Қостанай қаласының басты нысандарында қауіпсіздік жүйесі тексерілді

Теміржол вокзалы мен әуежай – кез келген қаладағы адам көп шоғырланатын стратегиялық нысандар. Мұндай орындарда өткізілетін антитеррорлық оқу-жаттығулардың мақсаты тек арнайы қызметтердің әрекетін сынау емес, төтенше жағдай кезінде бүкіл қауіпсіздік жүйесінің қаншалықты дайын екенін бағалау. Қостанайда өткен кезекті антитеррористік оқу-жаттығу осы мәселеге қайта назар аудартты.

Қауіпсіздік жүйесі сынақтан өтетін сәт

28 тамызда Қостанай қаласындағы «Қостанай» теміржол вокзалы мен «А. Байтұрсынұлы атындағы «Қостанай» халықаралық әуежайы» АҚ аумағында жоспарлы антитеррорлық оқу-жаттығулар өткізілді. Мұндай іс-шаралар нақты қауіптің болғанын білдірмейді. Керісінше, олардың басты міндеті – шартты лаңкестік сипаттағы қауіп туындаған жағдайда құқық қорғау және арнайы органдардың қаншалықты жылдам әрі үйлесімді әрекет ететінін тексеру. Өйткені төтенше жағдай кезінде шешім қабылдауға бірнеше минуттың өзі әсер етуі мүмкін. Әсіресе вокзал мен әуежай секілді адамдар көп жиналатын нысандарда қауіпсіздік алгоритмдерінің алдын ала пысықталуы маңызды.

Оқу-жаттығу барысында арнайы техникалар мен уақытша тосқауыл бекеттері орнатылып, нысандар маңындағы көлік қозғалысына ішінара шектеулер енгізілді. Жолаушылар мен тұрғындардан мемлекеттік орган қызметкерлерінің заңды талаптарына түсіністікпен қарау, құжаттарды тексеру және жеке заттарды қарау рәсімдерінен өту сұралды.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми сауалымызға жауабында лаңкестік әрекеттердің алдын алу бойынша үздіксіз жұмыстар жүргізіліп жатқанын және бұл бағытта өңірлердегі ахуалдың тұрақты екенін жеткізді. ҰҚК өкілдерінің сөзінше, қоғамның радикалдануына ықпал ететін негізгі құрал ғаламтордағы терроризмді насихаттау көрінеді.

Жалған ақпараттың жазасы қандай?

Ағымдағы жылдың басынан бері облыс аумағындағы мемлекеттік ұйымдарға қатысты мемлекеттік ұйымдарды жалған «миналау» туралы 10-ға жуық хабарлама тіркелген. Қостанай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай хабарламалардың басым бөлігі ұйымдардың ресми мемлекеттік электрондық пошта мекенжайларына жіберіледі. Хабарламаларды таратуда қолданылатын тәсілдерінің бірі – «сватинг».

— Сватинг – бөтен мекенжайға немесе басқа адамның деректерін көрсете отырып, жедел қызметтерді әдейі жалған шақыру. Мұндай әрекеттер құқық қорғау органдарының күшін жұмылдырып, мемлекеттік ұйымдардың жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Аталған құқық бұзушылық Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабымен сараланады. Соған сәйкес, терроризм актісі дайындалып жатқаны туралы көрінеу жалған хабарлама жасау бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғады, — дейді Қостанай облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция майоры Олжас Мағыпаров.

Қазақстан заңнамасында көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Демек, әлеуметтік желідегі кез келген хабарламаны бөліспес бұрын оның қайдан шыққанын және ресми түрде расталған-расталмағанын тексеру өте маңызды.

Төтенше оқиға туралы ақпараттың таралу жылдамдығының өзі қауіп факторына айналуы мүмкін. Оқу-жаттығу кезінде әлеуметтік желілерде «вокзалда төтенше жағдай болды», «әуежайға шабуыл жасалды» немесе басқа да расталмаған хабарламалар тараса, ол тұрғындар арасында негізсіз үрей туғызары хақ. Сондықтан құқық қорғау органдары жалған ақпаратқа сенбеуге және оны таратпауға шақырады.

Полиция жалған хабарламаның әзіл немесе анонимді түрде жасалған әрекет ретінде қарастырылмайтынын ескертеді. Мұндай хабарламаларға байланысты әрбір жағдай тексеріліп, кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Тұрғындар нені білуі тиіс?

Антитеррорлық оқу-жаттығулар туралы сөз болғанда, көбіне арнайы қызметтердің әрекеті ғана назарға алынады. Алайда мұндай жағдайда қарапайым тұрғындардың мінез-құлқы да маңызды.

28 тамыздағы оқу-жаттығу кезінде енгізілген уақытша шектеулер – соның бір мысалы. Сағат 07:00-ден 16:00-ге дейін вокзал мен әуежай аумағында қозғалыс шектеліп, адамдардың құжаттары мен жеке заттарын тексеру жүргізілді.

Күнделікті өмірде мұндай шаралар қолайсыздық тудыруы мүмкін. Алайда оқу-жаттығудың мақсаты да – осындай жағдайларда адамдардың тәртібін, қауіпсіздік талаптарын орындауын және арнайы қызметтердің нұсқауларын қабылдауын пысықтау. Басты қағида – дүрбелеңге берілмеу және тек ресми ақпаратқа сүйену.

Қай жол жабылады? Адамдарды қай бағытпен эвакуациялау керек? Қандай қызмет бірінші келеді? Ақпарат кім арқылы таратылады? Медициналық көмек қалай ұйымдастырылады? Осы секілді ондаған сұрақтың жауабы алдын ала пысықталуы тиіс. Қостанайда вокзал мен әуежайда өткізілген оқу-жаттығуда бұл сұрақ та пысықталды. Негізгі міндеттердің бірі – нақты жағдай туындамай тұрып әлсіз тұстарды анықтап, оларды жою.

Қауіпсіздік саласында «болған жағдайға жауап беру» мен «болуы мүмкін жағдайға дайын болу» арасында үлкен айырмашылық бар. Егер арнайы қызметтер төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ететінін тек нақты оқиға кезінде үйренсе, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан оқу-жаттығулар – қателіктерді қауіпсіз жағдайда анықтауға мүмкіндік беретін құрал.

Сондықтан қазіргі қауіпсіздік түсінігі тек қорғаныс күштерінің дайындығымен өлшенбейді. Оған мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы, арнайы қызметтердің кәсіби дайындығы, маңызды нысандардың қорғалу деңгейі және тұрғындардың ақпараттық сауаттылығы да кіреді.

Қостанайда өткен 28 тамыздағы оқу-жаттығу – қауіпсіздік шараларының көзге көрінетін бөлігі ғана. Оның негізгі мақсаты – төтенше жағдайды күту емес, оның салдарын барынша азайтуға алдын ала дайын болу. Ал бейбіт күндегі осындай дайындықтың ең басты нәтижесі – нақты қауіп туындаған жағдайда уақыт жоғалтпай, жүйелі әрі үйлесімді әрекет ету мүмкіндігі.

Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суреті түсірген
Әбіл ДОЩАНОВ және Полиция басқармасынан

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.