Қостанайда емханаға тіркелу тәртібі өзгереді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі АМСК ұйымдарына азаматтарды бекіту ережелерінің жаңа редакциясын бекітті. Өзгерістердің басты ерекшелігі – бұрын жыл сайын өткізілетін күзгі бекіту науқанының тоқтатылуы.

Бұған дейін азаматтар емханасын ауыстыру үшін 1 қыркүйек пен 15 қараша аралығындағы арнайы науқанды күтуге мәжбүр болатын. Енді мұндай шектеу болмайды. Азамат медициналық ұйымды жылдың кез келген уақытында таңдай алады. Алайда бір күнтізбелік жыл ішінде емхананы бір реттен артық ауыстыруға болмайды. Бұл талап тұрғылықты жерін ауыстырған немесе бекітілген медициналық ұйымы жабылған азаматтарға қолданылмайды.

Құзырлы орган қызметкерлерінің айтуынша, жаңа ережелер емделушілердің емхананы таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, медициналық ұйымдардағы «қағаз жүзіндегі» пациенттер мәселесін реттеуге бағытталған.

Жаңа ережеде «белсенді емес бекітілу» деген ұғым да пайда болды. Денсаулық сақтау басқармасының Қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Әлия Бекенованың айтуынша, бұл жаңашылдық медициналық ұйымдарда іс жүзінде қызмет алмайтын азаматтар үшін бөлінетін қаржыландыруды нақтылауға мүмкіндік береді.

— Егер азаматтың Қазақстан Республикасында тіркеуі болмаса, жеке куәлігінің немесе төлқұжатының қолданылу мерзімі өтіп кетсе және ол үш жыл немесе одан да көп уақыт бойы медициналық көмекке жүгінбесе, оның емханаға бекітілу мәртебесі автоматты түрде белсенді емеске ауыстырылады. Ол азамат медициналық ұйымға қайта жүгінген жағдайда, оның бекітілуі бірден белсенді мәртебеге көшеді. Яғни бұл норма адамның медициналық көмек алу құқығынан айырылатынын білдірмейді, — дейді ол.

Шетел азаматтарын медициналық ұйымдарға бекіту тәртібі де қайта қаралған. Енді оларды ерікті медициналық сақтандыру арқылы бекіту мүмкіндігі қарастырылмайды. Медициналық қызмет көрсету тиісті сақтандыру және заңнамада белгіленген тетіктер шеңберінде жүзеге асырылады.

— Жалпы, жаңа тәртіптің негізгі мақсаты – азаматтарға медициналық ұйымды таңдауда көбірек еркіндік беру, бекітілу жүйесін нақтылау және денсаулық сақтау ұйымдарына бөлінетін қаржының шынайы пациенттер санына сәйкес болуын қамтамасыз ету. Көпшілік үшін емханаға бекітілу eGov порталы арқылы онлайн жүзеге асырылады, — дейді Әлия Бекенова.

Ал жеке өтінішпен емханаға жүгіну мүмкіндігі әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарға сақталады. Олардың қатарында зейнеткерлер, I топтағы мүгедектігі бар азаматтар, шетелде туған балалар және басқа да азаматтар бар.

Енді емхананы ауыстыру үшін арнайы күзгі науқанды күтудің қажеті жоқ. Азаматтың медициналық ұйымды таңдау құқығы жыл бойы қолжетімді болады.

Жаңа ережелер 2026 жылғы 12 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Ұлту ЖҮЗБАЙ

Суретті түсірген Нұржан СМАИЛОВ

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.