Қостанайда 4 000-ға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады

Бүгін облыс орталығындағы мектептер өз шаңырағына жүздеген баланы алғаш қабылдап, мерекелік іс-шаралар өткізді

Әнмен өріліп, күймен тербелген шарада ерекше көзге түскен 1-ші және 11-сынып оқушылары. Бұрынғыдай 1-қыркүйек мерекесіне барлық сынып оқушылары қатыспайды. Көп сыныптар бүгін сынып сағатымен шектелді.

Биыл негізі қаланғанына 40 жыл толған Ғ.Қайырбеков атындағы №9 ЖББМ да Білім күні мейрамын ерекше атап өтті. Қостанай қаласындағы алғашқы қазақ мектептерінің бірі ретінде аталмыш білім ордасының мерейі үстем. Жылдан жылға қазақ мектебіне деген сұраныс күшейіп мектептің де өрісі кеңейіп келеді. Оны өз құттықтау сөзінде мектеп басшысы Әсемхан Молдахаликов ерекше атап өтті.

— Биыл мектеп табалдырығын 118 бүлдіршін алғаш аттағалы отыр. Қымбатты бірінші сынып оқушылары, сіздер бүгін үлкен білім атты әлемнің есігін ашып, мектеп деген қасиетті шаңыраққа қадам басып отырсыздар. Қадамдарыңыз нық, армандарыңыз асқақ болсын. Биыл қазақ даласына білім шырағын жаққан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толып отыр. Бүгінгі күн сонысымен де ерекше мәнге ие. Оның “Кел, балалар, оқылық” атты өлеңі өз мәнін ешқашан жоғалтқан емес, — деп мектеп басшысы балаларды ғылым мен білімге ықылас бөлуге шақырды.

Осы сәтте Қостанайдың екінші түкпірінде тағы бір қазақ мектебі салтанатты шара өткізіп жатты. Атап өтпеске болмас, ол Береке шағын ауданындағы нөмірі 31-ші ЖББМ. Бұл қазақ мектебі бала санының көптігімен, әсіресе 1-ші сыныпқа келушілердің санының жылдан жылға артуымен белгілі. Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада аталмыш мектептің екінші жыл қатар жеті 1-ші сынып ашып жатқанын жазған едік. Ол өткен жылмен салыстырғанда биыл 10 балаға көп. Бұл білім ордасына атаулы күні облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов келіп құттықтады.

— Қостанай дарынды балаларымен ерекше. Биыл олар халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 23 медаль жеңіп алды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 медальға көп. Республикалық жарыстарда жүлделі болғандар саны 39-дан 47-ге дейін өсті. Қостанай облысындағы 6 мектеп еліміздің үздік олимпиадалар мектебінің қатарына енгізілді, — деп облыс басшысының орынбасары биылғы жетістіктермен бөлісті және Қостанай өңірінің білім деңгейі мен ҰБТ-дағы жоғарғы көрсеткішін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше атап өткенін мақтанышпен жеткізді.

Ұлту ЖҮЗБАЙ, суретті түсіргендер Әбіл ДОЩАНОВ, Нұржан СМАИЛОВ

 

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.