Елімізде гиперреализм жанрында жұмыс жасап жүрген алғашқы әрі жалғыз мүсінші қостанайлық Айдос Есмағамбетті білмейтін адам кемде кем
Шебер қолдан шыққан шынайы мүсіндердің ішінде Тұғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап, Абылай хан, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Халел Досмұхамедов, Роза Бағланова сынды қазақтың тарихи тұлғалары мен Барак Обама, Дональд Трамп та бар.
Мұражайға жол тартқан мүсіндер
— Айдос Әкімғалиұлы, сізді ақпарат құралдары «астаналық мүсінші» деп жарысып жазып жатыр. Оған қалай қарайсыз?
— Көп уақыттан бері Астана қаласында тұрып жатқан соң журналистер солай жазып жүр ғой. Бірақ мен Қостанай өңіріненмін, Арқалық қаласының тумасымын деп айтамын. Оны барлығы біледі. Өз тарапымнан мен қостанайлықпын.
— Жақында екінші «Алтын адам» мүсінін атыраулықтарға сыйға тарттыңыз. Туындыңыз тапсырыспен жасалды ма?
— Иә, ол тапсырыс. Аралтөбе сарматын (б.з.б. VІІІ ғ. – б.з. VІІІ ғасыр аралығында еліміздің батыс өңірі – Орал-Жайық алқабын мекендеген қауым — авт.) жалпы екі рет жасадым. Жатқан нұсқасы Аралтөбенің өзінде, ал отырған бейнесі Құлсарыда. Зейнолла ағамыздың үйіне барып, эскиздерін сызып, бұрын соңды көрсетілмеген киімінің детальдарын толықтырып жасаған мүсін. Атырау облысының Жылыой аудандық музейінде жуырда ашылған «Алтын адам» экспозициясы кезінде табыстадым. Одан бөлек Алтын орданың мүсіндерін жасап шықтым. Бұрын облыстық мұражайына қоғам қайраткері Халел Досмұхамедовтің бейнесін табыстаған болатынмын. Әр жұмысымның сәтті шығуына ықпал етіп жүрген белгілі археолог-ғалым Зейнолла Самашев ағамыз. Жасалып жатқан мүсіннің тарихи және ғылыми дәлдігі үшін үлкен ізденіс керек, яғни тұлғаның бет-әлпеті, денесі, киімі, қаруы, сән құралдары деген секілді. Жұмыс кем дегенде үш-төрт айға созылады.
Өз өңіріміздің тұлғаларына тапсырыс жоқ
— Сіздің қорда қаншама тарихи тұлғалар бар. Бірақ он жылдан астам уақыт ішінде әлі күнге Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлиннің мүсіндері жоқ.
— Өзіміздің өңірімізден шыққан атақты адамдарды жасау ойымда бар, бірақ тапсырыс жоқ. Шілде айында республикалық Creative Aimaq аясында Астана қаласының Qazaq Creative Hub алаңында өткен «Qostanai Creative Culture» көрме-жәрмеңкесінде Қостанай облысының мәдениет басшысымен, жалпы делегация өкілдерімен кездесіп, бірігіп жұмыс жасадық. Сол кезде өз ойымды айтып, ұсынысымды жасадым. «Өзіміздің Ыбырай Алтынсариннің мүсінін жасап мұражайға қояйық» деп ниет білдірдім. Әрине, жақсы идея деп қолдады. Болашақта тапсырыс беретіндерін айтты. Сондықтан бұйырса өз өңірімізден шыққан алыптарды алдағы уақытта мұражайлардан көресіздер.
— Құпия болмаса, бір мүсін үшін аз дегенде қанша қаражат жұмсалады және тапсырыстан түсетін пайда қандай?
— Жасыратыны жоқ, бөлшектерінің барлығын онлайн тапсырыспен американдық сауда сайты арқылы сатып аламын. Көз жасайтын пластиктері, форма алатын силикондары, бөлек-бөлек құятын силикондары бар. Жоқ дегенде 2-3 миллион қаражат жұмсалады. Мысалы, тарихи тұлғаның ешбір қарусыз, жылқысыз, артық қоспасыз тек өзін бейнелесем шығын сондай. Ал егер толыққанды бір батырды астындағы атымен не тақта отырған ханды мүсіндейтін болсам, онда жеті миллионнан жоғары қаржы жұмсауыма тура келеді. Тапсырыстан түсетін пайда да жұмыстың көлеміне, қиындығына байланысты 7 милионнан 15 миллионға дейінгі аралыққа жетіп қалады. Жұмыс, жоғарыда айтқанымдай, үш айдан жарты жылға дейін созылуы мүмкін.
Жоба әлі жоба күйінде
— Сізде көмекшілер бар ма?
— Шұғыл тапсырыстар болғанда көмекке қарындасымды шақырамын. Ол да мен қызмет етіп жатқан мемлекеттік «Астана мюзикл» театрында жұмыс істейді. Шаштарын қадап, сақалдарын орнатып қолғабыс қылады. Әр мүсіннің киімін де тапсырыспен тіктіремін. Бірақ командам бар деп айта алмаймын. Көбінесе өзім жасаймын. Әйгілі Мадам Тюссо мұражайындағыдай емес, әрине. Себебі арнайы шеберханам да, шәкірттерді үйретуге курс ашатын мүмкіндік те жоқ. Үлкен кісілер дайректке шығып жазып жатады “курс ашсаңыз баламызды оқытамыз” деп. Жоспар көп, жобам дайын. Тіпті бірнеше рет өзгерттім де. Оны әкімдерге де, министрлерге де қабылдауларында болып, таныстырдым. Көңілдерінен шығып, қызығып қарайды, “креативті жоба ретінде кіргізейік” деп ойларын айтады. Нақты әрекет жоқ. Әзірге театрдағы өзімнің гримеркамды шеберхана ретінде пайдаланып жүрмін. Жақында ғана Жошы ханның мүсінін жасап болдым.
— Естуімше, Абай Құнанбаев пен Жамбыл Жабаевтың мүсіндері өз орнын таппаған сынды. Олар қазір қайда?
— Екі алыптың мүсінін арнайы даталарына сай келтіріп жасадым. Тапсырыс емес, өзімнің көңілім қалап жасағанмын. Оларды ешқайда тапсырған жоқпын. Әзірге театрдың фойесінде көрермендердің көзайымына айналып тұр. Болашақта мәдени не білім ұйымдарынан сұраныстар болса беруге болады.
— Сіздің өнеріңіз ерекше. Еліміздегі шоу бизнес өкілдері немесе басқа да қалталы азаматтардан өз бейнесін, әке-шешесінің не басқа туысқанынын бейнесін жасауға тапсырыстар болды ма?
— Болды. Бірақ мен кез келген адамды жасай бергім келмейді. Мұражайда тұрып жұртшылықтың назарында болған жақсы. Жеке адам мүсінін жасатып алып қайда қояды? Ол өзінің кафесінде тұра ма, әлде үйінің бір бұрышына қойып қояды ма? Сондықтан тапсырыс алғанда не үшін деп алдын ала сұрап, анықтап аламын.

Сұхбатты жүргізген
Ұлту ЖҮЗБАЙ,
сурет Айдос ЕСМАҒАМБЕТТІҢ
жеке қорынан


