті. Ең бастысы – сол алғашқы қадамды жасау.

Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.