Біздің Қостанай Социум

Домбыра үйрену трендке айналды

Оны үйренуге өзге ұлт өкілдері де ынталы

Қазақ халқы үшін домбыра – тек музыкалық аспап емес, домбыра ұлттың рухы мен тарихының, мәдениеті мен дүниетанымының айнасы. Қос ішектің қоңыр үні ғасырлар бойы халықтың қуанышы мен қайғысын, ерлігі мен арманын жеткізіп келеді.

Бүгінде домбыра өнерін жас ұрпаққа үйрету арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау ісі кеңінен қолға алынған. Домбыраны үйренуге өзге ұлт өкілдері де қызығып, үйірмелерге баруда.

Үкіметтен қолдау бар

Биылғы жылдың 1 ақпанындағы мәлімет бойынша, Қостанай облысында мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында 24 домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге 549 бала қатысып, ұлттық өнерді меңгеріп жүр. Домбыра үйренушілер саны ең көп ұйымдардың қатарында Рудный қаласындағы «Алтын домбыра», Қостанай қаласындағы «Жұлдыз», «Айсултан» студиялары бар. Оның сыртында әр білім ошағында бір-бір үйірме бар деп ойлаңыз.
Рудный қаласындағы «Алтын домбыра» студиясы 2021 жылдан бері балаларды қазақтың ұлттық аспабы – домбыра өнеріне баулып келеді. Студия директоры – Назгүл Дүйсенова осы саланы жақсы дамытып келеді. Өзі де өнерден құралақан емес. Бұрын басқа салада еңбек етсе, енді осы саланы дамытып жүр. Бүгінде студияда шамамен 200 шәкірт білім алып, мұғалімдер жұмыс істейді. Олар бимен, қолөнермен, спортпен де айналысады.

Талай балаға жол ашқан студия

Студия мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс істеп, балаларға өнермен айналысуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мұнда тәрбиеленіп жатқан жас өнерпаздар республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары мен жүлдегерлері атанып үлгерді. Жас домбырашылар Қазақстанның Астана, Ақтөбе, Түркістан қалаларында өнер көрсетіп, тәжірибе жинақтаған. Сонымен қатар студия шәкірттері қазақтың қара домбырасын шетелдік сахналарда да танытып, Францияның Париж қаласында және Түркия елінде өнер көрсетіп, ұлттық өнерімізді әлемге паш етті.

«Мен «Алтын домбыра» студиясында екі жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келемін. Сабақ барысында бірнеше әдісті қолданамын. Біріншісі көрсету және қайталау әдісі. Яғни мен күйді немесе жаттығуды көрсетемін, ал балалар оны қайталап үйренеді. Екінші әдіс – сандық нота арқылы үйрету. Бұл әдіс әсіресе жаңадан бастаған балаларға күйді тез меңгеруге көмектеседі. Үшінші әдіс – ноталық сауаттылық. Балалар нотаны танып, музыканы дұрыс оқып, түсініп орындауды үйренеді. Сонымен қатар мен балаларға тек күйді үйретіп қана қоймай, сахнада өзін қалай ұстау керегін, сахна мәдениетін де үйретемін. Сабақта күйдің тарихын түсіндіреміз, яғни мен музыкамен қатар балаларды қазақтың дәстүрі мен мәдениетімен де таныстырамын. Осылайша, өнер мен тарих, мәдениет бәрі бір-бірімен байланысты түрде оқытылады. Балалармен біз түрлі деңгейдегі конкурстарға қатысып келеміз. Мектепішілік, қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі конкурстарда жүлделі орындар аламыз. Біз тек Рудный қаласымен шектелмей, басқа да қалаларға барамыз. Балаларды тек конкурсқа қатыстырумен шектелмей, сол қаланы таныстырып, экскурсия жүргіземіз. Осылайша, балалар өнерімен қатар жаңа тәжірибе мен әсер алады», – дейді ұстаз Ақбота Жұматай.

Домбыра үйрену баланың жан-жақты дамуына зор ықпал етеді. Ол баланың ойлау қабілетін дамытып, шығармашылыққа баулиды, есте сақтау қабілетін арттырады, сахна мәдениетін қалыптастырады. Сонымен қатар музыка баланы еңбекқорлыққа, шыдамдылыққа және жауапкершілікке тәрбиелейді.
Студия директоры Назгүл Дүйсенова бұл туралы:

«Домбыра – біздің ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Біздің студияда әртүрлі жастағы балалармен бірге өзге ұлт өкілдері де домбыра үйреніп жүр. Қазіргі таңда алты өзге ұлттың баласы ұлттық аспабымызды меңгеріп жатыр. Музыкалық қабілеті жоқ сияқты көрінетін бала да дұрыс бағыт-бағдар берілсе, домбыра үйрене алады», – дейді ол.

Өзге ұлттың балалары да домбыраға үйір

Бүгінде домбыра тек қазақ балаларына ғана емес, өзге ұлт өкілдеріне де қызықты. Соның бірі – Нина Долженко. Ол «Алтын домбыра» студиясында ұстазы Ақбота Жұматайдан домбыра тартуды үйреніп жүр. Нина домбыра туралы алғаш рет балет үйірмесінде бірге жүрген қазақ құрбысынан естіп, ұлттық аспаптың әуезді үніне қызыға бастайды. Домбыраның қоңыр үнін алғаш естігеннен кейін ол анасына айтып, арнайы ізденіп, үйренуге өзі келеді.

