Біздің Қостанай ЖКХ

Қоғамдық көлікке өзгерту енгізілді, алайда бұрынғы бағыт қайта оралуы мүмкін

Қаладағы №24 қоғамдық көліктің сәуір айының бірінен бастап жүру бағытына өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер қаланың көлік инфрақұрылымын жақсарту, жолаушылар ағынын оңтайландыру және әлеуметтік нысандарға қолжетімділікті арттыру үшін жасалған. Алайда бұл шешім кей тұрғындарға қолайсыздық тудырған тәрізді.

Негізгі өзгерістер Гашек көшесіндегі учаскенің қысқаруы. Яғни, «Гашек», «ХҚКӨ» және «Облыстық балалар ауруханасы» аялдамаларындағы бұл бағыттар алынып тасталды. Оның орнына №10 және №19 маршруттары қызмет көрсететін болады. Маршрут «Ұлы Дала» саябағы бойымен 1-я Речная көшесіне дейін ұзартылды. Қосымша автобус Гоголь және Набережная көшелері арқылы оңалту орталығына және «Набережная» аялдамасына кіреді. Осы өзгерістер жөнінде қалалық ТҮКШ бөліміне арнайы сұраухат жолдаған болатынбыз. Келесідей жауап алдық.

– 1-я Речная көшесі тұрғындарының, сондай-ақ Гашек көшесіндегі бокс мектебінің тәрбиеленушілерінің көптеген өтініштері негізінде ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап №24 маршруттың қозғалыс сызбасына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Маршруттың соңғы пункті ретінде «1-я Речная» аялдамасы анықталды. Бұл ретте №24 маршрут бойынша қозғалыс аралығы мен айналма рейстер саны өзгеріссіз сақталады. Аталған өзгерістер 1-я Речная көшесіндегі жеке сектор тұрғындары үшін көліктік қолжетімділікті арттыруға, сондай-ақ Гашек көшесінде орналасқан бокс мектебіне барудың ыңғайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Гашек көшесінде қозғалыс аралығы 12-15 минут болатын №10 және №19 автобус маршруттарының тұрақты қозғалысы ұйымдастырылғанын қосымша хабарлаймыз. Аталған бағыттар Волынов және Чкалов көшелерінің шекараларында өтеді, осы бағытта тұрақты және қолжетімді көлік қатынасын қамтамасыз етеді. ХҚКО және облыстық балалар ауруханасы ауданындағы аялдамалардан Чкалов және Маяковский көшелеріндегі ең жақын аялдама пункттеріне дейінгі арақашықтық шамамен 500 метрді құрайды, бұл жаяу жүру шегінде. Сондай-ақ, «Мичуринец» бақша қоғамына №7 қалалық маршрут қызмет көрсетеді, ол саяжай кезеңінде Притобольская көшесіндегі аталған қоғамға дейін ұзартылады, – делінген жауапхатта.

Қосымша хабарлауларына сүйенсек, №24 маршруттың жаңартылған қозғалыс схемасы сынақ режимінде енгізілген екен.

– Маршруттың одан әрі жұмысы туралы түпкілікті шешім қала тұрғындарының көпшілігінің мүдделерін ескере отырып, жолаушылар ағыны мен оның толу деңгейін талдау нәтижелері бойынша қабылданады. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап қаланың әлеуметтік маңызы бар бағыттарын, оның ішінде 1-я Речная көшесін, «Ұлы Дала» саябағын, әуежай мен Береке шағын аудандарын, «Kostanay Plaza» сауда-ойын-сауық орталығын, сондай-ақ индустриялық аймақты қамтитын №4 жаңа маршрутты іске қосу қарастырылуда. Сонымен қатар, қазіргі уақытта 1-я Речная көшесінің тұрғындарынан №24 маршруттың сынақ схемасын түпкілікті бекіту туралы өтініштердің едәуір саны келіп түсетінін хабарлаймыз, – деп жазылған жауапхатта.

Сөздерінше Гашек көшесі бағытында қазіргі таңда №10 және №19 автобус маршруттары қатынайды. «Облыстық балалар ауруханасы» және «ХҚКӨ» аялдамаларынан Чкалов пен Маяковский көшелеріндегі басқа аялдамаларға дейінгі қашықтық шамамен жарты шақырымды құрайды. Бұл жаяу жүргіншілер үшін қолжетімді арақашықтық. Қазақстан Республикасының қолданыстағы «Жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау қағидаларына» сәйкес, елді мекендердегі аялдама пунктері арасындағы қашықтықтың өзіндік талаптары бар. Қала ішіндегі аялдамалар арасындағы оңтайлы қашықтық 400-ден 800 метрге дейін болуы тиіс. Бұл норма жолаушылардың аялдамаға дейін жаяу жүру уақытын қысқарту және қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыру үшін енгізілген. Алайда, қала құрылысының ерекшеліктеріне, көше желісінің құрылымына немесе қауіпсіздік талаптарына байланысты бұл арақашықтық жергілікті атқарушы органдармен келісіле отырып өзгеруі мүмкін.

