Өмірге жаңа келген нәрестенің барлығы ана сүтін еміп, ата-ана құшағында тербеліп өсе бермейді. Кейбір сәби тағдырдың сынағын ерте қарсы алып, өмір жолындағы алғашқы қадамын мекеме табалдырығынан бастайды. Дегенмен сәбилер үйінде олар жалғыз емес – бұл шаңырақта әр баланың амандығы мен болашағына жауапкершілікпен қарайтын тұтас ұжым еңбек етеді.
Қостанай қаласында орналасқан «Дельфин» сәбилер үйі – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 3 жасқа дейінгі балаларға арналған мекеме. Қазіргі күні бұл жерде 22 кішкентай өсіп келеді. Олар – тағдыр тәлкегімен немесе уақытша ата-ана қарқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер.
– Қаңтар айында 2 сәби перзентханадан қабылданды. Ал осы айда түрлі отбасылардан 4 бала жеткізілді. Олардың ата-аналары болғанымен, кейбірі ата-ана құқығынан айырылған немесе құқығына уақытша шектеу қойылған, – дейді «Дельфин» сәбилер үйінің бас дәрігерінің м.а. Жақсылық Утебаева. – Мәселен, ата-аналардың алкогольге тәуелділігі, тұрмыстық жанжал, бала қауіпсіздігіне қатер төндіретін жайттар болуы мүмкін. Құқық қорғау және қорғаншылық органдары жағдайды анықтап бағалағаннан кейін, егер баланың өмірі мен денсаулығына қауіп бар деп танылса, олар уақытша осында орналасады.
Алайда әр баланың бұл жерге келу тарихы әрқилы. Көбіне сәбилер уақытша қиын жағдайға тап болған отбасылардан түседі. Кейде жас аналар түрлі себептермен сәбиінен бас тартады. Ал кей жағдайда анасы босану кезінде қайтыс болып, жаңа туған нәресте уақытша осы мекемеге жеткізіледі. Бұрынғы жылдары баланы қасақана қараусыз тастап кету деректері де тіркелген.

– 2010 жылдары бір жасар баланы осы аулаға әкеп тастаған жағдай болды. Көрші үйдің тұрғындары жылап жүрген кішкентайды көріп, бізге хабарласты. Алғашында өзіміздің балалардың бірі адасып кеткен болар деп ойладық. Кейін полиция шақырылып, жағдай анықталды. Үйінде жанжал шығып, әйел адам еріне ызаланып, баланы «детдомға тапсырамын» деп қалдырып кеткен екен. Алайда көп ұзамай ата-анасы ақылға келіп, баланы қайта алып кетті, – деп аға тәрбиеші Айым Ахметова өткен жылдардағы бірқатар оқиғаларды еске алды. – Тағы бір оқиға емханада орын алды. Дәлізде кішкентай нәрестені қалдырып, қасына құжатын қойып кеткен болатын. Ол балапанымызды кейін басқа отбасы асырап алды. Бірде жағажай маңынан табылған кішкентай балақайды бөтен кісілер байқап, бізге жеткізген болатын. Қуанышқа орай, қазір мұндай жан түршігерлік жағдайлар жоқ.
Қамқорлық және қолдау
Тағдырдың жазуымен бұл табалдырықты аттаған әр бүлдіршін ерекше қамқорлықты қажет етеді. Сондықтан «Дельфин» сәбилер үйінде балалардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына айрықша мән беріледі.
Мұнда педиатр, медбике, логопед, тәрбиешілер және кіші топтарда бала күтушілер қызмет етеді. Логопед Нона Максимова сәбилер үйінде 1991 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, ерте жастан жүйелі түрде дайындалған баланың тілінің дамуы уақытылы жүреді.

– 1 жастан 3 жасқа дейінгі кезең – баланың сөйлеу қабілеті қарқынды қалыптасатын ең маңызды уақыт. Осы себепті мекемеде кішкентайынан тәрбиеленіп жатқан балалармен жүйелі түрде түзету-дамыту жұмыстары жүргізіледі. Аптасына екі рет балақайлардың сөйлеу тілін жетілдіруге, дыбыстарды дұрыс айтуына бағытталған арнайы сабақтар өткізіледі. Нәтижесінде олардың тілдік дамуы отбасыдан уақытша түскен балаларға қарағанда біршама жақсырақ болып келеді, – деп атап өтті тәжірибелі маман.
Сондай-ақ мекемеде физиотерапия, массаж кабинеті, тұзды бөлме, бассейн жұмыс істейді. 4 жыл бұрын демеушілердің көмегімен балалардың ойлау, ұсақ моторикасын дамытуға бағытталған Монтессори кабинеті де ашылған.
Бастысы – әр бала бұл жерде жалғыз емес, олар тек күтім көріп қана қоймайды, тәрбиешілеріміз оларға барынша жылылық пен мейірім беруге тырысады. Олардың алғашқы жасаған қадамы, алғашқы сөзіне бәріміз бірге қуанамыз. Олар мұнда өздерін қауіпсіз әрі қажет сезінуі керек, – дейді Жақсылық Маратқызы. – Тәрбиешілер оларды кішкентай кезінен бастап тәртіп пен тазалыққа үйретеді. Олар кішкентай кездерінен жеке заттарын ретімен жинауды біледі. Баланың жүрегіне мейірім жетсе, ол міндетті түрде болашақта өз жолын табады.
Қазіргі таңда мекемеде 8 наурызға әзірлік жүріп жатыр. Балақайлар тақпақтарын жаттап, ән мен би нөмірлерін пысықтауда. Тәрбиешілер мерекелік іс-шараға балалардың киімдерін де алдын ала дайындап қойған. Мұндай дайындық тек мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, балалардың өздерін ерекше, сүйікті әрі бағалы сезінулеріне мүмкіндік береді.

