Қостанайда белгілі ақын, жазушы, драматург Ақылбек Шаяхметтің 75 жылдығына арналған «Ұшқыр қалам мен өрелі ойдың иесі» атты әдеби кеш өтті. Рухани жиынға зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, ұстаздар мен студенттер қатысты. Кездесуде мерейтой иесінің әдебиеттегі шығармашылық жолы мен өңірдің мәдени-рухани өміріне қосқан үлесі сөз болды.
Ақылбек Шаяхмет – өлең, проза және драматургия саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қаламгер. Оның «Күлімдейді күніміз», «Гүл мен бидай», «Біздің бақша», «Шынар», «Аяз және Қыдыр» секілді жыр жинақтары оқырманға жақсы таныс.


Кеш барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай мен әдеби сыншы Амангелді Кеңшілікұлы мерейтой иесін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
— Өлең жолдарымен өміріңіз өріле берсін. Сіздің ізіңізбен бізде жүріп келеміз. Сізге музей атынан тарихи кітапты сыйлағым келеді, — деп Ғалым Жайлыбай сый-құрмет жасады.

Әдеби кеш жыр мен естелікке, тағылымды әңгімеге ұласып, жас буынға қаламгердің шығармашылық мұрасын таныстыруға арналды.
Нұрсила Адебова
Суреттерді түсірген автор