Сонымен қатар, негізгі шағым білдіріп отырған тұрғындардың басым бөлігі Гашек көшесінен жоғары орналасқан, сол себепті олар үшін аялдамаға дейінгі қашықтық тіпті жақынырақ – шамамен 400 метр. Ал саяжай тұрғындарына келсек, «Мичуринец» бау-бақша қоғамдастығына №7 маршрут қатынайды. Ол орталық кіреберістен түсіп, тікелей басқарма ғимаратына дейін барады. Яғни бұл бағыттағы тұрғындар да қоғамдық көлікпен қамтылған. Сондай-ақ, осы жылдың 1 маусымынан бастап Речная ықшамауданынан басталатын №4 жаңа маршрутты іске қосу жоспарланып отыр. Жаңа бағыт толық іске қосылғаннан кейін №24 маршрутты қайта енгізу мәселесі қарастырылады. Қазіргі таңда бұл бағыт сынақ режимінде жұмыс істеп тұр екен.

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫНА ЖҮГІНДІ

Қолайсыздыққа тап болдық деген тұрғындар облыстық мәслихат депутаттарына өтініштерін жекізген. Осыны ескерген депутаттар Александра Серғазинова, Динара Өтебаева, Арман Алпысов, сондай-ақ Қостанай облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бөлімінің басшысы Гүлнар Бекмұхамедова және «Ауыл» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Алма Күйшинова арнайы барып тұрғындармен кездескен болатын. Облыстық мәслихат депутаты Александра Серғазинова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазба жариялаған болатын. Сөзінше маршрутты оңтайландыру кей тұрғындар үшін көлік қатынасын жақсартса, тағы өзгелері үшін мүмкіндікті шектеді деп жазды.

– Бір жағынан, маршрутты Речная көшесіне дейін ұзарту тұрғындардың бір бөлігі үшін көлік қолжетімділігін шынымен арттырды. Екінші жағынан, Волынов көшесінен Наурыз шағын ауданына дейінгі учаске автобус қатынасынсыз қалды: мұнда ешқандай аялдама да, автобус қозғалысы да жоқ. Нәтижесінде өзгерістер тұрғындарға әртүрлі әсер етті. Әсіресе зейнеткерлер мен кішкентай балалары бар ата-аналар бұны өте қатты сезініп отыр. Тасымалдаушы «Мушинский» ЖШС қосымша бір аялдама қосуға дайын, бірақ қала әкімдігімен жасалған келісімшартта ол қарастырылмағанын айтты, – деп жазды ол.

Мән-жайды анықтау үшін тасымалдаушы «Мущинский» ЖШС директоры Виктор Мущинскийге хабарласқан едік, ол өз тарапынан жауап берді.

– Бұл өзгеріске басында өзім қарсы болған едім. Бірақ өзгерту енгізді. Болар іс болған соң қайтеміз. Бірақ тұрғындар тарапынан шағымдар түсіп жатқаны жасырын емес. Мен қосымша өз тарапымнан ұсынысымды да білдірдім. Мәселен, 24 а деп қосымша автобус шығарып, Речная көшесінен Волынов, Абай даңғылы, Быковский көшелерімен жүргізуге болады, сосын кері қарай. Бұл менің тарапымнан берілген ұсыныс. Әрине, саяжайға баратындарға оңай емес. Егде жастағы кісілер көбіне қатынайды. Нөмірі 24 автобус күніне 64 қатынас жасайды. Көп қой. Сол себепті 24 а деп қосымша қоғамдық көлік шығарып, екі автобусқа жүру кестесін бөліп беруге болады. Жолдары көп. Бірақ ТҮКШ өкілдерінің шешімі солай. Мен бұл салада тәжірибем бар болған соң айтып отырмын. Соңғы аялдама жаққа тұрғын үй салған, 200 пәтерлік. Ол жақтан да адамдар қатынайтыны рас қой. Нөмірі 4-ші автобусты жолға шығаруды жоспарлап отыр. Таңертеңнің өзінде онша көп адам мінбейді. Тіпті қарбалас уақыттарда да сондай. Мен өз ұсынысымды білдірдім, – дейді тасымалдаушы.

Осылайша депутаттар бірлесіп, бұл мәселе маршрут қозғалыс схемасын түзету кезінде жеке экономикалық және құқықтық бағалауды қажет етеді деген ортақ пікірге келді.

ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ…

Депутат жазбасының астына көптеген адам пікір білдерген. Айталық dvoretskaia6496 аты-жөнімен тіркелген адам Маршруттың Гашекаға дейін қысқартылуы әлеуметтік маңызы бар нысандардың (ХҚКӨ, ауруханалар, мектептер) қолжетімділігін бұзғанын жазды. «КЖБИ/Гашек ауданының тұрғындарына жету қиын. Балама 10 және 19 маршруттары Гашекадағы соңғы аялдамаға дейінгі ескі қозғалыс схемасын толық қамтымайды. Теміржол вокзалы ауданынан вокзал мен соңғы аялдаманы тікелей жалғайтын автобус маршруты мүлдем жоқ. Яғни, вокзалға келген тұрғындар мен қала қонақтары, әсіресе жүгі бар адамдар, ауыстырып отыруға мәжбүр. Жақын арада жаңа көпқабатты үйлерге жаңа отбасылар қоныстанады»

Ендігі katerina_shileikina Катерина есімді тұрғын Речная көшесінің тұрғындары қоғамдық көліктен қол үзіп қалғанын жеткізді. Сол аумақта «Мичуринец» бақша серіктестігі орналасқан. Саяжай бірлестігінің мүшелері де бұл өзгерістерге онша разы болмай отыр. antoniikalina есімді адам пкірін білдірді.

«Біз «Мичуринец» бақша серіктестігінің мүшелері №24 маршрутына мұқтажбыз. Көптеген зейнеткерлер мен қарт адамдар осы автобус арқылы өз бақшаларына жететін. Сіздер оларды іс жүзінде балама көліксіз қалдырдыңыздар».

Ал Речная көшесінің тұрғынымын деп пікір білдірген kit.kadri есімді адам төмендегідей пікір қалдырған.

– Мен Қостанай қаласының тұрғынымын, Речная көшесінде тұрамын. Мен мектепте оқимын және машинамен жүру мүмкіндігі болмағандықтан, аялдамаға дейін жиі жаяу жүруге тура келеді. Аялдамаға жету үшін 2 шақырым жаяу жүру керек, қоқыс үйінділері мен бұталар арқылы өтуге тура келеді. Денсаулығы нашар қарт адамдардың қаланың ішіне машинамен шығу мүмкіндігі жоқ, олар да жиі жаяу жүруге мәжбүр. Ал «келесі аялдамаға дейін жаяу барғым келмейді» дейтін адамдар ойлансын: кейбір адамдар тіпті бір аялдамаға жету үшін 2 шақырым жаяу жүреді ғой, – деп жазды ол.

Ал көбісі көршілерінің қарт адамдар екенін жазып, осы жағдайдың ескерусіз қалғанын жеткізді. Егде жастағылар көбіне осы қоғамдық көлікпен бақшаға баратын көрінеді. Енді өзгерістен кейін оларға Маяковский аялдамасынан тағы да жаяу жүруге туралы келеді екен.

Светлана Лукиянова есімді тұрғын дәл осы №24 қоғамдық көліктің өте қажет екенін жазған.

– №24 автобус көзі нашар көретін, науқас адамдар үшін өте маңызды еді, себебі «Көз ауруханасы» аялдамасы бар. Енді олар ауруханаға жету үшін бір квартал жаяу жүруге мәжбүр. Бұл облыстық көз ауруханасы болғандықтан, мұнда облыстың түкпір-түкпірінен адамдар келеді. Қостанайға адамдар теміржол вокзалына немесе «Колос» дүкені мен «Қазтелеком» маңындағы «Газель» аялдамасына келіп түседі. Өкінішке қарай, №19 және №10 автобустар бұл аялдамаларға бармайды. №24 маршрутты Гашек көшесі арқылы «Көз ауруханасы» аялдамасына дейін жеткізуді сұраймыз», – деп пікір қалдырған ол.

Ал Анастасия Гайдук есімді сол ауданның тұрғыны Речной тұрғындары бұл №24 маршрутқа өте мұқтаж дейді. Осылайша қоғамдық көлікті тұрақты түрде, бұрынғыша қалдырауды сұрап отыр. Айтуынша, ең жақын мектеп олардын үш шақырым жерде орналасқан. Жаяу бару ұзақ әрі қауіпті дейді. Ал таксимен күнде қатынауға мүмкіндік жоқ. Мұның сыртында дәріханалар мен дүкендерге қатынау мәселесі барын жеткізіп пікір білдірген. Ал pletun.ya есімді адам өзінің пікірімен қатар ұсынысын да жеткізіп жазған.

– Менің соңғы аялдамам – «Наурызда», №24 маршруттың автобустары әрдайым бірнешеу, кейде 2-3 қатар болып тұрады. Жүргізушілер өзара топтасып, уақыттарын күтіп отырады. Әрдайым ойлайтынмын неге бұл маршрутта соншалықты автобустар көп екен деп. Міне, осы жағдайдан шығудың жолы да бар сияқты. №24 маршрутты Гашек көшесіне қайтаратын болса, келесісін 24 «А» деп белгілеп, Речнойға жіберуге болады. Сонда барлығы да риза болар еді, – деп жазған.

Жазба астында пікірлер сан алуан. Десек те, алдағы уақытта өзгеріс енгізіле ме, жоқ па белгісіз? ТҮКШ бөлімі бұрынғы бағыт қайта оралуы мүмкін екенін жеткізді.

Сералы МЫРЗАБАЙ,
суретті түсірген
Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77