Сәбидің орны – отбасы
«Дельфин» сәбилер үйінде балалар 3 жасқа дейін тәрбиеленеді. Кейін кішкентай тәрбиеленушілер Рудный қаласында орналасқан интернатқа ауыстырылады. Сондықтан мекеме ұжымы әр баланың осы уақыт ішінде отбасын табуына ерекше мән береді.
Бұл жердегі балалар заң талаптарына сәйкес Республикалық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар базасына тіркеледі. Алайда олардың мәртебесіне қарай тіркеу мерзімі әртүрлі. Егер анасы баладан ресми түрде бас тартса, тиісті құжаттары рәсімделгеннен кейін сәби бірден енгізіледі.
– Ата-ана құқығынан айырылған немесе шектеу қойылуына байланысты жағдайда алты айлық мерзім қарастырылған. Осы уақыт аралығында әке-шешесі немесе жақын туыстары баланы қайтарып алуға мүмкіндік алады. Егер белгіленген мерзім ішінде ешқандай әрекет жасалмаса, бала ресми түрде жүйеге енгізіледі. Бұл тәртіп ең алдымен баланың өз отбасында қалу мүмкіндігін сақтау және оның құқықтарын қорғау мақсатында жүзеге асырылады, – деп түсіндіреді Жақсылық Маратқызы.
Республикалық базаға енгізілгеннен кейін бала туралы мәліметтер заң аясында бала асырап алуға ниетті азаматтарға қолжетімді болады. Өткен жылы 20 бала қамқоршылыққа, 7 бала патронаттық тәрбиеге берілсе, ал 52 бала өз отбасына оралды. Мекеме мамандарының айтуынша, балаларды отбасына орналастыру кезінде ең басты қағидалардың бірі – бауырларды ажыратпау.

Өткен аптада екі жарым жастан асқан бүлдіршінді асырап алуға ниет білдірген отбасы келді. Алайда олар кішкентайды ғана емес, Рудныйдағы интернатта тәрбиеленіп жатқан екі әпкесін де бірге қабылдауға шешім қабылдады. Осылайша, үш бірдей бауыр бір шаңырақ астында қайта қауышты. Ол бала біздің медбикелер мен тәрбиешілердің қолында 2 айынан бастап өсті.
Бұл жердегі тәрбиешілер әр бүлдіршіннің мінезін, қылығын, сүйікті ойыншығын, нені ұнатып, нені ұнатпайтынын – бәрін біледі. Құлаған сайын көтеріп, жылаған сайын жұбатып, әр жетістігіне шын жүректен қуанады.

– 3 жасқа дейінгі кезең – олардың ең тәтті уақыттары ғой. Кішкентай балаларда еш жасандылық жоқ. Бізге кейде «мама» деп айтады, кейде құшақтап, сүйіп жақсы көретіндерін сездіріп жатады. 3 жасқа толып орын ауыстыратын кезде қимай жіберетін сәттер болады. Ал егер отбасы табылғанын естігенде қуанышымыз бәрінен басым болады. Себебі әр сәбидің шынайы орны – ол отбасы, – деп Айым Дулатханқызы тебірене әңгімелейді.
Аға тәрбиешінің айтуынша, кейде балалар өз отбасына кеткісі келмей, тәрбиешінің етегіне жармасып, құшағын тығылып, жылап қалатын сәттер де болады. Әсіресе қолайсыз әлеуметтік ортадан келген немесе қиын жағдайды бастан өткерген бүлдіршіндер өздерін қауіпсіз сезінген жерден кетуге қиналады.
– Бір жолы даладан кіріп жатқанымда кішкентай қыз баланың қатты айқайлап жылағанын естідім. Мені көргенде қолын созып, көмек сұрағандай болды. Бірақ біз баланы күштеп алып қалуға құқымыз жоқ. Ондай сәттер кейде жүрекке ауыр тиетіні рас, – дейді тәрбиеші.
«Дельфин» сәбилер үйі – тек әлеуметтік мекеме емес, кішкентай тұрғындардың алғашқы қадамы, алғашқы сөзі, алғашқы құшағы сақталған орын. Бұл шаңырақта атқарылып жатқан әр іс – баланың ертеңіне салынған сенімді қадам.
Назгүл ШАБДАРОВА,
суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