Ұстаздарының айтуынша, Нинаның домбыраға деген талпынысы ерекше. Қысқа уақыттың ішінде «Жастар биі», «Нәр ағашы», «Келіншек» сияқты жеңіл күйлерді меңгеріп алыпты. Қазіргі таңда ол шеберлігін арттырып, біртіндеп күрделірек күйлерді үйренуде. Атап айтқанда, «Ер Тұран», «Ұлы дала толғауы», «Балбырауын» сияқты белгілі күйлерді орындауға талпынып жүр. Сонымен қатар Нинаның қазақ тіліне деген қызығушылығы да ерекше. Ол «Еркем-ай» халық әнін жаттап алып, енді домбырамен сүйемелдеп ән айтуды үйренуді мақсат етіп отыр. Армандарының бірі қазақтың әйгілі «Адай» күйін тартып үйрену. Бұл күйді орындау әрбір домбырашы үшін үлкен шеберлікті талап етеді. Домбыраның қоңыр үні тек қазақ балаларына ғана емес, өзге ұлт өкілдеріне де рухани әсер сыйлап, оларды қазақ мәдениетіне жақындата түседі.

Үйренемін дегенге шектеу жоқ 

Айгүл Темірбекова, «Жұлдыз» студиясының негізін қалаушы:

«Біздің студияның атағы әбден танымал деп айтуға болады. Қазір студиямызға тек қазақ балалары ғана емес, орыс, кәріс, неміс, беларус ұлттарының балалары да домбыра үйренуге келеді. Музыка ешқандай ұлтқа бөлінбейтінін білеміз. Балалар елдің мәдениетімен танысқысы келеді, сондықтан домбыра үйрену оларға қызықты әрі маңызды. Студиямызда әр бала өз қарқыны мен қабілетіне сай өнермен айналыса алады. Домбыраның қоңыр үнімен танысып, ұлттық өнердің дәмін татқандардың бәрі бірдей шығармашылыққа бейімделеді. Қазіргі таңда домбыра өнері өте танымал. Студияға келетін әр бала домбыраға қызығушылық танытып, өзінің алғашқы қадамдарын жасайды. Кейбіреулері қысқа уақыт ішінде жеңіл күйлерді меңгеріп, шағын концерттерде өнер көрсетеді. Ал одан кейін біртіндеп күрделірек күйлерге көшеді. Домбыра үйренемін дегенге ешқандай шектеу жоқ. Негізгісі – баланың талпынысы мен ынтасы болса жеткілікті».

Домбыра ешқандай ұлт таңдамайды

Наурызбай Әмирхамзин,

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті Өнер кафедрасының аға оқытушысы:

«Жалпы қазақ баласының домбыраға деген икемі табиғатынан, қанында бар деп айтуға болады. Сондықтан он баланың тоғызы домбыра тартуды оңай меңгеріп кетеді. Әсіресе ата-анасы өнерге жақын, музыкаға бейімі бар балалар домбыраны тез меңгеріп алады. Дегенмен әр қазақ баласының бойында домбыраға деген белгілі бір қабілет болады. Тек оған бағыт-бағдар беріп, қызығушылығын ояту қажет.

Бүгінде домбыраға өзге ұлт өкілдері де ерекше қызығушылық танытып отыр. Мәселен, мен жұмыс істейтін университеттің Өнер кафедрасында ұлты кәріс Ли Диана атты студентім бар. Ол да домбыра тартуды жақсы меңгеріп алды. Бұл – домбыраның ешқандай ұлт таңдамайтынын көрсетеді. Адамда тек талпыныс пен қызығушылық болса болғаны. Негізгі кедергі көбіне адамның өзінде ғана болады. Қазіргі таңда мектептерде домбыра үйірмелері өте көп ашылып жатыр. Тіпті домбыра үйрену бір жағынан жастар арасында жағымды үрдіске, мәдени трендке айналып келе жатқандай. Қай мектепке барсаңыз да, оқушылардың домбыра тартып отырғанын көруге болады. Сонымен қатар түрлі байқаулар мен фестивальдер жиі ұйымдастырылып, жас домбырашыларға өз өнерін көрсетуге үлкен мүмкіндік беріліп отыр.

Бұл бағыттың дамуына мемлекет тарапынан қабылданған «Арт-спорт» бағдарламасының да үлкен әсері болды деп ойлаймын. Бағдарлама аясында шығармашылық үйірмелерге қаржылай қолдау көрсетіліп, көптеген студиялар ашылды. Соның нәтижесінде қаншама бала өнерге бет бұрып, домбыра үйренуге мүмкіндік алды. Кейін бағдарламаның атауы өзгергенімен, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау әлі де жалғасып келеді. Соның арқасында қоғамдағы домбыраға деген көзқарас та өзгеріп, жастар ұлттық аспапты үйренуге бұрынғыдан да көбірек қызығушылық таныта бастады. Қазіргі таңда Қостанай өңірінде домбыра өнерінің даму деңгейі өте жоғары деп айтуға толық негіз бар».

Ая ӘБДІЛДА,
суреттерді кейіпкерлер ұсынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77