Телефон шырылдайды. Ар жағынан өзін банк қызметкері, полиция немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырған адам сөйлеседі. «Шотыңызға қауіп төніп тұр», «сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр», «SMS арқылы келген кодты айтыңыз» деген сөздерден кейін кейбірі алаяқтың нұсқауын орындап кетіп жатады.
Статистика не дейді?
Қостанай облысында интернет-алаяқтық фактілері азайғанымен, тұрғындарға келтірілген материалдық шығын көлемі әлі де жоғары. Жыл басынан бері өңірде интернет арқылы жасалған 910 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Мәселен, 2025 жылы осы уақыт аралығында 1270 интернет-алаяқтық фактісі анықталған.
Дегенмен санның азаюы мәселенің өзектілігін төмендетпейді. Өйткені биыл алаяқтардың арбауына түскен Қостанай облысының тұрғындары жалпы 1,7 млрд теңгеден айырылған. Полицияның мәліметінше, жедел әрекеттің арқасында 99 жағдайда азаматтардың қаражатын ұрлауға жол берілмеген. Нәтижесінде тұрғындардың 188,6 млн теңгесі қалтасында қалған.
— 2026 жылдың басынан бері Қостанай қаласында алаяқтық фактілері бойынша 106 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Бұл істер бойынша кінә дәлелденіп, материалдар сотқа жолданды. Сонымен қатар қазіргі таңда 100-ден астам қылмыстық іс тергелу үстінде. Жыл басынан бері алаяқтық қылмыстарын жасауға қатысы бар 50-ден астам адам анықталды. Олардың ішінде 16 адам SIM-карталарды активтендірумен айналысқан. Жыл басынан бері WhatsApp-ты фишинг (жалған сілтемелер мен хаттар жіберу тәсілі — авт.) арқылы бұзудың 20-дан астам фактісі тіркеліп отыр, — дейді Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция майоры Олжас Мағыпаров.
Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлерінің қатарында банк қызметкерлері, полиция, байланыс операторлары немесе мемлекеттік органдардың өкілі ретінде хабарласу, сондай-ақ хабарландыру сайттары арқылы жасалатын алдау тәсілдері көп. Сондықтан құқыққорғаушылар бейтаныс адамдардың қоңырауы мен күмәнді сілтемелерге барынша сақтықпен қарауға кеңес береді. Ең бастысы – асығыс шешім қабылдамау, яғни жеке мәліметтерді, банк картасының деректерін және SMS арқылы келген кодтарды ешкімге хабарламаған абзал.
«Бір күнде 6 миллион теңге жинап беремін»
Қырағылық танытпасаңыз, қаражаттан қағылып қалуыңыз мүмкін. Бұған жуырда болған мына жағдай дәлел.
Бір отбасы үйіндегі мүмкіндігі шектеулі балаға арба сатып алу үшін әлеуметтік желідегі жеке парақшасы арқылы халықтан көмек сұраған. Қажетті қаражат қомақты болғандықтан, отбасы бірнеше рет жазба жариялап, қайырымды жандардан қолдау күтеді.
Осыны пайдаланбақ болған азамат көп ұзамай баланың әжесіне хабарласып, өзін блогермін деп таныстырады. Ол отбасына көмектесетінін айтып, тіпті «бір күнде 6 млн теңге жинап беремін» деп сендіреді. Алайда мұндай «көмектің» шарты да бар болып шығады. Блогер қызметі үшін алдын ала 60 мың теңге аударуды талап еткен.
Ұсыныс күмәнді көрінгендіктен, баланың әжесі ақша аударудан бас тартады. Осыдан кейін өзін блогермін деп таныстырған азамат райынан қайтпай, әйелді көндіруге тырысқан. Нәтиже болмаған соң, тіпті қорқытып-үркітуге көшкен.
Бұл оқиға – алаяқтардың адамдардың қиын жағдайын да өз пайдасына жаратуға тырысатынын көрсетеді. Сондықтан әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған кезде де, «жылдам әрі көп ақша жинап беремін» деген ұсыныстарға да сақтықпен қарасаңыз қорлық көрмейсіз.
Қазір домофонды ауыстыруға байланысты алаяқтық тәсіл де көп танылып келеді. Азаматқа жаңа кілт алу немесе мобильді қосымшаны қосу қажеттігін айтып, ұялы байланыс нөміріне келген SMS кодты атау сұралады. Осыдан кейін телефонға басқа «мамандар» хабарласып, адамды несие рәсімдеуге және ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіретін жағдайлар да кездеседі.
