Балабақшадағы бүлдіршіндердің денсаулығы үшін ата-аналар тарапынан туындап жатқан шағым көп

Балабақшаға баратын баланың сырқаттануы – бүгінде көп ата-ананың басты уайымына айналды. «Баламыз енді ғана жазылып еді, бақшаға барған соң қайта ауырып қалды» деген шағымды жиі естиміз.

Бір бала ауырса, араға күн салмай топтағы өзге бүлдіршіндердің де мазасы қашатыны белгілі. Өйткені, балабақша сияқты ортада бір баланың денсаулығы – бүкіл топтың қауіпсіздігі. Олай болса, кішкентай жүректердің ауырмауы үшін кім, нені білуі керек?

Балабақшадағы таңғы қабылдау тәртібі қалай жүреді және мұндағы ата-ана мен маманның жауапкершілігі қандай?

Мұндайда ата-ана «Ауру баланы неге балабақшаға әкелесіз?» деп басқасын айыптайды. Екіншісі «Баланың ауырып тұрғанын көріп тұрып, тәрбиеші неге қабылдады?» деп балабақша қызметкеріне өкпелейді.

Сәбиі сырқаттанған ата-ана да тығырықта қалады. Бірі жұмысынан қалғысы келмейді, енді бірі балаға қарайтын адам таппайды. Ал тәрбиеші болса, баланың нақты не себептен жөтеліп тұрғанын немесе мұрнының неге ағып тұрғанын анықтай алмайды.

Ендеше таңертең бүлдіршіннің науқас екені белгілі болса, оны балабақшаға қабылдамауға бола ма? Мектепке дейінгі ұйымда баланың денсаулығын бақылауға арналған нақты тәртіп бар ма?

Таңертеңгі тексеру – міндетті рәсім

Мамандардың түсіндіруінше, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында бүлдіршіндерді күнделікті таңғы қабылдау жүргізілуі тиіс. Оның барысында баланың жалпы жағдайына, өзін қалай сезініп тұрғанына назар аударылады.

Демек, таңертең баланы ата-анасынан қабылдап алып, бірден топқа кіргізу ғана емес, оның денсаулық жағдайына назар аудару – балабақшадағы күнделікті жұмыстың бір бөлігі.

Балада ауру белгілері болған жағдайда оны топқа қабылдамаудың нормативтік негізі ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Мектепке дейінгі ұйымдарға және балалар үйіне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларында көрсетілген. Оған сәйкес, егер баланың сырқат екені анықталса, мекеме оның денсаулық жағдайы анықталғанға дейін баланы топқа қабылдамауға құқылы, – деп мәлімдеді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досымова.

Мысалы, бала таңертең балабақшаға келді делік. Тәрбиеші оның жөтеліп тұрғанын байқады. Мұндай жағдайда оны бірден топқа қосып жібермей, медицина қызметкеріне көрсету орынды. Ал бүлдіршіннің бөбекжайға жіберілуі немесе жіберілмеуі туралы түпкілікті шешім медицина қызметкерінің құзыретіне жатады немесе ұйымдағы белгіленген тәртіпке сәйкес қабылданады.

Сондықтан ата-ана мен тәрбиеші арасында баланы топқа қабылдауға қатысты сұрақ туындаған жағдайда, мәселені медицина қызметкерінің бағалауымен шешкен абзал.

– Таңертеңгі қабылдау кезінде тәрбиеші баланың сырт келбеті мен өзін қалай сезініп тұрғанына назар аударады: жөтел, мұрынның ағуы, бөртпе, қызу, енжарлық және т.б. Егер тәрбиеші қандай да бір ауру белгілерін байқаса, баланы ата-анасымен бірге балабақшаның медбикесіне жібереді. Медбике баланың жағдайын бағалап, қажет болған жағдайда емханаға баруға кеңес береді. Бұл ретте тәрбиеші диагноз қоймайды және медициналық тексеру жүргізбейді – бұл медицина қызметкерінің құзіреті, – деп түсіндірді қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі бөлім әдіскері Тілеужан Меденқызы.

