Учаске сағат 7:00-де ашылғанымен, кей азаматтар дауыс беру басталғанша-ақ келіп, өз азаматтық таңдауын жасауға дайын отырды
65 жастағы Талғат Іргебаев сайлау рәсіміне ертемен баруды әдетке айналдырғанын айтады. Зейнеткер бүгін бұл жерге сағат 6-да келіпті.
– Сайлауға ылғи ерте келуге тырысамын. Бүгін тіпті 1 сағат ерте келіп қойыппын, есік ашылғанша күтіп отырдым. Бұл маңызды оқиғадан жақсы нәтиже күтеміз. Бүгінгі таңдауымыздың ертеңгі күнге тигізер пайдасы көп болса екен деймін, – деген тілегін жеткізді Талғат Іргебаев.

Алғашқы келгендердің қатарында тарих пәнінің мұғалімі Айткүл Сейтқалиева да болды. Ұстаз әр сайлаудан қалмауға тырысатынын айтады. Оның айтуынша, азаматтық таңдау – әр адамның ел болашағына деген жауапкершілігінің бір көрінісі.
— Құрылтай халқымыздың тарихында бұрыннан бар екенін белгілі. Қайта жаңғырып отырған бұл жаңашылдық елімізге тек жақсы өзгерістер әкеледі деген сенімдемін, – дейді дауыс беруші.
№30 сайлау учаскесінде бірінші болып, өз таңдауын жасаған тұрғындарға тәтті сыйлықтар да табысталды. Олардың азаматтық белсенділігі ел келешегіне деген жауапкершілігін аңғартты. Сайлаушылардың ойлары да ортақ – ел амандығы және болашаққа деген жақсы үміт.


Назгүл Азатқызы,
суретті түсірген автор
