Қостанай қаласында қоғамдық көлікті пайдаланатын әлеуметтік санаттағы азаматтарға қатысты жеңілдік тәртібі қайта қаралуы мүмкін. Қазіргі таңда тиісті өзгерістер енгізу туралы құжат жобасы ұсынылып, Қоғамдық кеңес отырысында мақұлданған. Жобадағы негізгі өзгеріс — мүгедектігі бар адамдарды алып жүретін тұлғаларға тегін жол жүру құқығын беру.
«Қостанай қаласының жекелеген санаттағы азаматтарына жол жүру кезінде жеңілдіктер белгілеу туралы» Қостанай қаласы әкімдігінің қаулысы мен Қостанай қалалық мәслихатының шешіміне өзгеріс енгізу туралы жобаға сәйкес, қоғамдық көлікте жеңілдікпен немесе тегін жүру құқығына ие азаматтардың санаттары нақтылануда. Бұл өзгеріс әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындардың қала ішінде еркін қатынауына мүмкіндік беруді көздейді. Көлік және автомобиль жолдары бойынша сектор басшысы Нұрдаулет Бейсенов бір жарым айлық қоғамдық талқылау барысында ол мәселеге көп өзгерістің енгізілмегенін айтады.
— Әзірге ұсынылған жобаға сәйкес мүгедектігі бар адамдарды алып жүретін тұлғаларға тегін жол жүру құқығын беру мәселесі қарастырылуда. Ол Қоғамдық кеңес отырысында мақұлданды. Талқылау барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды алып жүретін 5 адамнан ғана өтініш түсті. Сондықтан бөлінетін қаражатта үлкен өзгеріс болмайды. Нақты бүгін соммасын айта алмаймын. Жалпы жылма жыл автобуста тегін немесе жеңілдікпен жүру үшін әлеуметтік статусы бар кейбір санаттағы азаматтарға 300 миллион қаржы бөлінеді. Бұл жобаның соңғы нүктесін Қостанай қалалық маслихатының депутаттары қояды. Қай күні екені белгісіз, — дейді Нұрдаулет Бейсенов.
Алдағы уақытта халық қалаулылары оңынан шешсе, қолданыстағы норманың тиісті тармақшасын «мүгедектігі бар адамдарды алып жүретін тұлғаларға» деп өзгерту ұсынылып отыр. Бұл өзгеріс қабылданған жағдайда, мүгедектігі бар азаматтарды алып жүретін адамдар қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігіне ие болады.
Қоғамдық көліктегі жеңілдіктер мәселесі тұрғындар үшін маңызды әлеуметтік тақырыптардың бірі екені белгілі. Сондықтан жаңа құжаттың қабылдануы Қостанай қаласында қоғамдық көлікті пайдаланатын бірқатар азаматтардың күнделікті шығынына оң әсерін тигізуі мүмкін.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Фото «НК» мұрағатынан
