Облыс орталығында көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін қалыпқа келтіру жұмыстары қарқынды. Мұның сыртында арнайы кекітілген дизайн-кодқа байланысты да орталық көшелер көркейе түсуде.
Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бұл жұмыс «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы аясында жүзеге асырылуда. Заңға сәйкес бөлімнің негізгі міндеттерінің бірі – көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеті мен шатырын ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізу арқылы қалаға біртұтас сәулеттік келбет қалыптастыру.
– Соңғы бес жыл ішінде осы бағыттағы жұмыстар Қостанай қаласының келбетін жақсартуға елеулі ықпал етті. Қасбеттер мен шатырларды жөндеу бір жағынан қаланың сәулеттік бірізділігін қамтамасыз етсе, екінші жағынан тұрғын үй қорының пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік беріп отыр, – дейді Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Қуанышбай Аманқұлов.
Бөлім басшысының сөзінше жөндеу жұмыстары ең алдымен қаланың орталық және магистральді көшелерінің бірінші желісінде орналасқан көпқабатты үйлерде жүргізілуде. Өйткені дәл осы ғимараттар қаланың жалпы келбетін айқындайды. Соның бірі – Әл-Фараби даңғылы. Аталған даңғылдың бірінші желісінде орналасқан 29 көпқабатты тұрғын үйдің 23-інде жөндеу жұмыстары аяқталған. Тағы бес үй осы жылғы жоспарға енгізілген. Олар: Әл-Фараби даңғылы, 92, 98, 100, 136 және 138-үйлер. Ал Әл-Фараби даңғылы, 85-үй бойынша күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.
– 2019-2025 жылдар аралығында қала бойынша барлығы 181 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтті. Оның ішінде 77 үйде күрделі жөндеу, 104 үйде ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бұл мақсатқа 7,1 миллиард теңге бөлінген. Бүгінде Қостанай қаласында жалпы 1403 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 290-ы екі қабатты, 64-і үш қабатты, ал 300-ден астамы қаланың бірінші желісінде орналасқан, – дейді бөлім басшысы.
Қазіргі уақытта кейінгі үш жылда жөндеуден өткен 101 көпқабатты тұрғын үй кепілдік мерзімінде тұр. Бөлім тарапынан күрделі жөндеуден өткен 21 нысанға комиссиялық тексеру жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша ақау ведомостері жасалып, анықталған кемшіліктерді жою үшін мердігер ұйымдарға жолданды. Сонымен қатар 80 нысан бойынша ағымдағы жөндеу сапасына тексеру жүргізіліп жатыр.
– Биыл 16 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті мен шатырына жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл мақсатқа жалпы 1,2 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде 8 үйге күрделі жөндеу үшін 934 миллион теңге, 9 үйге ағымдағы жөндеу үшін 280 миллион теңге бөлінген, – дейді бөлім басшысы. Күрделі жөндеу жұмыстары бойынша 2026-2027 жылдарға арналған екі жылдық келісімшарттар жасалды. Осы жылға 479,3 миллион теңге, келер жылға 455 миллион теңге қарастырылған. Оның аясында екі үйдің шатыры жөнделсе, алты үйдің қасбеті мен шатыры толық жаңартылады.
Жұмыс барысында шатыр жөндеу, су ағар жүйелерін қалпына келтіру, қасбеттерді линеарлы панельмен қаптау, алдыңғы беттегі балкондарды әйнектеу, сондай-ақ сәулеттік жарықтандыру орнату көзделген. Биылғы міндеттемелерді орындау мерзімі – рұқсат құжаты алынған сәттен бастап үш айдан бес айға дейін. Келісімшарттарда 36 айлық кепілдік міндеттемелері де қарастырылған.
Қазіргі таңда екі тұрғын үйдің шатырына күрделі жөндеу жұмыстары 20 сәуірден басталса, қалған алты нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары 1 мамырдан қолға алынды.
Ал ағымдағы жөндеу бойынша да екі жылдық келісімшарттар жасалған. Осы жылға 105,4 миллион теңге, келер жылға 174,7 миллион теңге бөлінген. Бұл жұмыстар шеңберінде қасбеттерге сәндік сылақ жағу, декоративті элементтер орнату, балкондарды әйнектеу және қаптау, сәулеттік жарықтандыру жүйесін енгізу жоспарланған.
Қала әкімі Марат Жүндібаев көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары бойынша атқарылған іске баға беріп, алдағы міндеттерге тоқталды.
– 2019 жылдан бүгінгі күнге дейін қалада 181 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтті. Қазір Қостанайда 1400-ден астам көпқабатты үй бар екенін ескерсек, бұл – айтарлықтай нәтиже. Жөндеуге ең алдымен өткен ғасырдың 50, 60, 70-жылдары салынған үйлер алынды. Әсіресе қаланың орталық көшелері мен магистральді жолдарының бірінші желісінде орналасқан үйлерге басымдық бердік. Өйткені дәл сол үйлер қаланың сәулеттік келбетін айқындайды, – деді әкім.
Оның айтуынша, бұл жұмыстар жыл сайын кезең-кезеңімен қаржыландырылып келеді. Мәселен, 2019 жылы 16 үй жөнделіп, оған 356 миллион теңге жұмсалған. Кейінгі жылдары қаржы көлемі ұлғайып отырды. Тек 2022 жылы ғана бұл бағытқа 53 миллион теңге бөлінген. Ал 2024 жылы қаржыландыру көлемі 2,3 миллиард теңгеге жетіп, 49 көпқабатты тұрғын үй жөндеумен қамтылды. Оның алтауы – күрделі жөндеу, қалғандары – ағымдағы жөндеу.
– Өткен жылы негізінен КСК ауданын қамтыдық. Барлық үй толық емес, бірақ негізгі көшелердің бойындағы үйлердің басым бөлігі жаңартылды. Бұл – ауқымды жұмыс. Жұмысты көбіне қостанайлық мердігер ұйымдар атқарды. Басқа өңірден келген компаниялар да болды, бірақ жалпы алғанда елеулі мәселе туындаған жоқ, – деді қала басшысы.
Сонымен бірге әкім 2019-2020 жылдары жөндеуден өткен кейбір үйлерде бүгінде қайтадан ақаулар байқалып отырғанын атап өтті.
– Қазір кейбір үйлерде карниздердің түсуі, бояудың қабыршақтануы сияқты мәселелер бар. Әсіресе ағымдағы жөндеу жүргізілген үйлерде мұндай жайттар кездеседі. Сондықтан біз тек кепілдік мерзіміндегі үйлерге ғана сүйеніп отырмауымыз керек. 2023, 2024, 2025 жылдары жөнделген үйлер кепілдікте тұр. Бірақ бұған дейін жөнделген үйлерге де ағымдағы күтім мен жөндеуге қаржы қарастыру қажет. Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Қажетті қаражат көп емес, оны табамыз. Бұл жұмысты тоқтатуға болмайды, – деді ол.
Қала әкімі жалпы алғанда 2019 жылдан бері тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеуге 7,1 миллиард теңге бюджет қаражаты жұмсалғанын айтты. Биыл 16 көпқабатты тұрғын үйде жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Жалпы құны – 1,2 миллиард теңге. Оның ішінде сегіз үйде күрделі жөндеу, тоғыз үйде ағымдағы жөндеу қарастырылған.
Сералы Мырзабай, сурет “Наш Костанай” газетінің мұрағатынан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
