Экономика

2029 жылға дейінгі кешенді жоспар – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам

Елімізде халықтың әл-ауқатын жақсарту, тұрғындардың тұрақты табысын қамтамасыз ету және және әлеуметтік қолдауды күшейту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» жүзеге асырылуда. Бұл кешенді жоспар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және азаматтардың тұрақты табыс көзін қалыптастыруға негізделген.

Бағдарлама бюджет пен кәсіпорындар есебінен жалақыны тікелей өсірумен шектелмейді. Сонымен қатар адами капиталды дамыту, кәсіби дағдыларды жетілдіру, еңбек өнімділігін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алатын орта және ірі кәсіпорындардың жалақыны көтеру мен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі ортақ жауапкершілігін күшейту көзделген.
«Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспары 16 тармақтан тұрады, оның шеңберінде 31 іс-шараны қарастырылған. Оның негізгі бес бағыты айқындалған. Атап айтқанда, нақты экономика секторында жаңа жұмыс орындарын құру, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру, халық табысын өсіруге бағытталған жүйелі шаралар қабылдау, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру және мемлекеттік әлеуметтік қолдау көрсету. Олар – өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында экономиканың нақты секторында жаңа жұмыс орындарын құру, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауыл халқының табысын арттыру, табыс деңгейін өсіруге бағытталған жүйелі шаралар мен мемлекеттік қолдау тетіктерін іске асыру, бюджет есебінен жалақыны көтеру жөніндегі міндеттемелерді орындау және халыққа мемлекеттік әлеуметтік қолдау көрсету.

– Әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың өзгеруіне, атап айтқанда Салық және Бюджет кодекстерінің қабылдануына, инфляциялық үдерістердің күшеюіне, еңбек нарығының трансформациясына және сыртқы сын-қатерлердің ықпалына байланысты қолданыстағы кешенді жоспардағы тәсілдерді қайта қарау және өзектендіру қажеттілігі туындады. Осыған байланысты ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасының» жаңа кешенді жоспарының жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта құжат мемлекеттік органдарда келісуден өтуде, – деп мәлімдеді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының м.а. Жанна Шаймарданова.

Бағдарлама аясында халықтың табысын арттыруға бағытталған нақты шаралар да жан-жақты қарастырылған. Республика бойынша осы бағытта 900 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар кәсіпкерлік бастамаларды қолдау арқылы әлеуметтік осал топтарға 9 мың грант беру, ал жастарға жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 5,8 мың жеңілдетілген шағын несие ұсыну қарастырылған.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында республика бойынша 11,7 мың несие беру жоспарланған. Бұл ауылдық округтердегі жеке қосалқы шаруашылықтарды микронесиелеуге, сондай-ақ кооперативтерді техника және қажетті құрал-жабдықтармен лизинг арқылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар зейнетақы, жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдер алатын азаматтардың табысы да кезең-кезеңімен өседі деп күтілуде. Өңдеуші өнеркәсіп саласында экспортқа бағытталған кәсіпорындарды қаржылай қолдау арқылы 23 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, жыл сайын кемінде 7 кәсіпорынның өндірістік қуатын жаңғырту, өнеркәсіптік грант алған кәсіпорындардың экспорт көлемін 10 пайызға арттыру, 800 млрд теңге инвестиция тарту және кемінде 100 жаңа жобаны іске қосу арқылы тағы 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру міндеті қойылған.

Өңірлік жобалар және нәтиже

Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде халықтың өмір сүру деңгейін айтарлықтай жақсарту көзделіп отыр, ал осы мақсатқа жетудегі маңызды бағыттардың бірі – тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту. Ел бойынша 2029 жылға дейін 3,3 млн-нан адамды жұмыспен қамтып, оның ішінде 2,3 млн жасты еңбекке тарту жоспарланған. Бұл еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, жас мамандардың тұрақты жұмыс табуына мүмкіндік береді.

– Кешенді жоспарды жүзеге асыру нәтижесінде 2029 жылға дейін ЖІӨ-дегі еңбекақы төлеу үлесін 30,1%-дан 41,1%-ға дейін арттыру, кедейшілік деңгейін 5,3 %-дан 5%-ға дейін, жұмыссыздық деңгейін 4,9%-дан 4,6%-ға дейін төмендету күтілуде, – деп хабарлады Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан.

Кешенді жоспар шеңберінде өңірлік деңгейде де нақты жобалар жүзеге асырылуда. Қостанай облысында инвестициялық жобалар табыс өсімінің маңызды тетігіне айналып отыр. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, 2022-2027 жылдарға арналған жоспарға 17 инвестициялық жоба енгізілген. Олардың қатарында «Арқалық» жел электр станциясының құрылысы, Қостанай қаласының индустриялық аймағында шойын құю зауытын салу, жетекші көпірлердің басты берілістерін өндіретін зауыт ашу және жаңа «KIA» зауытын іске қосу секілді ірі бастамалар бар. Бұл жобалар мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның нақты нәтижелері де байқалады. Соңғы жылдары облыста жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төменлеген.

– Өңірлік жоспар аясында 2029 жылға дейін кемінде 19 мың жаңа жұмыс орнын құру және жыл сайын 20 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Қостанай облысында жыл сайын шамамен 20 мың жұмыс орны ашылады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі 2022 жылғы 27,7 пайыздан 2025 жылы 22,5 пайызға дейін төмендеген. Жұмыссыздар саны шамамен 10 пайызға азайып, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан 4,6 пайызға дейін қысқарған. Орташа айлық жалақы 1,5 есеге өскен, – дейді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мамандары.

Жалпы алғанда, «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды мемлекеттік бастама. Бұл тек жұмыспен қамту емес, азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтатын, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін нақты қадам. Халықтың табысы артқан сайын елдің де дамуы қарқын ала түсетіні сөзсіз.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ, фотосурет “Наш Костанай” газетінің мұрағатынан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77