Бұдан бөлек, SIM-картаның мерзімін ұзарту, есептегіштерді ауыстыру, сәлемдеме жеткізу және жалған инвестициялық платформалар арқылы ақша тарту сияқты схемалардан сүрініп жатқандар бар. Полиция өкілдерінің сөзінше, хабарландыру сайттарындағы алаяқтықтан да сақ болу қажет. Тауар үшін алдын ала төлем талап ету немесе «төлемді алу» үшін күмәнді сілтемеге өтуді сұрау – алаяқтардың кең тараған тәсілдерінің бірі, дейді олар.

Басты қару — қорқыныш пен асығыстық
Алаяқтар құрбанының жасына қарамайды. Зейнеткерлерге көбіне телефон арқылы хабарласып, қорқыту әдісін қолданса, жастар әлеуметтік желілердегі, онлайн саудадағы және жалған жұмыс ұсыныстарындағы схемаларға жиі тап болады. Жұмыс істейтін азаматтар да алаяқтардың назарынан тыс қалмайды. Оларға банк қызметкері ретінде қоңырау шалып, инвестиция салуды, тауар сатып алуды немесе басқа да қаржылық операция жасауды ұсынады.
— Алаяқтардың негізгі қаруы – адамның эмоциясы. Алаяқтар адамның эмоциясына әсер етуді жақсы меңгерген. Олар жағдайды шұғыл етіп көрсетіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынымен, ақшасынан айырылатынымен немесе шоты бұзылғанымен қорқытады. Кейбірі, керісінше, оңай ақша табуға немесе үлкен пайдаға уәде береді. Адам күйзеліс жағдайында немесе асығыс әрекет еткен кезде жағдайды сыни тұрғыдан бағалауды тоқтатып, қылмыскерлердің талаптарын орындап кетеді, – дейді Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция майоры Олжас Мағыпаров.
Оған мысал, жуырда ел ішінде екінші деңгейлі банк қосымшалары арқылы тұрғындар алған «неке куәлігін ұзарту» хабарламасы. Әр адам әртүрлі реакция жасады, яғни бірі расында сеніп 21 мыңнан аса қаражатты алаяқтардың қолына ұстатса, енді бірі хабарламаның рас-өтірігін тексеруге кіріскен.
SMS-кодты айтып қойсаңыз, бірден несие рәсімделе ме?
Бұл – тұрғындарды алаңдататын сұрақтардың бірі. Алаяқтар SMS-кодты сұрап, кейін өздерін полиция немесе басқа орган қызметкері ретінде таныстырып, адамды одан әрі қорқытуы мүмкін. Алайда бір реттік SMS-кодты айтып қоюдың өзі алаяқтарға автоматты түрде несие рәсімдеуге мүмкіндік бермейді. Полиция өкілдері, бұл көбіне адамның психологиялық қысымға түсуіне бағытталған тәсіл екенін айтады. Сондықтан мұндай жағдайда дүрбелеңге салынбай, әңгімені тоқтатып, банкке өзіңіз хабарласқан жөн.
— Ақша аударып қойсаңыз – бір минут та жоғалтпаңыз. Алаяқтарға ақша аударылып кеткен жағдайда уақыт жоғалтпау өте маңызды. Бірінші кезекте банкке хабарласып, картаны немесе шотты бұғаттау қажет. Күдікті операция туралы айтып, аударымды тоқтатуға әрекет жасаған жөн. Содан кейін полицияға жүгіну керек. Полицияға телефон нөмірлері, хат алмасу, банк түбіртектері, сілтемелер мен скриншоттарды ұсыну маңызды. Неғұрлым ерте хабарлассаңыз, ақшаны бұғаттап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары, — дейді полиция өкілі. — Егер жәбірленуші ақша аударғаннан кейін бірден жүгінсе, кей жағдайда қаражатты жедел бұғаттап, иесіне қайтаруға мүмкіндік болады. Өкінішке қарай, алаяқтар ақшаны бірнеше шот арқылы өте жылдам аударып немесе шетелге шығарып жіберуі мүмкін. Сондықтан бұл жерде көп нәрсе азаматтың қаншалықты тез әрекет ететініне байланысты.
Алаяқтардың «жұмыс жүйесі» өзгеріп отыратыны белгілі. Сондықтан полиция жаңа тәсілдерді талдап, халық арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ескерту жұмыстарын күшейтіп жатқанын айтады. Дегенмен ең сенімді қорғаныс – азаматтың өз қырағылығы. Телефонның ар жағындағы адам өзін кім деп таныстырса да, ақша мен жеке деректерге қатысты мәселе көтерілген сәтте асықпау, тексеру және ресми арна арқылы қайта байланысқан артықтық етпейді. Өйткені алаяқтың ең басты мақсаты – адамды қорқытып немесе қызықтырып, ойлануға уақыт бермеу. Ал бірнеше минуттық сабыр кейде миллиондаған теңгені сақтап қалуы мүмкін.
Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суреттер ғаламтор желісінен және Полиция басқармасынан