Бір баланың ауруы – бір топтың мәселесі

Балабақша – бірнеше баланың күн сайын бірге болатын ортасы. Олар бір бөлмеде ойнайды, бірге тамақтанады, ойыншықтарды ортақ пайдаланады. Сондықтан бір сәбидің сырқаттануы тек оның отбасының мәселесі болып қалмайды.

Әсіресе ата-ананың «жұмысқа шығуым керек», «баланы қалдыратын адам жоқ» деген себептері түсінікті болғанымен, бұл жағдай басқа балақайдың денсаулығына тәуекел тудырмауы тиіс.

– Таңертеңгі қабылдау бізде сағат 7:00-ден 8:15-ке дейін жүргізіледі. Осы уақытта тәрбиешілер балаларды қабылдап, олардың жалпы жағдайына назар аударады. Яғни таңертеңгі қабылдау – баланы есіктен кіргізіп, топқа өткізе салатын рәсім емес. Бұл – кішкентай тәрбиеленушілердің жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін алғашқы сүзгі, – деп атап өтті №5 балабақшаның меңгерушісі Динара Досмакова.

Бұл жерде жауапкершілік екі жаққа да ортақ. Балабақша санитариялық және медициналық талаптардың орындалуын қамтамасыз етуі керек. Ал ата-ана бүкіл топтың саулығына жауапкершілікпен қарап, науқас баласын ұжымға әкелмеуге тырысқаны жөн.

Әке-шеше ең алдымен баласының денсаулығына жауапты деп ойлаймын. Жұмыс та маңызды, әрине, бірақ бала ауырғанда оның жанында болып, толық жазылғанша үйде ұстау – әр ата-ананың міндеті. Оның үстіне балабақшада өзге де балалар бар. Бір баланың ауруын бірнеше балаға жұқтырып алуымыз мүмкін. Сондықтан қанша жерден жұмыс, басқа да жағдайлар қысып тұрса да, топтағы барлық баланың қауіпсіздігін бірінші орынға қою керек. Бұл жерде әр ата-ана өз жауапкершілігін түсініп, соны көтере білуі қажет, – деп санайды ата-ана Мақпал Жүсіпова.

Балабақшада жиі кездесетін тағы бір жағдай – ата-ананың баласының жөтелін «Ауырып тұрған жоқ, бұл қалдық жөтел» деп ақталуы.

Мамандардың түсіндіруінше, шынымен де, аурудан кейін жөтел біраз сақталуы мүмкін. Бірақ ата-ана оның расымен қалдық жөтел екенін өз бетінше нақтылай алмайды. Сондықтан сәбиінің жағдайын «қалдық жөтел» деп атау оның айналасындағыларға қауіп төндірмейді деген сөз емес.

«Қалдық жөтел» ауырғаннан кейін біраз сақталатын, жедел қабыну процесі бәсеңдегенде немесе аяқталған кезде жалғасуы мүмкін. Алайда ата-ананың айтқанына ғана сүйеніп, оны жалғасып жатқан немесе жаңа пайда болған инфекция кезіндегі жөтелден нақты ажырату мүмкін емес. Сондықтан ЖРВИ-дан кейін жөтел сақталған жағдайда, инфекциялық қауіптің бар не жоқ екенін медицина қызметкері бағалаған жөн, – деп түсіндірді Гүлім Көптілеуқызы.

Мамандардың айтпағы да осы, бір бүлдіршіннің денсаулығы – бүкіл топтың қауіпсіздігі. Сондықтан сырқаттанған баланы көпшілікке қоспай, балабақшаға толық емделгеннен кейін әкелу – ата-ананың тек өз баласына деген қамқорлығы емес, басқа тәрбиеленушілер алдындағы жауапкершілігі. Ал балабақшадағы таңертеңгілік бақылау – осы жауапкершілікті нақты тәртіппен қамтамасыз етудің тетігі.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суретті түсірген автор

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.